Kyzylorda-news.kz Бесік жыры халқымыздың ертеден келе жатқан мәдени мұрасы. Күні бүгінге дейін маңызын жоймаған рухани дүние бүгінде қайта жаңғыртылуда. Жақында өңірде бесік жырын жазушылар арасында «Әлди-ана» байқауы өткен еді. Байқау шартымен бұған дейін еш жерде жарияланбаған бесік жырының нұсқалары іріктелді. Ал ішінен ерекше шыққан үздік деп танылды.
Аталған байқауда бесік жырының 15 нұсқасы қаралыпты. Соның ішінен әні мен сөзі, әрлеуі келіскен «Ана әлдиі» туындысы озық шықты. Бұл бесік жырының авторы Талғат Нағашыбаев. Сөзін жазған – Сағынғали Сейітов. Ал оны байқауда жүрекке жеткізе орындаған әнші Аягөз Райбекова болды.
Сазгер Талғат Нағашыбаев 1964 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Қаратерең ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің үрмелі аспаптар бөлімінде білім алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда педогогикалық университетінің музыка факультетінде оқыған.
– Арал ауданында оқып жүрген кезде әнге құмарттым. Мектепте ән сабағында өлеңді тез жаттап, қайта айтып беретінмін. Бала кезде мынадай қызық болды. Туған күнімде әкем «ал, балам, туған күніңе қандай сыйлық әперейін?», – деп сұрады. Велосипед арманым болып жүрген. Соны әперіңізші, – дедім. Сөйтіп, әкем екеуміз дүкен аралауға шықтық. Бірақ велосипед таба алмадық. Ол кезде велосипедтің таптырмайтын шағы еді. Әкем «енді қандай сыйлық аласың?», – деді. Содан ойлана келе, тағы бір дүкенге келдік. Онда радио, музыкалық аспаптар сатады екен. Бір кезде сырнайға көзім түсті. Соны алып беруін қаладым.
Үйге әкеле салып, сабаққа кетіп қалдым. Бірақ ойым сабақта емес, үйдегі аспапта. Содан үйге келісімен қолыма сырнайды алып, тартқым келді. Бір айдың көлемінде үйреніп алғаным есімде, – дейді бала күнгі естелігімен бөліскен кейіпкеріміз.
Кейіпкерімізге танымалдық әкелген әнді студент кезде қойын дәптеріне жазып алған екен. Арада біраз уақыт өткен соң ән жазылып, байқауда жеңімпаз болған.
– Осы әнмен республикалық байқауға қатысып, бас жүлдені алдық. Негізі әннің сөзін жазған ағамызды өзім танымаймын. Ол кісі 1917 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген екен. Ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі болған. Студент кезімде әкемнің орнына күзетші болатынмын. Сол сәтте мекеме басқа ғимаратқа көшіп, кітаптарын жинастырып жатты. Сол кезде ішінен бірнеше кітапты оқуға алдым. Арасында осы Сағынғали ағамыздың кітабы бар. Соның ішінде «Ана әлдиі» өлеңі ұнаған еді . Бесік жырын өлең дәптеріме жазып қойдым. Реті келгенде бір ән шығарармын деген ой болды. Сөйтіп, арада бір-екі жыл өткенде ән шығардым. Бір мәрте әнші қызға орындаттым. Алайда ол кезде әніміз онша тарала қоймады. Әлі де музыкалық әрлеуді қажет етті. Оның үстіне туындыны жариялайтын бүгінгідей әлеуметтік желі жоқ. Солай бұл ән ұмытылып кетті.
Жақында «Анаға тағзым» орталығы байқау жариялады. Сол кезде осы әннің қайта жарыққа шығу сәті келді. Содан әнді қайтадан өңдеп шығардым. Шыны керек, «Ана әлдиі» бесік жырының жұлдызды сәті енді туғандай әсерде болып жүрмін. Негізі қазақтың үйі баласымен бай-дәулетті келеді. Сондықтан бөбегі бар әр үйде бесік жыры айтылса керемет емес пе… Бұрындары бесік жырын көбіне әжелеріміз айтып отыратын. Сондай әдемі сәттің талай куәсі болдық, – дейді кейіпкеріміз.
Сазгер өнерде елімізге белгілі сазгерлерді үлгі тұтатынын айтады. оның ішінде Қазақстанның халық әртісі, өнер қайраткерлері бар.
