Kyzylorda-news.kz  Театрды, әсіресе, бүлдіршіндерге арналған сахналық қойылымды жұмбақ әлем десе де болады. Ал біздің Күләш Жанмұратова осы жұмбақ әлемнің жұмбақ кейіпкері десек, артық айтқандық емес.

«Балаларға қуаныш сыйлау үшін жаралған жан». Бұл мақаланың кейіпкерін осылай сипаттаса болады. Ол өмірі мен еңбек жолын өскелең ұрпаққа, солардың тәрбиесіне арнаған. Ол ғажайып пен қиялға толы ергегі әлемін қалыптастырушы. Ол Қызылордада қуыршақ театрының негізін қалаған «Мәдениет саласының үздігі» – Күләш Жанмұратова.

Мамандық таңдаудан қателеспеген Күләш Дүйсенқызының ертегі әлеміне саяхаты 1987 жылы, Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет өнері институтына, «Қуыршақ театрының актері» мамандығы бойынша оқуға түскенде басталады. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйген студент Күләш сабаққа бар ынта-жігерін арнап, үздік оқытушылардан тәлім-тәрбие алады.

Дипломын қолына алған бетте К.Дүйсенқызы Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына орналасады. Артынша Маңғыстау қуыршақ театрында еңбек етеді.

Араға жылдар салып, Күләш Дүйсенқызы өнердің құты дарыған Сыр еліне қоныс аударады. «Қызылордада қуыршақ театры жоқ екен» - деп К.Дүйсенқызы қол қусырып отырмайды. Қайта керісінше, «Неге қасиетті Сыр елінде балаларға арналған өнер ордасы жоқ» деп жүгіріп жүріп 2001 жылы Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйі жанынан «Қуаныш» атты балалар қуыршақ театрын ашады. Қызылордалықтар жаңашылдықты жақсы қабылдайды. Қуыршақ театры өз көрермендерін тез табады. Әр қойылым сайын зал лық толады. Жұмыстың барлығы К.Дүйсенқызы ойлағаннан да жақсы болып, шығармашылық ұжым өзін мойындатады, тіпті «Сорос-Қазақстан» қорының грант жеңімпазы атанды.

2004 жылы К.Дүйсенқызы қанатын кеңге жайып, Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театры жанынан «Нартайдың  бүлдіршіндері» қуыршақ тобын құрады. Арада 20 жыл өтті. Режиссері К.Дүйсенқызы болып табылатын қуыршақ тобының жұмысы өркендеуде, репертуары толығуда, көрермендері көбеюде. Шығармашылық топтың жеткен жетістіктері де ұшаң теңіз. Түрлі республикалық фестивальдерде топ жарып жүр.

Шығармашылық топ әр қойылым арқылы балақайларға қуаныш сыйлап қана қоймай, өнерге деген қызығушылығын арттырып, жас ұрпақты тәрбиелеуде, көркемдік талғамын, қиялын дамытуда.

Бүгінгі таңда «Ит пен мысық, тышқан дос», «Қозы мен лақ»,«Достық қымбат бәрінен» осы және репертуардағы т.б. қойылымдар Сыр балақайларының  сүйікті спектакльдеріне айналды. Қуыршақ тобы қойылымды күніне тіпті 4 сеанстан қоятын кездер аз емес.

2024 жылы «Нартайдың бүлдіршіндері» арнайы шақыртумен Ақтөбе қаласына барып, 4 күн сол өңірдің балақайларын өз өнерлерімен тәнті етіп қайтты.

Шығармашылық топтың жеткен әр жетістігінде Күләш Дүйсенқызының қажырлы еңбегінің зор үлесі бар.

«Нартайдың бүлдіршіндерінің» негізін қалап, балақайларға қиял ғажайып әлемге енуге мүмкіндік берген К.Дүйсенқызы асқаралы алпыстың асуына шығып отыр.

Сахна өнеріндегі асыл мұратын қуыршақтармен байланыстырған Күләш Дүйсенқызына өміріңіз бен өнеріңіз сахнадағы ертегі ғұмыр сияқты жалғаса берсін дейміз. 

Тағы да оқыңыз: