Kyzylorda-news.kz. Айналада біз білмейтін тылсым құбылыс көп. Соның бірі – өзіміз теледидардан киносын көретін өзге планеталықтар. Олар расымен бар ма? Біз жинақтаған оқиғалар шындыққа жанаса ма? Тарих не дейді, ғалымдар мен куәгерлер ше? Сараптап көрелік.

«Антон деген көкеңді жатпланеталықтар жастайынан алып кеткен» деп отырушы еді нағашым. Баламыз ғой, қорқынышты оқиғаға балайтынбыз. Бірақ әлі күнге дейін сол бір оқиғаны басқосуда айтып қалатыны бар. Оқиға былай болған ғой. Анам көп ағайынды. Жарты бала үйге жатса, қалғаны далада, масаханада ұйықтайды. Бірде Антон інісі мен қос сіңілісінің далада ұйықтайтын кезегі келеді. Сол кезде ерекше оқиғаның басы басталады. Жалт-жұлт еткен түрлі-түсті жарықтан көзін әрең ашқан Оралкүл ағасының әлгі тәрелкеге мініп бара жатқанын байқайды. Аула өте үлкен еді. Анадай жерден менмұндалаған жарық көзді де жеп барады. Ал бірер секундтан соң зу еткен тәрелке көзден ғайып болады. Шошына ұйқысын ашқан қыз ойбайлай үйге жүгіреді. Барлығына мән-жайды айтады. Антонның келуін күтеді. Арада 1 сағат өткен соң жас жігіт үйге оралады. «Не болды?» деген сауалға Антон асықпай, байыппен тіл қатады. «Өзім ғажайыпқа сенетінімді білесіздер. Біраздан бері өзге планеталықтарды зерттеп жүр едім. Бүгін келіп мені аспанға алып кетті. Бір қызығы, өзгеше сөйлейді. Бірақ мен оларды түсінемін. Ол жақта маған барлығын көрсетті. Шақырды. Ойланамын дедім. Солай жүргенде 1 күн уақыт өтті. Мұнда әлі 1-ақ сағат екен ғой» деді ол еш саспастан. Піссімілләсін айтып, шарқ ұрған үйдегілер өздерін қоярға жер табар емес. Арада бірнеше күн өтті. 10-ға енді толған Нұрбек ағасы Антонмен оңаша қалғанда қол алып бәстеседі. Онда Антон «қабырғаны төбеге қарай баса өтіп жүремін» дейді. Сенбегенімен солай жасайды да. Кәдімгідей аяғымен қабырғаға қарай көтеріле жүріп, төбесінен айнала өтеді. Түсініксіз күй кешкен інісі өзгеге айтса, ешкім сене қоймайды. Бірде Антон досының туған күніне кетеді. Алматы қаласы болса керек. Сол туған күнде жігіттер отырысы төбелеске ұласып, Антон үйге оралмайды. Қанша іздеу салғанмен нәтиже жоқ. Тек бір күні іздестіру барысында тау бөктерінен тізерлеп отқан күйі табылады. Кеудеде жаны жоқ. Жүрек дүрсілі әлдеқашан тоқтаса керек. Кейін зерттей келе, төбелес кезінде Антонның бір қарыс ұшып тұрғанын көзбен көрген қатарластары жарыса айтады. Ал оның бөлмесінен белгісіз кітап табылады. Сыртында табанның суреті бар. Ішінде түсініксіз қаріппен жазған әлденелер бар. Қанша зерттесе де, ол тілдің біздің әлемде кездеспейтіні дәлелденеді. Одан соң ол кітап қажетті адамдардың қолына табысталады. Алайда арада қаншама жыл өтсе де бұл оқиғаның құпия, ашылмай қалғаны тағы бар. Ал нағашыларым әлі күнге дейін осы әңгімені аузынан тастамай айтып жүреді. Біреуге шын, біреуге өтірік.

