Kyzylorda-news.kz Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Салық кодексіндегі басты жаңалықтардың бірі ретінде кәсіпкерлердің банктік шоттарын автоматты түрде бұғаттау тәжірибесінен бас тартуды атады

Министрдің айтуынша, енді автоматты бұғаттаудың орнына алдын ала камералдық тексеру форматы енгізіледі. Бұл кәсіпкерлерге шаруашылық қызметіне нұқсан келтірместен анықталған кемшіліктерді уақтылы түзетуге мүмкіндік береді.

«Қарастырылған өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Салық есептілігін азайту және салықты азайту бизнеске қағазбастылыққа емес, дамуға назар аударуға мүмкіндік береді. Шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту – әділ және ашық қарым-қатынасқа қарай жасалған маңызды қадам. Мемлекет компаниялардың жұмысын тоқтатудың орнына мәселені шешуге көмектеседі. Мұндай шаралар мемлекет пен кәсіпкер арасындағы диалогты нығайтып, қолайлы инвестициялық ахуал туғызады», – деді Мәди Такиев.

Оның сөзінше, салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр. Реформа шеңберінде салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу көзделген.

Жаңа кодекс азаматтарға да бірқатар жеңілдіктер ұсынады. Мәселен, зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, 10 жылдан асқан автокөлікке салынатын салық төмендетіледі. Мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімдері кеңейтіледі, әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметке қосылған құн салығы бойынша жеңілдік қарастырылған.

Ал бизнес үшін арнайы салық режимі оңтайландырылды: енді тек үш түрі қалады – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін шағын бизнеске және фермерлерге арналған режим.

Сонымен қатар, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 70 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендейді.

Айта кетейік, Серік Жұманғарин Салық кодексі бойынша медиа мен әлеуметтік желілерде шыққан тізімнің жалған екенін айтты.

Фото: pexels.webp

Тағы да оқыңыз: