Kyzylorda-news.kz Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы “декретке миллионмен” шығатын аналарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ
Ең алдымен декреттік ақша мемлекеттің бюджетінен төленбейтінін түсініп алуымыз керек. Ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Біз барлығымыз – кәсіпкерлер, жұмыс істейтін азаматтар осы қорға әлеуметтік төлем аударымын жасап отырамыз. Ол бұған дейін 3,5% болған, енді 2025 жылдан бастап 5% болды. Осыны аударып отыру арқылы біз жылдар бойы ақша қорын жинадық. Оған қаржыны тек әйелдер ғана емес, ерлер де аударды. Енді осы бәріміз аударған ақшадан болашақ аналарға декреттік төлем төленеді, - деп айтты ол.
Сарапшы сөз арасында қоғам талқысына үскен “декретке миллионмен” шығатын аналарға қатысты пікір білдірді.
Егер шынымен заң бұзған болса, онда әйелдерге декреттік төлем тағайындалмауы керек еді. Жалпы декреттік төлем қалай есептеледі? Жетінші айға жеткенде дәрігер болашақ анаға еңбекке жарамсыздық парағын жазып береді. Оны Халыққа қызмет көрсету орталғына өткіземіз. Әрі қарай оны тағы бірнеше меморган тексереді. Сөйтіп 30 жұмыс күнінен соң төлем тағайындалады. Енді осы 30 күн бойы тексеріп, заң бұзушылықты таба алмай, бірақ соған қарамастан төлемді алған аналарға күйе жағып, іс қозғап жатыр? Менің ойымша, бұл – қате. Керісінше, осындай оқиғалар болмауы үшін заңды қарау керек еді. Иә, жалған құжат жасағандар, табысын асырып көрсеткендер болған шығар. Бірақ халықтың бәрі жаппай сондай емес, - деп санайды Гүлнұр Нұрланқызы.
Сарапшы ана мен балаға жағдай жасау керегін атап өтті. Ол елімізде бала туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары емес дейді.
Аналарға жағдай жасау керек. Бала туып отырған аналарға босануына байланысты қосымша 1 млн теңге бөлінсе де артық болмайтын еді. Алайда бізде ондай ақша жоқ, оны беріп жатқан да ешкім жоқ. Тіпті баланың 1,5 жасқа толғанға дейінгі төлемі бір балаға 22 мың теңге. Қазіргі заманда 22 мың теңгеге не істеуге болады? Сондықтан аналар осындай қадамдарға баруға мәжбүр болады. Бәрі баласының жағдайын ойлайды, уайымдайды, - дейді ол.
Сарапшы сөз соңында аналарға қосымша жәрдемақы төлеу артық етпейтінін айтты.
Фото: freepik.com