Өзім айтам өз жайымда

Бала күніміз. Қорадағы әжемнің бір емес, бірнеше сиыры өзінен-өзі қырыла бастады. Соңғысының да демі таусылуға жақын еді. Атам арам қатпасын деп түн ортасында қасапшы шақырып, сойдырды. Сағат тілі 00.00-ден кетіп қалған. Ал әлгі сиырдың терісін қоларбаға сыммен орап-орап алысқа апарып тастаңдар деді. Әжемізге ілесіп әпкем үшеуміз жаяулата тысқа шықтық. Дария жаққа да жақындаған тұс. Кенет әжем бір орында мелшиіп тұрып қалды. Не болды деп сұрап үлгерместен әпкем екеуміз алыста, аспаннан жалт-жұлт етіп түрлі-түсті жарығын жаққан тәрелке пішіндес нәрсе көрдік. Қорыққан сайын жақындай түскендей болады. Ал әжемнің «дарияның ар жағындағы су мекемесінікі ғой» деп алдаусыратқанынан, «піссімілләсінан» әлгің алыстай жөнеледі. Қайта «паника» шығарсақ, жақындай береді. Қатты тартып байлап тастаған сым да шешілер емес. Болмаған соң үшеуміз де арбаны сол күйінше тастай сала ауыл ішіне беттедік. Жүгіріп келеміз. Үйге әрең жетіп, сол түні ұйықтай алмағанымыз бар.

Бірде үйдің ерке сиыры өрістен қайтпады. Күндегі әдеті сол. Үйдегілер бөлініп жан-жақтан іздейміз. Солай кешқұрым Сырдарияның бір мүйішінен қалай шыққанымызды байқамай қалдық. Кенет ойдым-ойдым жерге тап болдық. Қолдағы жарықшамды түсіріп ек, үлкен аяқ табанының ізі тұр. Тіпті екі адам сыйып кететіндей пішін еді.

Ауылдың ең шетінде тұратын жеңгеміздің туған күні болды. Бала-шаға сонда аттандық. Алаңсыз ойын қуалап жүрміз. Түн әлдеқашан батып кеткен. Содан не керек, ауласы қоршалмаған, үлкен жерде кілең үлкені мен кішісі «сақина-сақина» ойынын ойнап жатырмыз. Тізіліп қаз-қатар тұрғанымыз сол еді, көзді ашып-жұмғанша болмады, зу етіп үлкен тәрелке алдымыздан өтіп кетті. Ұлы-шумен үйге қаша жөнелдік.

Қарап отырсақ, біріне күлкілі, енді біріне қызық оқиғалар. Кейде осындай тақырып қозғарда ұзақ ойланасың. Сол ой үстінде жүргенде ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың сұқбатын көзім шалды. Онда оған «өзге ғаламшарлықтың барына сенесіз бе» деген сауал қойылады. Сонда ғарышкер «әрине, сенемін» деп жауап беріп, өзі бастан өткерген оқиғасымен бөліседі. Қош. Расымен «НЛО» бар ма? Біз көрген, естіген оқиғалар бала қиял ма? Анығына жетіп көрелік.

Қалықтаған табақша саясат па?

Адам баласы зерттеп бітпеген, әлі де ашылмаған талай сыры бар беймәлім ұшатын табақша туралы қоғамның пікірі сан түрлі. Бірі өзге планеталықтарға сенсе, енді бірі қияли қылық деп қол сілтейді. Аспан кеңістігінде еркін қалықтаған табақшаны ұялы телефондарының камерасына түсіріп үлгергендер де жетерлік. Интернет желісінде мұндай түсірілімдер өте көп. Беймәлім ұшатын табақша АҚШ-тың саясаты ма жоқ әлде жерді зерттеп жүрген жатпаленалықтар ма?

Беймәлім ұшатын табақшаны зерттеушілерді «уфологтар» деп атайды. Бірақ олар осы уақытқа дейін қолға ұстатқандай сенімді, нақты айғақ келтіре алмапты. Дегенмен беймәлім ұшатын табақша «жатпланеталықтар» деген тоқтамға келген. Бейресми деректер бойынша адам баласына ұшатын табақшалар күн батқан сәтте аспан кеңістігінен бірнүктелі және көпнүктелі жарық болып 1940 жылы көрінген. Осы саланы зерттеп, түрлі мақалалар жазып жүрген журналист Төреғали Тәшеновтің өзі бізге көрініп жүрген ұшатын табақшалардың 50 проценті адам қолымен жасалғанын айтады.

Мұрағаттан табылған тарихи құжаттар бойынша, неміс армиясы 1940 жылы жерден тыс өркениет иелерінің кораблін атып түсірген. Сөйтіп, құлаған ұшатын табақшаның қыр-сырын меңгерген соң, өздері де соған қарап дәл құрастыра бастаған дейді. Әлемге аты әйгілі өзге де ғарышкерлер ұшатын табақшаны көрген. КСРО-ның екі мәрте батыры Владимир Кoваленок Салют станциясында жұмыс істеп жүрген кезінде иллюминатордан орбитаны айналып ұшқан белгісіз объектіні байқағанын айтады.

Тағы бір қызық ақпарат. Бейресми деректер бойынша ұзындығы 19, биіктігі 8 метр, ал салмағы 50 мың келі күміс түстес ұшатын табақша жерге құлаған. Тіпті ішінен бойы 1 жарым метрдей екі бірдей өзге планеталықтар шыққан. Зерттеуші ғалымдар қаны жасыл ішкі құрылыстары адамға мүлде ұқсамайтын белгісіз тіршілік иесіне зерттеу жасапты. Бірақ бұл әлі күнге дейін құпия, оның анығында кім екені толық зерттеліп бітпеген. Аса жоғары жылдамдықпен ұшатын табақшаны жасау кез келгеннің қолынан келмейтін дүние. Деректер бойынша, Әуе күштері радарына іліккен белгісіз объекті сағатына 20630 шақырым жылдамдықпен ұшқан. Ғалымдар аспан әлемінде әлі толық зерттеліп бітпеген нысандар өте көп дейді. Демек әлемде біз білмейтін талай таңдай қақтырар құбылыстар мен құпиялар ғылым дамыған сайын ашылары сөзсіз. Адам баласы бұрын соңды білмеген таңғажайыптармен алдағы уақытта ұшырасатыны анық

ТҰН қайдан шыққан?

ТҰН-ның адамзатқа белгілі бола бастағаны ХХ ғасырдың басы еді. Оған дейін оны көрдік деген деректер тіркелмеген. ТҰН-ды арнайы зерттеуге құлшыныс жасаған уфология ғылымы да өткен ғасырдың 60-шы жылдарында пайда болған. «Танылмаған ұшатын нысан» деген тіркесті ағылшын тілінде Unidentified Flying Object деп аударады. Осы сөздердің бас әрпінен УФО-логия (UFO) ғылымы шыққан. Бірақ уфологияны ғылым деушілерден гөрі жалғаншы, квазиғылым деушілердің де көп екенін айта кетуіміз керек. Өйткені оның осы күнге дейін ашылған бір жаңалығы, лабораториялық әдіспен көз жеткізіп, ғылыми тұрғыдан дәлелденген еш нәтижесі жоқ. Рас, онымен айналысушылар ТҰН-ның келіп қонғанын немесе аспанда көрініп тұрғанын, тіпті одан түскен жан иелерін көргендерді тіркеп, олардың әңгімелерін жазып, өздерінше қорытып отырады.Осыдан басқа жетістік жоқ. Жан иелерін көбінесе гуманоидтар деп атайды. Мұның латын тілінен аударғандағы мағынасы «адам сияқты» деген сөз.

Әлемнің көптеген елдерінде ТҰН-ды көргендер және онымен қатынасқа түскендерді тіркеп, айтқан сөздерін жазып алатын уфологтардан басқа қоғамдық ұйымдар да бар. Алайда олардың бәрінің де деректері ТҰН-ның басқа ғаламшарлықтар басқарған ұшу аппараты екенін дәлелдей алмайды. Тек болжаммен ғана солай болуы мүмкін дейтін санаулы ғалымдар ғана. Жерден тыс саналы өмір болуы мүмкін деген болжамды алға қойып, СЕТИ атты зерттеу бағдарламасын әлемдік ғылыми қауымдастық қолға алған. Соңғы жылдардағы компьютерлік технологиялардың жоғары мүмкіншілігі жақындағы және алыстағы ғарышты осы бағдарламаға сәйкес зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда соның бәрі ТҰН-ның төңірегінде әлі күнге ешбір сенімді жаңалық таппаған.

