Kyzylorda-news.kz Қазақстандағы инвесторлар бүкіл әлемдегі инвесторлар сияқты инвестициялау кезінде бірнеше тәсілдерді қолданады. Пассивті инвестор нарықты зерделеуге уақытын аз жұмсайды, тиісінше өз капиталын да қалыпты қарқынмен толықтырып отырады. Активті инвестор нарыққа барынша көп қатысады және соның арқасында ақшаны да көп табады.
«Сатып ал да ұстап тұр» (buy and hold)
Пассивті инвестициялар инвесторға өз күшін, ресурстары мен уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді және ол нарық жөнінде көп білімді қажет етпейді. Бұл стратегияны стратегиялардың ішіндегі ең қарапайымы деп санауға болады. Пассивті инвестициялаудың басты мақсаты – сенімді құралдардан тұратын түрлі портфельдер қалыптастыру және оны ұстап тұру, мұндай портфельдер уақыт өте келе өсіп, тұрақты кіріс әкеліп тұрады. Бұл стратегияны ұстанатын инвестор өз ақшасының құнсыздануына жол бермеуге және бағалы қағаздар бүкіл нарықтағы қалыптасқан жағдайда көп кіріс әкелеуге мүмкіндік беретіндей әрекет етеді.
Оған қол жеткізудің неғұрлым қарапайым және қолжетімді тәсілі –индекстік қорларға инвестициялау. Индекстік қор бұл түрлі компаниялардың активтерінің тізімі. Ол бір елдің немесе жеке бір саланың ірі компанияларының қағаздарының бірнеше санынан тұруы мүмкін.
Индекстік қорлар инвестициялық пай қорларына ұқсас болады және инвесторларға азғантай бағаға кеңінен әртараптандыру мүмкіндігін береді. Пассивті инвесторға жеке акциялардың талдауын жүргізу қажет емес. Ол бір мәмілемен биржалық қордағы өз үлесін сатып алады да ақшасының ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді
Мысал ретінде белгілі миллиардер әрі филантроп Уоррен Баффеттің стратегиясын келтіруге болады, оның тәсілі акцияларды сақтаудың оңтайлы мерзімі – шексіздік. Уоррен Баффет сонау 1988 жылы Coca-Cola компаниясының акцияларында өз позициясын ашқан және осы уақытқа дейін осы брендтің бір де бір қағазын сатқан жоқ. «Омахадан шыққан Сәуегей» деген лақап атқа ие болған миллиардер және филантроп болашаққа көз тігіп, жылдар бойы кіріс әкелетін индустриялық тұрғыдан тиімді трендтерді табуға тырысады.
Пассивті стратегия кезінде компанияның бизнесін зерттеу және оның болашағын анықтау өте маңызды, сонымен қатар маңызды талап – үнемі дивидендтер төлеп отыру. Сондай-ақ пассивті инвестициялау экономиканың технологиялық, өндірістік, энергетикалық, өнеркәсіптік немесе басқа секторларын бақылап отыратын қорларға салынатын инвестицияларды көздейді. Бұл ретте, табысты пассивті инвестициялаудың басты талаптарының бірі – әртараптандыру екенін қоса айту керек. Пассивті инвестор үшін ақшаны пайда түсетін идеяларды болжаудан гөрі, түрлі активтер қоржынына бөлу маңыздырақ.
Пассивті түрде инвестициялаудың оң және теріс жақтары:
Артықшылықтары:
- Комиссиялар мен салықтардан үнемдеу;
- Жаңадан бастаған инвесторлар үшін қолжетімділік;
- Тәуекелдердің төмендігі;
- Басқа жұмыспен қатар атқаруға болады;
- Алыпсатарлық аз.
Кемшіліктері:- Жоғары кірісті мүмкіндіктер аз;
- Икемділік аз;
- Нарықтық құлдырау кезінде әрекетсіздік басым.
«Әрдайым дайын бол»
Активті немесе «агрессивті» тәсіл инвестордың өзі процеске үнемі қосылып, ақшаны өзі басқарады деп болжайды: ол нарықты, жаңалықтарды өзі бақылайды, процестерді, жаңалықтарды талдайды, бағалы қағаздар мен мәмілелер жасау сәттерін таңдайды. Бұл стратегия тәжірибелі инвесторлар үшін қолайлы, мұнда техникалық және толық талдауды білу және сауда платформасын жақсы меңгеру, тәуекелдерді басқару және капиталды басқару дағдылары маңызды.
Белсенді инвестициялаудың басты мақсаты – нарықтан жоғары деңгейде кірістер алу және мүмкіндігінше оны басып озу. Белсенді инвестор негізгі индекстерден озып кетуге тырысады.
Белсенді инвесторларға арналған стратегиялар жағдайында активтер себеттері инвестициялау кезеңінде айтарлықтай түзетулерге ұшырауы мүмкін. Бірақ бұл ретте қағаздармен операциялар жиі жүргізіледі, тұрақты емес, сонымен қатар нарықтық жағдайдың немесе басқа факторлардың өзгеруіне деген реакция болып табылады.
Активті түрде инвестициялаудың артықшылықтары мен кемшіліктері:
Артықшылықтары:
- шексіз пайда әлеуеті;
- икемділік;
- инвестициялауды негізгі іс және негізгі кіріс деп қарастыру керек;
Кемшіліктері:- комиссиялар және салықтардың болуы;
- жоғары тәуекелдер;
- процесс қиындығы.
Сондай-ақ, инвестициялар бірнеше белгілер бойынша жіктеледі, мысалы: инвестициялау мерзімі (қысқа, орта және ұзақ мерзімді), қажетті кірістілік және тәуекелдің рұқсат етілген деңгейі, басқару әдісі, инвестордың белсенділігі.
Стратегияның тағы да қандай түрлері бар?
Инвестициялаудағы басқа да стратегияларды атап өтуге болады, мысалы – ақша құнын орташа ету стратегиясы (money-cost averaging). Бұл стратегия қарапайым стратегияға жатады және бос капиталға ие немесе үнемі қосымша салым жасай алатын инвесторларға анағұрлым сай келетін тәсіл. Стратегияның мәні нарықтық жағдайға қарамастан, белгіленген кезеңділікпен немесе баға белгілеулерінің белгілі бір өзгеруімен акцияларды сатып алу. Нәтижесінде инвестор бағалы қағаздар пакетін орташа бағамен алады. Осының арқасында пакет ұстаушы жоғары кірістілікке ие болады.
Дивидендтік стратегия. Бұл стратегия да қарапайым стратегияға жатады. Ол бойынша портфельге акционерлерге пайданың бір бөлігін тұрақты төлейтін эмитенттердің қағаздары ғана енгізіледі.
Құнды инвестициялау. Бұл стратегия ең тиімді, бірақ сонымен бірге жеткілікті деңгейде күрделі стратегиялардың бірі болып табылады. Стратегиялардың мәні - жақсы акцияларды ыңғайлы бағамен сатып алу. Бұл тәсіл бағасы олардың нақты құнынан төмен активтерді таңдауды білдіреді.
Ірі компанияларға инвестициялау. Стратегия эмитенттердің барынша жоғары нарықтық капитализациясы бар бағалы қағаздарын сатып алуды қамтиды. Стратегия қарапайым және мыналарды көрсететін статистикалық мәліметтерге негізделген:
- тұрақты экономика кезеңінде дәл осы компаниялар индекстің өсуін анықтайды, бұл инвестордың үлкен нарыққа шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді;
- рецессия мен дағдарыстың даму кезеңдерінде олар бағалы қағаздарды ұстаушылардың шығындарын едәуір азайта отырып, барынша тұрақтылықты көрсетеді.
Атап өткіміз келетін соңғы стратегия – Гринблаттың «сыйқырлы формуласы» бойынша инвестициялау. Бұл стратегия құнды инвестициялаудың нұсқасы болып табылады, бірақ сатып алуға арналған акцияларды таңдау әдістемесімен ерекшеленеді. Бағалау капитал рентабельділігі (ROC) мен кірістілік сияқты екі көрсеткіштің негізінде жүргізіледі. Компанияны таңдау төмендегідей жүргізіледі:
Компаниялар үшін капитал рентабельділігі мен кірістілік көрсеткіштері есептеледі.
Компаниялар көрсеткіштердің кемуі бойынша ранжирленеді (бөлек 2 тізім жасалады).
Рентабельділігі жоғары компаниялар 1 балл алады, әрбір келесі компания үшін баға өседі. Кірістілік тізіміндегі компаниялар осыған ұқсас бағаланады.
Әрбір компанияға берілген баға жинақталады. Сатып алу үшін эмитенттердің ең аз жиынтық көрсеткіштерден тұратын 25-30 акция таңдап алынады.
Барлық жоғарыда көрсетілген стратегиялар аса жоғары емес тәуекел деңгейлері жағдайында салыстырмалы түрде жоғары кірістілікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл стратегиялар қалыпты және консервативті нұсқаларға жатады.
Акциялармен сауда жасау жөніндегі барлық стратегиялардың олардың қандай да бір топқа тиесілі болуына қарамастан мынадай негізгі 2 мәселені шешуі керек екенін атап өту қажет:
- Сатып алу/сату үшін активтерді таңдау.
- Инвестициялаудың тұтастай кезеңінде портфельді басқару қағидаттары.
Қарапайым инвесторлар үшін ненің барынша қолайлы болатынына келсек, нарықтағы білікті мамандар сапалы пассивті портфель құруды ұсынады. Содан кейін қаласаңыз, жоғары кірісті құралдар үшін капиталдың біраз бөлігін бөлуге болады. Қалған стратегиялар үшін инвестор тәжірибелі және білімді болуы керек.
Портфельді белсенді басқару немесе трейдинг көп білім мен дағдыларды қажет етеді. Нарықты талдау мен зерттеуге көп уақыт қажет. Бұл барлық инвесторға сәйкес келе бермейді. Жалпы, жоғарыда аталған стратегиялардың қайсысы қолайлы екенін таңдау – бұл инвестордың жеке таңдауы. Бұл тұрғыда бәрі инвестордың өзінің қалауына байланысты.
Fingramota.kz-пен бірге инвестициялық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фото: Fingramota.kz