Kyzylorda-news.kz Көптеген қазақстандықтар бос уақыттарын сауда және ойын-сауық орталықтарында өткізеді: киноға барады, сауда жасайды, достарымен кездеседі немесе бүкіл отбасымен келеді. Мұндай нысандар тек сауда орны ғана емес қала инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналды: бұл мыңдаған адамдардың күнделікті келетін орны. Осыған байланысты мұнда қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығады.
Fingramota.kz сауда және ойын-сауық орталықтары үшін өрттен міндетті сақтандыру ережелерін еске салады.
2025 жылғы 24 маусымда осындай нысандардың иелері үшін жаңа ереже енгізетін маңызды заңға қол қойылды: ендігі жерде олар үшін өрттен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болып табылады. Бұл шешім сауда орталығына келушілердің, жалға алушылар мен қызметкерлердің өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауға арналған.
Заңға сәйкес, ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда және ойын-сауық орталықтарының, сондай-ақ тізбесін Төтенше жағдайлар министрлігі айқындайтын басқа да нысандардың иелері сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Егер бұрын бұл ерікті түрде жасалатын болса, енді келісімшарт болмаса мұндай нысанның қызметіне рұқсат берілмейді.
Бұл не үшін қажет?
Бұл ережелер адамдар жаппай келетін ғимараттардағы адамдардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауға бағытталған. Өрт шыққан жағдайда зиянның ауқымы бизнес үшін, сондай-ақ қарапайым келушілер үшін де өте үлкен болуы мүмкін.
Бұдан былай сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге зиянды өтеу бойынша міндеттеме алады. Бұл:
• сауда орталықтары мен кинотеатрларға келушілерге;
• үй-жайларды жалға алушыларға;
• ғимаратта орналасқан ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты.
Сақтандыру қандай сомаларды қамтиды?
Заң сақтандыру сомасы мен төлемнің ең төмен мөлшерін белгілейді.
• Шарт бойынша жалпы сақтандыру сомасы - кемінде 75 000 АЕК (шамамен 295 млн теңге).
• Бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген залал — 1 500 АЕК-ке дейін (шамамен 5,9 млн теңге).
• Өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян:
қайтыс болған жағдайда - 5 000 АЕК (19,7 млн теңге);
I топтағы мүгедектік - 4 000 АЕК (15,7 млн теңге);
II топтағы мүгедектік - 3 000 АЕК (11,8 млн теңге);
III топтағы мүгедектік - 1 500 АЕК (5,9 млн теңге);
балаға мүгедектік белгіленген кезде - 3 000 АЕК (11,8 млн теңге); мүгедектіксіз жарақат алу немесе мертігу - емдеуге жұмсалатын нақты шығыстар, бірақ 750 АЕК (2,9 млн теңге) аспайды.
Мынадай жағдайды елестетіп көрейікші: ірі сауда орталығында электр сымдарының тұйықталуына байланысты өрт шықты. Келушілердің бір бөлігі жарақат алды, ал жалға алушылардың дүкендері тауардың зақымдануынан зардап шекті.
Бұрын зардап шеккендер ғимарат иесімен соттасуға мәжбүр болатын және процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін еді. Енді сақтандыру шарты болған жағдайда, зардап шеккендерге төлемді сақтандыру компаниясы өтейді және заңда белгіленген мерзімде жүргізеді.
Шартты қалай жасауға болады?
Сақтандыру шартын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар жалпы сақтандыру бойынша 15 сақтандыру компаниясының кез келгенінде ресімдеуге болады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен бекіткен үлгі шарт негізге алынады. Сақтандыру сыйлықақысының сомасын (яғни сақтандыру құнын) сақтандыру компаниясының өзі айқындайды және шартта көрсетіледі.
Бизнес үшін бұл қосымша шығысқа әкеледі, бірақ сонымен бірге үлкен қаржылық тәуекелдерден де қорғайды. Өрт болған жағдайда кәсіпкер зардап шеккендермен және олар қоятын шағым-талаптармен бетпе-бет қалып кетпейді.
Қазақстандықтар үшін бұл – кепілдік: адамдар төтенше жағдайда өтемақы алатынын, ал олардың құқықтары заңмен қорғалатынын білетін болады.
Келушілерге арналған кеңестер: өзіңізді қалай қорғауға болады?
Сақтандыру мүлік иелерінің міндеті болғанымен, келушілердің де мұқият болуы маңызды:
• ғимаратқа кірген кезде эвакуация жоспары мен апаттық шығу жолдарын қараңыз;
• егер сіз іс-шараларға қатыссаңыз, билеттер мен чектерді сақтаңыз — бұл сол жерде болу фактісін растайды;
• тұтынушының қауіпсіздік бұрыштарындағы ақпаратты тексеріңіз немесе тікелей әкімшіліктен сұраңыз;
• өз құқықтарыңызды біліңіз: өрт немесе басқа төтенше жағдай кезінде сіздің өтемақы алуға құқығыңыз бар.
Өрттен міндетті сақтандыру – бұл бизнестің жауапкершілігін және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қадам. Сауда орталықтары мен ірі нысандардың иелері төтенше жағдайдың алдын алуға ғана емес, оның салдарын өтеуге де дайын болуы керек.
Келушілер үшін бұл бір нәрсені білдіреді: күтпеген жағдай туындаған жағдайда мемлекет сақтандыру тетіктері арқылы қолдауға кепілдік беретінін біле отырып, өзіңізді қауіпсіз сезінуге болады.
Өзіңізге, жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фото: fingramota.kz