Біршама танымал уфологтардың бірі, Огайо университетінің профессоры Аллен Хайнек ТҰН туралы өз байқауларын былай деп қорытыпты: «жердің бетінде немесе аспанда, ғарышта ұшып жүрген танылмаған нысанды немесе жарықты көзбен қабылдау қалыпты жағдаймен қарағанда көргендердің ғана емес мамандардың өздеріне логикалық түсінігі жоқ, феномен, елес қана деп ұға аламыз».

ТҰН-ды зерделеумен бейбіт ғылымнан гөрі қауіпсіздік қызметтері көбірек айналысқан. Соның ішінде КСРО-ның КГБ-сы мен Американың ОББ оның жүрген-тұрғанын, жасаған әрекеттерін көп тіркеген. Екі жақ та бұл қарсыластардың өз елдерінің қауіпсіздігіне жасаған құпия әрекеті емес пе екен деген оймен оны зерделеуге үлкен қаражат бөліп, зерттеуге тырысқан. Тіпті атып түсіруге талпынған фактілер де орын алған. АҚШ-тың бұл істегі арнайы бағдарламасы «Көк кітап» (1952 жылдан 1970 жылға дейін) деп аталған, ал КСРО-дағы зерттеулер «ААЯ» атауымен белгілі. Ол «аномальные атмосферные явления» деген ұғымның бас әріптері. Алайда бұл термин КСРО-да сіңбей, зерттеулер бізде де «Көк кітап» атымен белгілі болды.

1976 жылы АҚШ-та «Ақпараттың еркіндігі» туралы заң шығып, «Көк кітапта» жасырын болып келген ТҰН-мен кездесулердің бәрі жария етілді. Мұндай оқиғалар 15 мыңға жуық екен. 2000-шы жылдардың басында КГБ-ның да ТҰН-ды бақылау жөніндегі көп жылғы құпиялары жария етілді. Журналист Жақсыбай Самраттың материалына көз жүгіртіп көрелік.

Фактілер қандай еді?

1984 жылы Астрахан қаласында орналасқан ӘШҚ (әуе шабуылына қарсы) қызметі Каспий теңізінің бойымен 2000 метр биіктікте Иранмен арадағы мемлекеттік шекараға қарай ұшып бара жатқан нысанды бақылайды. Жіберілген сұрау сигналдарына ешқандай жауап берілмейді. Әскерилер мұны қарсыластардың жауыздық әрекетіне балап, атып түсіру үшін екі бірдей истребительді дереу аспанға көтереді. Алайда бұл ТҰН еді, истребительдер оны қанша көздесе де тигізе алмайды. Оның үстіне жерге жүз метрдей төмендікке шұғыл құлдилап, истребительдің нысанасынан да шығып кетеді. Қазіргі Түркіменбашы қаласының маңына жетіп қалған ТҰН-ды енді әскери тікұшақтармен атып түсіруге талпыныс жасалады. Алайда ТҰН биікке қайтадан шұғыл көтеріліп, тікұшақтың оғын да бойына дарытпайды. Одан әрі ашық теңіздің бойына бет алып, радардың аумағынан да шығып кетеді, ал тікұшақтар болса барлық оқтарын шығындаған соң амалдары таусылып базаға оралады. Дәл осы аумақта 1985 жылы капитан К.Валуев басқаратын радио¬локациялық станса 20 мың метр биіктікте тұрған нысанды бақылайды. Мұның ТҰН екенін аңғарған әскерилер бұл жолы атқыламай, оның барлық әрекетін бақылауда ұстайды. ТҰН-ның ұзындығы 1 мың метрдей (бір шақырым) екені анықталған. Біраз тұрғаннан кейін оның бойынан диаметрі 5 метрдей болатын дискілер бөлініп шығып, Түркіменбашы қаласының маңындағы теңіздің жағасына қонады.

Теңіздегі патрульдік катерлер оған жақын баруға тырысады, алайда қашықтық 100 метрдей қалғанда ТҰН шұғыл көтеріліп, бір шақырымдай жерге барып отырады. Катерлер тағы да жақындамақ болғанда әлгі оқиға тағы қайталанады. Осылай бес рет жасалған соң ТҰН кезекті рет шұғыл көтеріледі де, зу еткен жылдамдықпен көзден ғайып болады. Тіпті радарлар оның жылдамдығын да анықтай алмай қалыпты.

ТҰН-ның бұл әрекеті адамдармен ойнағанға да ұқсайды. Маған түк те істей алмайсың деп әжуалайтын секілді. Көп уақыт, көп адам бұл әрекеттерді шешуге тырысқанымен ешбір нәтижеге қол жеткізе алмаған. Тағы бір оқиға 1986 жылы тіркеліпті. Ол 25 қарашада болған. Осы күні Магадан әуежайының аза¬маттық бақылау және әскери қызметтері ТҰН-ның өз төңіректерінде ұшып жүргенін байқаған. Дәл осы кезде әуежайға қонуға сағатына 720 шақырымдық жылдамдықпен АИ-12 ұшағы жақындап қалған екен. Әуежай қызметтері екі нысан соғылып қалмас па екен деп жандары шығады. Алайда ТҰН мен ұшақ бірін-бірі көре алатын қашықтыққа жеткенде алғашқысы Шелихов шығанағына қарай шұғыл бұрылып, зу ете қалады. Оның соңғы жылдамдығын радарлар сағатына 3 мың шақырым екенін тіркеген, одан әрі ТҰН радардың экранынан ғайып болады. 1987 жылғы тамызда Ленинград әскери округының бір топ КГБ офицерлеріне Карелиядағы әскери бөлімнен тегі танылмаған нысанды алып келу туралы айрықша тапсырма беріледі. Ұзындығы 14 метр, көлденеңі 4 метр, биіктігі 2,5 метр болған бұл нысанның қайдан, қалай құлап түскендігі туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда әскерилер оны атып құлатқан болуы керек. Ішін көрейік, ашайық десе ешқандай люк немесе есік табылмайды, тіпті ондайдың орны да болмаған. Басқа амал болмаған соң әскерилер оны бұзып ашуға талпыныс жасайды. Бірақ одан да ештеңе шықпаған. Ешқандай кувалданың, адамзат техникасының соққысы оны тесе алмайды. Тек құйрық жағынан таң қаларлық істіктер сынып түскен. Ең қызығы сол, қыркүйек айында әлгі нысан жабық ангарда тұрған жерінен ешқандай белгі қалдырмай ғайып болған. Қарапайым адамның көргені емес, тиісті органдар тіркеген осындай нақты көріністер «Көк кітапта» көп. Осының бәрі ТҰН-ның бар екендігінің бұлтартпас дәлелі.

–  Көптеген елдердің, соның ішінде АҚШ-тың да, КСРО-ның да ресми органдары оның табиғатта бар екендігін көп уақыт бойы ресми түрде мойындамады. Өйткені, дүниенің бәрі танылады, ғылым бәрінің сырын ашады деген ұстанымды талқан қылатын бұл жұмбақ халықтың ресми насихатқа деген сенімсіздігін тудыра ма деген ойдан қорыққан болуы керек. Әсіресе, философияның материалистік бағдарын ұстанып, Құдайды да, оның құдіретін де толығымен жоққа шығарып, бәріне де адамның санасымен, ақылымен, білімімен қол жеткіземіз дейтін атеист-коммунистер үшін мұндай танылмайтын, сыры ашылмайтын жұмбақтың керегі жоқ еді. Олар барлық дүниенің де сырын ашуға болады, адамнан жасырын ештеңе болмайды дегенді уағыздады емес пе? Сондықтан да көп уақыт бойы ТҰН-ды кейбір адамдарға психологиялық ауытқушылықтың кесірінен көрінетін елестер деп түсіндіру орын алды. Өз көзіммен көрдім деп өзеурейтіндер болса, ондайларды дереу ақыл-есі ауытқушылардың ауруханасына салу фактілері де көп болған, –  дейді журналист мақаласында.

Сондықтан да болар, кеңестік азаматтар ТҰН-ды көргені туралы ауыздарын көп ашып, ақтарыла бермеген екен.