– Ең алдымен Шәмші Қалдаяқов ағамыздың аты есіме түседі. Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Ілия Жақанов ағаларымызды үлгі тұтамын. Осындай майталмандардың әндерін тыңдап өскенмін. Әлі де жақсы көремін. Осы жақында ғана Ілия Жақанов ағамызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, жақсы араласып кеттік. Әндеріме жоғары бағасын беріп, көңілім көтеріліп, төбем көкке жеткендей болды. Міне, осы кісілерді мен өнер жолында ұстаз көремін. Қарап отырсам, өнер жолында келе жатқаныма қырық жылдай уақыт болды. Соның ішінде екі жүзден аса ән шығарыппын. Алғашқы әнім «Анашым», «Ана әлдиі» әндерінен бастап тыңдаушылардың жүрегінен орын алды. Қазір балаларға және балабақша бүлдіршіндеріне арнап жазған әндерім баршылық. 1993 жылы Алматы қаласы «Өнер» баспасынан шыққан «Сұлуым-ай, сұлуым» атты кітабына ақын Рза Қунақованың өлеңіне жазылған «Сағынбасаң» әнім енді. 2018 жылы республикалық «Зерек ботақан» балалар журналына «Сарбаздар», «Біз бақытты балдырған», «Балдәурен», «Астана» әндерім жарыққа шықты және дискіге басылып, республика бойынша мектептерге және балабақшаларға таратылды. 1993 жылы Алматыда «Тамаша» әзіл-сықақ отауында белгілі эстрада жұлдызы әнші Болат Құсайыновтың орындауында «Жүрегім саған», «Сәулешім» әндерім орындалды. Талай әншілер «Таңшолпан», «Әнші балапан», «Жас қанат» конкурсында әндерімді орындап жүр. Әндерім облысымыздың белгілі әншілері Қазақстанға еңбек сіңірген әнші К.Қалымбетова, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ү.Медеуова, Эстонияда өткен 8-ші халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің бас жүлдегері – А.Ыбраева, «Азия дауысы» конкурсының лауреаты Г.Оразымбетова және Ш.Қалдаяқов атындағы ән конкурсының лауреаты С.Аққұлованың репертуарында орындалды. Сонымен қатар 2004 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің әнұранының әнін жаздым. Жалпы ән шығару оңай емес. Үлкен еңбекті қажет етеді. Құдай бізге осындай қабілетті берген соң оны дұрыс, ұтымды пайдалана білуіміз керек. Жасым алпыстан асса да әлі күнге дейін ізденіс үстіндемін. Себебі шығармашылық жолда ізденіс қажет. Қанша жетістікке жетсем де, енді ғана ән шығарып келе жатқан, қатарға жаңадан қосылған сазгер секілді еңбектенемін. Өйткені өмірде де, өнерде де «толдым, болдым» деген адам өспейді. Қайта кері кетеді. Қазақта «ағысын тоқтатқан өзен суы бұзылады» деген сөз бар ғой. Сол сияқты өнер де кіршіксіз тазалықты сүйеді, ізденесті жақсы көреді, – дейді сазгер.
Кейіпкеріміз қазір балалар әніне басымдық беріп келеді.балаларға арналған әндер жазуды қолға алыпты.
– Негізі бастапқыда шығарған әндерімнің ішінде балаларға арналғаны аздау екенін байқадым. Ал қазір балаларға ән шығарып жүрмін. Кішкентайларға ән шығару да оңай емес. Осы кезде «Ән шуақ» атты фестиваль өтуде. Жалпы әндерім мектептер мен балабақшаларда орындалып жүр. Оған қоса әлеуметтік желі арқылы да таралып жатқан жайы бар. Онда да қаралым жақсы, өз тыңдарманын тауып, көптің көңілінен шығуда. Жалпы бір көңіл қуантарлығы, әндерім республикаға таралуда. Бұл мен үшін бір жетістік. Енді алдағы уақытта осының есебін беріп алпыс жылдықтың құрметіне арнайы кеш өткізу де ойда бар. Жақында өнер мектебінен ұсыныс түсті. Балаларға арналған әндеріме авторлық кеш өткізгісі келеді екен. Қуанып қалдым. Сонымен бірге мектептер мен балабақшаларда конкурс өткізгім келеді, – дейді сазгер бізбен әңгімесінде.