Kyzylorda-news.kz Fingramota.kz онлайн-алаяқтықтан қорғау тақырыбына арналған «OYLA» журналының бірінші шығарылымын ұсынады.
Орта және жоғары мектеп жасындағы балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Fingramota.kz «OYLA» ғылыми-көпшілік журналымен ынтымақтастықты жандандырды.
Балаларға арналған қосымшаның бірінші шығарылымындағы тақырыптардың бірі «Цифрлық гигиена дегеніміз не және ол балаларға не үшін қажет» деген тақырыпқа арналған. Бұл материалда сіздер Интернетте балаларды қандай киберқауіптер күтіп тұрғанын және желідегі қауіпсіздіктің қандай негізгі ережелері бар екенін білесіздер. Бұл ақпарат онлайн-алаяқтардың құрбаны болмау үшін тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де маңызды.
Танымдық ақпарат, глоссарий, түрлі түсті иллюстрациялар, коллаждар жас оқырмандарға киберқылмыскерлердің тұзақтарын тануға, өздерін және жақындарын қорғауға көмектеседі.
Қаржылық іс-қимыл мәдениеті жанұядан басталуы керек. Балаңызды интернеттегі алаяқтардан қорғау үшін оның қаржылық сауаттылығын ерте жастан арттыру керек. Ата-аналар мен ұстаздар балалардың Интернетте не істеп жатқанын бақылап қана қоймай, оларға киберқауіпсіздіктің негізгі ережелерін үйретуі керек, Ең жақсысы – өздері үлгі болуы керек, сондай-ақ олармен ашық және шынайы сөйлесуі керек.
Балаларға арналған қосымша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен мемлекеттік және орыс тілдерінде шығарылатынын естеріңізге саламыз.
Келесі шығарылымдарда сіздер қаржылық көрсетілетін қызметтердің алуан түрлі болуы және олардың ерекшеліктері, арманға қалай дұрыс ақша жинау керектігі, мобильді қосымшалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қандай қауіптерге толы екендігі, төлем карточкасын қалай дұрыс пайдалану қажеттілігі және қаржы пирамидаларына кірмеу үшін не істеу керектігі және тағы басқалары туралы білесіздер. Жіберіп алмаңыздар!
Цифрлық гигиена дегеніміз не және ол балаларға не үшін қажет?
Заманауи өмірде интернет балалардың білім алуына, қарым-қатынас жасауына және көңіл көтеруіне үлкен мүмкіндіктер береді. Алайда сонымен қатар оның белгілі бір қауіпі де бар. Тек биыл жыл басынан бері Қазақстан полициясы 9,4 мыңға жуық интернет-алаяқтық оқиғасын анықтаған, бұл барлығы үшін, әсіресе балалар үшін желідегі қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұрғанын көрсетеді.
Балаларға цифрлық гигиенаны үйретудің маңызы
Цифрлық гигиена — өзіңізді және деректеріңізді қауіпсіз түрде қорғауға көмектесетін интернеттегі тәртіп ережелерінің жиынтығы. Бұл әсіресе балалар үшін өте маңызды: олар көбіне өзіне төнуі мүмкін желідегі барлық қауіпті түсіне бермейді. Цифрлық гигиенаны үйрену шынайы өмірдегі қаржы қауіпсіздігі негіздерін үйрену сияқты өзекті. Яғни, офлайн өмірде де маңызы бар.
Балаларға арналған интернеттегі негізгі қауіптер
1.Кибербуллинг — онлайн-ортада баланы қорлауға бағытталған агрессивті немесе қорлау әрекеттері. Олар баланың психикалық денсаулығына елеулі теріс әсер етуі мүмкін.
2.Алаяқтық — балалар әлеуметтік желілер, мессенджерлер, ойындар арқылы ақша немесе жеке мәліметтерін бопсалайтын қаскүнемдердің құрбаны айналуы мүмкін: үйдегі ересектердің төлем картасының толық дерегін, артқы жағындағы құпия кодты, геолокацияны, тұратын жері туралы мәліметтерді сұрайды. Алаяқтар баланың сенімін пайдаланады.
3.Жасына сай емес контент. Интернетте балалар байқаусызда өз жасына сәйкес келмейтін материалдарға тап болуы мүмкін. Олар: зорлық-зомбылық көріністері, бейәдеп сөздер, 18+ арналған ақпарат және т.б.
4.Интернетке тәуелділік. Интернетте тым көп уақыт өткізу баланың денсаулығы мен мектептегі үлгеріміне теріс әсер етуі ықтимал. Балалар көбіне шынайы өмірді ұмытып, виртуалды кеңістікке еніп кетеді. Бұл олардың физикалық және психикалық әл-ауқатына әсер етеді.
Балаларға арналған цифрлық гигиенаның негізгі ережелері
1.Жеке ақпаратпен бөліспеңіз
Интернетке жеке ақпаратты ешқашан жарияламаңыз: үйіңіздің мекенжайы, мектебіңіз, телефон нөміріңіз, құпия сөздер, банк карталары және т.б. Бейтаныс адамдар бұл ақпаратты өз мақсатына, мысалы, деректер немесе ақша ұрлау үшін пайдалануы мүмкін.
2.Интернеттегі бейтаныс адамдарға сенбеңіз
Интернет арқылы ғана таныс адамдарыңызбен кездесуге ешқашан келіспеңіз. Олар өздерін кез келген адам ретінде көрсетуі мүмкін, мысалы, құрдастар, банкирлер, полиция қызметкерлері, мұғалімдер. Олар ойын ойнауды ұсынса да, нұсқауларын орындамаңыз. Сонымен қатар, алаяқтар жеке ақпаратыңызды алу немесе кездесуді алаяқтық жолмен ұйымдастыру үшін жарыстар мен сауалнамалар сияқты түрлі айла-тәсілді жиі қолданады. Интернеттегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына «жоқ» деп айтуды үйреніңіз және ата-анаңызға бәрін айтатын болыңыз!
3.Бірнәрсені интернетке жариялағанда сақ болыңыз
Интернетте жарияланған кез келген ақпарат (фотолар, видеолар, мәтіндер) сонда мәңгі қалады және киберқылмыскерлер оны өздерінің пайдакүнемдік мақсатына, мысалы, бопсалау үшін пайдалана алады.
4.Күдікті сілтемелерді ашпаңыз немесе тексерілмеген көздерден бағдарламалар жүктемеңіз.
Қолданбаларды тек ресми дүкендерден орнатыңыз және жүктеп алмас бұрын шолуларды тексеріңіз. Бұл құрылғыға вирустардың кірмеуіне және жеке ақпаратыңызды қорғауға көмектеседі.
5.Бірегей әрі күрделі құпиясөздерді пайдаланыңыз
Әртүрлі сервистер үшін бірдей құпиясөздерді пайдалану — ең жиі кездесетін қателік. Кибералаяқтар олардың біреуіне кірсе болды, қалған барлық аккаунтыңызды бұза алады. Ұзындығы кемінде 8 таңбадан тұратын және әріптерден, сандардан және арнайы таңбалардан тұратын күрделі құпиясөздер құрастырыңыз.
6.Маңызды сервистерге кіру үшін жария Wi-Fi-ды пайдаланбаңыз
Қоғамдық орындарда әлеуметтік желілердегі аккаунттарға, түрлі қолданбаларға, әсіресе банк картасы байланыстырылғандарына кіру қауіпті. себебі деректер қорғалмаған желілер арқылы ұрлануы мүмкін. Мобильді интернетті немесе қорғалғалған VPN-қосуды қолданған дұрыс.
7.Достарыңызбен желіден тыс сөйлесіңіз
Гаджеттерге ұзақ уақыт жұмсап, шынайы өмірде достарыңызбен және жақындарыңызбен әңгімелесуден алатын қуанышты сәттерді өткізіп аласыз. Спортпен айналысу, хобби, кітап оқу сияқты істерді де ұмытпаңыз.
Цифрлық гигиена заманауи балаларды тәрбиелеудің ажырамас бөлігіне айналып келеді және ол отбасы мен мектептен басталады. Ата-аналар мен мұғалімдер балаларының интернетте не істеп жатқанын бақылап қана қоймай, сонымен қатар оларға қарапайым қауіпсіздік ережелерін, ең жақсысы — өзі үлгі болуы, сондай-ақ балаларымен ашық және шынайы сөйлесуі керек.
Фото: Fingramota.kz