Өзгелер де көрген екен…

Халық арасында ТҰН-ды көргендер, онымен қарым-қатынас жасап, әңгімелескендер, бойларына түрлі қасиет жұқтырып алғандар, түрлі дерттерінен ада болғандар, тіпті олардың ғарыш кемесіне отырып, басқа ғаламға ұшып келгендер де бар. Әлгінде мақала басында келтірілген оқиға да осы тектес еді. Әрине, олардың бәрінің әңгімесіне сене беруге де болмайды, алайда кейбіреулерінде қалған іздер, көрсеткен дәлелдер жетерлік. Америкалық зерттеуші Георг Адамски 1959 жылы Цюрихте болған уфологтардың конференциясында өзінің ТҰН-мен тікелей қарым-қатынаста екенін, олардың алып келген адамдарымен телепатиялық жолмен, яғни ми арқылы өзінің ойын жеткізіп, ал олардікін қабылдау арқылы диалогтық қатынасқа түскенін айтып, дәлелдеген. Ол тіпті мұндай қатынасты 1946 жылдан бері орнатқанын да айтады. ТҰН жолаушыларының емдеу қасиеті барын да жеткізеді. Алайда осының бәрін айтып, енді тікелей қарым-қатынастарды ашық көрсетемін дегенде аяқ астынан қайтыс болған.

Ресейде Елена Ворожбет деген мұғалім әйел жатырына жыныстық емес жолмен ТҰН-ның қатысуынан еркектік хромосомдар еніп, аяғы ауырлап қалғанын айтады. Өзінің айтуына қарағанда дәл осы кезеңде ол ешқандай еркекпен жыныстық қатынасқа түспеген. Үш айдан кейін белгісіз біреулер оны бір жаққа алып кетіп, ішіне ота жасау арқылы шар формалы шарананы алып кеткен. Соның бәрін сезіп, біліп жатып, есінен танып қалған. Көзін ашса өзінің төсегінде жатыр және қарнында қызарған «Т» тәрізді із ғана қалғанына таң қалады. Дәл осындай оқиға 1986 жылы Англияда да бір әйелдің басынан өткен.

ТҰН-ның астық алқаптарына қонып, неше түрлі оюлар салып кеткендігі туралы да көп естідік. Басында бұған сенбеген көптеген адамдар қазіргі технологиялармен астық алаңдарына осындай, бір-біріне ұқсамайтын жүздеген әсем оюлар салу мүмкіндігі жоқ екендігі дәлелденген соң ғана илануға мәжбүр болды. Сонымен бірге оюға түскен масақтардың ішінде сұйықтықтар да болған. Бұл туралы сынақшы ұшқыш Марина Попович айтып, олардың емдік қасиеті де барын өз көзімен көргенін жеткізеді. Ал интернетте Сергей Радзинский деген оқушының ТҰН жолаушыларымен кездескеннен кейін математика, физикаға жетік болып кеткені айтылады. (ЮТУБ., «Почему каждый раз НЛО исчезают?») Бұрын бұл сабақтарды оқуды азаптай көріп жүрген бала қазір оларды шекілдеуікше шағады екен. Тағы бір қызығы, шешесі бірдеңе айтпақ болып ойланса, бала оның не демегін алдын ала біліп қалатын болыпты.

ТҰН-ды қазақтың бұлбұл әншісі, марқұм Роза Бағланова апамыз да көріп, олармен контакт жасағаны туралы бір сұқбатында айтқан. Мейірімді қарым-қатынас жасап, дұрыс пиғылда болсаң олардың ешқандай зияны жоқ деген еді ол. Валентина Тулупова деген орыс әйелі де 3-4 жыл ТҰН-мен қатынас жасағанда олардың адамзатқа ешқандай зияны жоқ екенін, ешқандай жамандық жасамайтынына көзі жеткенін айтады.
 

Түйін

Ғарышкерлер ТҰН-ды көздерімен көріп, суретке түсіргендері туралы айтады. Солардың бірі –  АҚШ астронавы Дж.Макдивитт 1965 жылы оны суретке түсіріп алғанын, бірақ пленканы шығарған кезде оның ізі де болмағанын айтып, таң қалған. Ал қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев оны көрдім демесе де ашық ғаламға шыққанда кемемен қосатын арқаны үзіліп кетіп, енді өлдім ғой деп ойлағанда бір құдірет оның қолдарын сатының жақтауына ұстатып кеткенін айтады. Ал  ол ТҰН-ның әрекеті ме, басқа ма, ол жағы белгісіз. Тылсым оқиға көп, сауал жетерлік. Бірақ жауабы әлі күнге дейін белгісіз күйде қалуда. Технология дамыған сайын мұның да құпиясы ашылары алдағы уақыт еншісінде.

Айнұр ӘЛИ
 

Тағы да оқыңыз: