Kyzylorda-news.kz  Ағымдағы жылдың тамыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк омбудсманының қызметіне қатысты қаулы қабылдады.  2024 жылғы  21 желтоқсаннан бастап банк омбудсманының өкілеттілігі кеңейтіледі.

Қыста бізді қандай заңнамалық жаңалықтар күтіп тұрғаны және қарыз алушылар одан не ұтатыны жөнінде  Fingramota.kz. айтып береді. 

«Банк омбудсманын сайлау, оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтату және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы №53 қаулысы Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңды іске асыру үшін қабылданған. 

Мәселен, заңда банк омбудсманы ағымдағы жылғы 21 желтоқсаннан бастап барлық қарыздар, оның ішінде тұтынушылық қарыздар бойынша дауларды қарайтын болады деп көзделген. Осы уақытқа дейін банк омбудсманы қарыз алушылар мен банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы ипотекалық шарттар бойынша ғана келіспеушіліктерді реттеумен айналысуды жалғастырады. Бұл жұмысты ол 2011 жылдан бері жүргізіп келеді.

Банк омбудсманы қазір қандай дауларды шешуде?

Банк омбудсманы – бұл өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға және заң бойынша банктер оның шешімдерін орындауға міндетті. Қазіргі уақытта ол қарыз алушы-жеке тұлғалар мен банктер арасындағы ипотекалық қарыз шарттары бойынша дауларды сотқа жеткізбей шешеді. Омбудсманның өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңында жазылған.

Банк омбудсманының офисінде азаматтар қарыздардың барлық түрлері, банк өнімдері жөнінде кеңес ала алады. 

Банк омбудсманы қарыз алушылар мен банктерге өзара ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде әрекет етеді. Егер банк ипотекалық қарыз шартының талаптарын немесе заңды бұзған жағдайда банк омбудсманы көмекке келеді.  Мысалы, банк ипотека бойынша пайызды көтерді делік, оның салдарынан сіздің ай сайынғы төлеміңіз де  көтерілді. Немесе кредит бойынша төлем мерзімін  өткізу мәселелері жөнінде, қиын қаржылық жағдайға душар болған, оның ішінде алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге байланысты іс-әрекеттер алгоритмі және тағы басқалар жөнінде кеңес береді.

Қаржы ұйымдарының клиенттері үшін омбудсманының қызметтері тегін.

Бұл ретте, банк омбудсманы  аралық немесе азаматтық сотты ауыстырмайтынын атап өткен жөн. Банк омбудсманы институты ипотекалық қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуге қатысты қарыз алушылардың өтініштері бойынша нақты ұсынымдар әзірлейді. Ол сондай-ақ келіссөздер процесінде білікті кеңесші бола отырып, тараптардың кездесулері мен келіссөздерін ұйымдастыруға көмектеседі.

Келіспеушіліктерді реттеу бойынша отырыстар мен кездесулер Алматыдағы банк омбудсманының офисінде өтеді. Қажет болған жағдайда, Банк омбудсманы сол жерге бара отырып, өтінішті қарай алады, сондай-ақ кездесулерді онлайн-режимде өткізуі мүмкін.  Бұл ретте қаржы омбудсманы барлық дауларды қарастырмайды.

Банк омбудсманының қандай өтініштерді қарауға құқығы жоқ?

Омбудсман соттың қарауына қабылданған немесе ол бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар азаматтардың өтініштерін не істің жаңа мән-жайлары болмауына байланысты қайта жіберілген өтініштерді қараудан бас тартады.

 Сондай-ақ, егер қарыз алушының банкке жүгінуінің жазбаша дәлелі болмаса, банк омбудсманына жүгінудің қажеті жоқ.

2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап банк омбудсманына қандай мәселелермен жүгінуге болады?

Банк омбудсманының құзыреті банктік қарыздардың барлық түрлеріне, сондай-ақ цессия шарты бойынша коллекторлық компаниялар мен өзге де қаржы институттарына берілген жеке тұлғалардың барлық қарыздарына кеңейтілетін болады. Цессия - бұл талап ету құқығын беру.

Егер қарыз алушының қолданыстағы кредиттер бойынша банктермен даулы сәттері болса, кредиторлар шарттың талаптарын сақтамайды және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына нұқсан келтіреді, мысалы, есеп айырысуда қателік жіберіп, қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту немесе қарызды қайта құрылымдау және т.б., онда азаматтар бұл мәселелермен уәкілетті қаржы делдалына жүгіне алады.

Осылайша, банк омбудсманының шешімдері қарыздары басқаға берілген банктер мен коллекторлық агенттіктер үшін міндетті болады. Шұғыл қажеттіліктерге кредиті бар қарыз алушылар үшін бұл олардың құқығын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы омбудсманның өкілеттігін кеңейту мемлекеттік органдарға өтініштер санын азайтуға, омбудсман институтының қоғамдағы рөлін арттыруға және азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

3.png

Қазақстандағы банк омбудсманы кім?

2023 жылғы 13 шілдеден бастап банк омбудсманы лауазымына ресми түрде Дархан Нұрпейісов тағайындалды. Заңға сәйкес омбудсман 2 жылға сайланады, бірақ ағымдағы жылғы 21 желтоқсаннан бастап Агенттіктің жаңа қаулысына сәйкес банк омбудсманын қаржы реттеушісімен келісілген кандидаттар арасынан 3 жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы Өкілдер кеңесі сайлайды.

Банк омбудсманының Өкілдер кеңесіне Агенттіктен, Ұлттық Банктен, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-дан, екінші деңгейдегі банктерден, ипотекалық ұйымдардан, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктен, коллекторлар қауымдастығынан бір-бір өкілден кіреді.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

Фото: fingramota.kz

Тағы да оқыңыз: