Фото: uralskweek.kz
Қызылорда қаласының тұрғыны газ инспекторларының жұмысына көңілі толмайтынын айтты Kyzylorda-news.kz-ке.
Тұрғын үйлерді аралап, газ қауіпсіздігіне көз жеткізетін, құрылғының жарамдылығын тексеретін маман некен-саяқ деп отыр. Мәселе мұнымен шектелмейді. Айтуынша, «жауапты мекеме жұмысына жауапсыздық танытса да, ақысын ұмытпай жинайды».
– «Рцку Кызылорданың» ешқандай техникалық қадағалау жүргізбей, 2500 теңгеден жылына жинауы масқара! Колл-центрдегі маманның айтуынша, бәрі құжатпен қатталып отыр. Бірақ біздің үйде таңнан кешке дейін адам болады. Газдан деп келген жан жоқ. Сонда пәтер жағалап, газ құрылғысын көрмей жасалатын не тексеру ол?
Бір ғана «Ақмешіт» мөлтек ауданында жер үйлерді қоспағанда 3400 аса пәтер бар. Бұл – жылына 8 млн ақшаны біреудің қолына ұстата салу ғой....», - дейді М.Серікболқызы.
Мәселені редакция тілшілері назарға алды. Бірақ «РЦКУ Кызылордадан» алыстан, нақты ақпарат алу мүмкін болмады. Ал бетпе-бет пікір білдірген маман былай деді:
– Заңға сәйкес жұмыс атқарып жатырмыз. Жылына бір рет тұрғын үйлерге қызметкерлер «үлгерсе» барады. Себебі Қызылорда қаласы бойынша техникалық қадағалау жасайтын шамамен 10 жұмысшы ғана бар. Оның ішінде адам болғасын денсаулық жағдайы, отбасылық мәселесі де қатар жүреді», – деді өзін Call орталығының басшысымын деген қызметкер.
Бұдан кейін толыққанды жауап берер жауапты маман алдымыздан шықты. Қала тұрғынының шағымын есепке алды. Әлгі тұрғынның «қол қойды» деген құжатын да көрсетті. Бірақ қала тұрғыны – М.Серікболқызының айтуынша, онда тұрған анасының қолы емес.
– Сіздің үйіңізге 2023 жылы тексеруге бармаған. Ал, 2431 теңге алдыңғы жылдарда (2020,2021,2022жж) жиналған қарыздарыңыз. Құжат 2023 жылы шыққан соң мерзімі солай жазылған. Арыз-шағымыңызды жазыңыз, біз сіздің үйіңізге барған және үй тұрғыны қойылған құжаттарды тауып беруге тырысамыз, – деді “РЦКУ-Қызылорда” ЖШС-нің үй ішкі газ жабдықтарының техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Мұзарай Сәбит.
Осылайша, мекеме басшылығы құжатты экспертизадан өткізу қажеттігін алға тартып отыр.
Фото шағымданушының келісімімен жарияланды
Айта кетейік, аталған мекеме 2016 жылы құрылған. Сол уақыттан бері газ қауіпсіздігі саласында жұмыс жүргізіп келеді.