Kyzylorda-news.kz IPhone-ның әрбір жаңа түрі шыққан сайын мұндай гаджеттерді сатып алуға кезекке тұратындардың саны ғана емес, оларды сатумен байланысты алаяқтық схемалар да пайда болады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде күннен күнге танымал болып жатқан қаржылық алаяқтықтың жаңа бір түрі – «Көтерме бағаға 16- iPhone» схемасы.
Бұл схема қалай жұмыс істейтіні, неге қауіпті және алаяқтардың айла - шарғыларына түспеу жолдарын Fingramota.kz-пен қарастыралық.
Алаяқтар көтерме бағамен жаңа iPhone-ның ірі партияларына инвестиция салуды ұсынады, олар қайта сатудан артық пайда табуға уәде береді. Алайда, схема қаржы пирамидасының классикалық қағидаттарына негізделген: ескі қатысушыларға төлемдер жаңадан келген қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылады.
1. Инвесторлар тарту
Қаскүнемдер әлеуметтік желілерде (Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте) және тақырыптық форумдарда «бизнес-мүмкіндікті» белсенді жарнамалайды. Олар азаматтарға 16-iPhone-ды нарықтық бағадан 30-50% төмен бағамен жаппай сатып алу мүмкіндігін, оларды қайта сатудан оңай кіріске кенелуге және мәміле бұзылған жағдайда ақшаның қайтарылатынына кепіл береді.
Алаяқтар адамдарды бұл науқан «уақыт күттірмейтін және мерзімі шектеулі» деп сендіріп, тез арада инвестиция құю қажет деп асықтырады.
2. Шынайы бизнес елесін жасау
Алаяқтар сенімді көріну үшін жалған құжаттар жасап, әлеуетті инвесторларға қытайлық немесе араб жеткізушілерімен жасалған мәмілелерді, «сәтті аударымдардың» скриншоттары және сатып алынған iPhone-ның фотосуреттері бар чаттардағы жалған пікірлерді (көбінесе интернеттен жүктелген суреттер) алға тартады. Әдетте, алғашқы қатысушыларға ұйымдастырушылар уәде етілген кірісті өз қаражатынан төлейді немесе тіпті заңды болып көріну үшін бірнеше смартфон жібереді.
Бұлар «сынап көрейінші» деп, ең аз сома салған «біріншілер». Шабыттанған салымшылар барынша көп қатысушыларды, оның ішінде жақындары мен таныстарын тарта бастайды.
3. Дүрбелең туғызып, құрбандарына қысым жасау
Ақшаны тез арада жинап алу үшін, алаяқтар даурықпа ұрандарды пайдаланады, мысалы: «Акция жүріп жатыр, тек 20 орын!», «Тиімді бағаны пайдаланып қалуға екі сағатыңыз ғана қалды!», «Ертең гаджеттердің бағасы көтерілмек, ақша тауып, алып үлгер!» және т.б. Осылайша, адамдар осындай мүмкіндіктен айырылып қалмас үшін ақшасын қалай салып жібергендерін байқамай да қалады.
Бұл сатыда сыйақы жаңа қатысушыларға өз қаражатынан емес, жаңадан келгендердің есебінен төленеді.
4. Ақшаны шығарып алу және схеманың күйреуі
Алаяқтар көп мөлшердегі сома мен белгілі бір қатысушылар санын жинап алғанда, байланысқа шықпай қояды, олардың Telegram-арналары мен чаттары жоғалып кетеді, ал кім ақша салды ол сыйақысыз қалады, сондай-ақ өз ақшасынан айырылады.
Неліктен бұл қаржы пирамидасы?
1. Нақты тауар жоқ – гаджеттерді сатып алу жүргізілмейді, ал төлемдер жаңа салымшылар есебінен жасалады.
2. Жылдам және жоғары табыс табуға уәде беру – негізінде бизнесте гаджеттерді қайта сатуда мұндай пайыздар болмайды.
3. Агрессивті маркетинг және дүрбелең туғызу – «мүмкіндікті жіберіп алмау» бойынша дүрбелең туғызу, өз мүмкіндігін жіберіп алмауға шақыру және «эксклюзивті қол жетімділікке» уәде беру.
4. Ресми құжаттардың болмауы – іс жүзінде жұмыс істеп тұрған компанияның заң деректерінің, шарттар мен келісімшарттарының болмауы, көбінесе алаяқтар «уағдаластық» бойынша инвестиция салуды ұсынады.
Мұндай схемалар сараң және осындай мүмкіндікті жіберіп аламын деген қорқынышы бар адамдарға негізделген. Осы жағдайда, адам неғұрлым тез шешім қабылдаса, оның алданып қалу қаупі көбірек болады.
Бұл схеманың қандай түрлері бар?
Алаяқтар алдау тәсілдерін жиі өзгертеді, бірақ мақсаты өзгермейді. Жиі қолданылатын бірнеше түрінен мысал келтірейік:
«Эксклюзивті жеңілдікпен алдын ала тапсырыс беру»
Алаяқтар iPhone 16 смартфонына эксклюзивті алдын ала тапсырыс бере алатындарын жариялайды. Сатып алушыларға оның құнының 50-70%-ын алдын ала төлеп тастайды ұсынады. Ақша аударылғаннан кейін алаяқтар іздерін суытады.
«Apple серіктестерінің жеткізіп беруі»
Алданған адамға оның «дилер» бола алатынын және гаджеттерді көтерме бағада сатып алу мүмкіндігінің бар екенін хабарлайды. Бар болғаны «сақтандыру депозитін» немесе «паушалдық жарна» енгізу керек.
«Артық төлемсіз, зауыттан тікелей жеткізілетін iPhone 16»
Алаяқтар iPhonе смартфонына тікелей Foxconn зауыттарынан немесе Дубайдан тапсырыс бере алатындарын, онда оның бағасының арзан екенін айтады. Сатып алушылар алдын ала төлемді жібереді, бірақ оларға ешкім смартфон әкеп бермейді.
Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
Жоғары пайда табу туралы уәделерге сенбеңіз. Егер сізге бір-екі айда 30-50% табыс табу туралы уәде берсе – бұл 100% алаяқтық.
Құжаттар мен компанияны тексеріңіз. Нағыз жеткізушілер «Telegram-да достасу арқылы» емес, ресми шарттар негізінде жұмыс істейді.
Бөтен адамдарға ақша аудармаңыз. Оларға жазылған адамдар немесе жағымды пікірлер көп болған жағдайдың өзінде бұл жалған нәрсе болуы мүмкін.
Алдын ала төлемге байланысты схемаларға жоламаңыз. Нақты бизнесте мәмілелер кепілдіктер беретін ресми платформалар арқылы жүреді.
Интернеттегі ақпаратты тексеріңіз. Пікірлерді оқып отырыңыз, бірақ олар аляқтардың сайттары мен әлеуметтік желілерінде емес, тәуелсіз форумдарда болуға тиіс. Егер схема танымалдылыққа ие болса, адамдар ол туралы әшкерелеу форумдарында жазуы да мүмкін. Сондай-ақ, ұйымды «Baiqa, piramida» Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-ботының көмегімен қаржы пирамидасының және алаяқтықтың белгілерінің бар-жоқтығы бойынша тексеруге болады.
Ақшаны аударып қойған жағдайда не істеу керек?
Егер сіз ақшаны аударып қойған болсаңыз, бірінші кезекте сіз дереу банкке немесе аударымды жүзеге асыратын компанияға хабарласуыңыз қажет. Оларды болған оқиға туралы ескертіп, ақша қаражатының транзакциясын тоқтата алады ма, жоқ па соны анықтап алыңыз. Содан кейін тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша құқық қорғау органдарына ресми өтініш жазыңыз – алаяқтар көп жағдайда іздерін қалдырып кетеді, әсіресе сома ірі болса.
«Көтерме бағамен iPhone 16» схемасы – бұл жаңа гаджерттердің шулы атын қолдануға бейімделген қаржы пирамидасы. Ол эмоциямен жұмыс істейді: адамдар тиімді ұсынысты жіберіп алудан қорқады да инвестиция жасауға асығады. Мұқият болыңыз: егер сізге тәуекелсіз ақша табуды, эксклюзивті жеңілдіктерді және кепілдік берілген табысты ұсынса бұл алдау екенін біліңіз.
Ақпаратты тексеріп отырыңыз, абыр-сабырға алданбай, бейтаныс адамдарға ақша жібермеңіз.
ҚР ҚК 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құрғаны үшін мүлікті тәркілеумен, сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойынша айырумен он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілігі көзделгенін атап өтеміз. Сонымен бірге ҚР Қылмыстық кодексінің 217-1-бабына сәйкес, қаржылық пирамиданы жарнамалағаны үшін, оның ішінде айтарлықтай залал келтіре отырып, ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары немесе интернет арқылы таратқаны үшін екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген.
Достарыңыз алаяқтардың қармағына ілінбеуі үшін, олармен осы ақпаратты бөлісіңіздер!
Фото: fingramota.kz