Kyzylorda-news.kz. 2020 жылдан бастап, қалада 109 бірыңғай нөмірі арқылы коммуналдық мәселелер бойынша қала тұрғындарының өтінімдерін қабылдайтын «жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет атқарып келеді. Ал былтырдан бастап бұл қызмет аймақ көлемінде қолжетімді болды. 
Негізі орталық екі бағыт бойынша жұмыс істейді. 109 байланыс қызметі – коммуналдық саланы, 112 желісі шұғыл қызметтерді қабылдап отырады. Яғни 101, 102, 103 жедел желілері қосылып, бір жүйе 112 байланысына біріктірілген. Бұл бірыңғай жүйенің мониторингі шақырушы тұлғаның мекенжайын көрсетуге, орналасқан жерге жақын экипажды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өтініш берушіге келудің тиімді картасын, жолын ұсынады. Осы жобаны іске асырудың экономикалық тиімділігі бір терезе қағидаты бойынша жедел қызметтерді шақыруды ұйымдастыру және шақыруларды қабылдау мен өңдеу уақытын 30% қысқартуды көздейді.
Оған қоса 109 бірыңғай байланыс орталығының да жұмысы қарқынды жүруде. Бұл жүйе арқылы қаланың инфрақұрылымына қызмет көрсету үдерісіне тартылған барлық коммуналдық қызметтерді: жылу, электр, сумен жабдықтау, су бұру, қоқыс, люктер, жол шұңқырлары, қоғамдық мәселелері біріктіріледі. Тұрғындардан келіп түсетін барлық өтінімді қабылдаған оператор жүйеге енгізеді. Содан соң оны автоматты түрде осы мәселені шешуі тиіс ұйымға жолдайды. 
109 қызметі 24/7 жұмыс режимінде жұмыс істейді. Қазіргі күні орталықта барлығы 28 қызметкер 4 ауысыммен халыққа қызмет етуде. Олар үздіксіз, әсіресе жергілікті тұрғындардан келетін қоңыраулар легіне 24 сағат бойы жауап береді. 
Сонымен қатар орталық тұрғындардың өтінім жібере алатын немесе жағдайды егжей-тегжейлі сипаттай алатын құралдар ауқымы кеңейтілген. Олар: «komek – 109» мобильді қосымшасы (AppStore/ Playmarket) және WhatsApp (+77717000109), Telegram-бот (@kyzylorda109_ user_bot), Instagram (qyzylorda_109), Facebook (Жедел әрекет орталығы) әлеуметтік желілер арқылы өтінім бере алады.
Өткен жылы 109 қызметі облыстық сайлау комиссиясының бірыңғай «Call» орталығы болып бекітілді. «Smart City» жобалары аясында Қызылорда облысында «orda.kz» порталы 2023 жылдың 20 қыркүйегінен бері іске қосылып, портал (iorda.kz) көмегімен жеке және заңды тұлғаларға 83 бағыт бойынша (Қызылорда су жүйесі, Қызылорда тазалығы, Энергосервис, Қызылорда электржүйесі, «ҚЭТТҚ» АҚ, Қызылорда жылу орталығы) қызмет көрсетуде.
Бұрын тұрғындар кем дегенде 24 коммуналдық не авариялық қызмет орындарына хабарласатын. Ал қазір олай емес. Бір ғана 109 нөмірін теріп, туындаған мәселені асықпай түсіндіруге болады. Тек нақты айтсаңыз болды. Әрі қарай жұмысты орталық мамандары атқарады.
– Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 109 қызметі жүйесі әзірленіп енгізілген. Соның арқасында қаладағы тыныс-тіршіліктің барлық мәселелері бойынша, оның ішінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, табиғи газ, көпқабатты үйлердің жылу жайы және тағы да басқа мәселелерді 109 қысқа нөміріне хабарласуға болады. Әрбір тұрғын өзін толғандырған мәселесін операторға нақты түсіндіріп өтуі тиіс. Бүгінгі күні байланыс орталығы бірнеше мекемемен тығыз байланыста. Орталықтың басты артықшылығы – көптеген мәселелерді қашықтықтан шешеді. Инспектороператорлар халықтан өтінімдерді тәулік бойы қабылдап, тиісті мекемеге жолдайды, орындалуын қадағалап, тұрғынмен кері байланыс орнатады. Тұрғындар 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы өзінің тұрмыстық өтініштерін жеткізе алады. Кейде қоңырау барысында кеңес сұраушылар да кездеседі. Мұндайда операторлар қолдан келгенше тиісті орындар арқылы көмек көрсетеді. Біз хабарлама түскеннен кейін оның орындалған не орындалмағанын да анықтаймыз. Мысалы, үйден су кеткен жағдайда тиісті мамандар барып оны жөндесе, тұрғынның өзі де қоңырау шалып, алғысын айтатын кездер де болады. Сонымен бірге фотоға түсіріп, біздің +7771700109 whatsApp желісіне суреттерін жібереді. Өзіміз де бақылауға алып, тиісті мекемеге де, тұрғынға да шығып, мән-жайды анықтаймыз– дейді орталық директоры Руслан Бүркітбаев.
Расымен, орталық жылдам қызмет көрсетудің үлгісін танытып-ақ отыр. Оған қоса ауа райы қолайсыз болып, қар қалың түскенде, жаңбырлы күннің арты мұздаққа айналып, жол қатынасы қиындағанда да байланысқандар қапы қалмайды. Операторлар көмек көрсетуші құзырлы орындарға қоңырау соғып, жедел түрде шешім табуға жәрдемдесіп отыр.
Арасында кейбір тұрғындар шыдамсыздық танытып, қайта-қайта телефон шалатын кездер жиі болатын көрінеді. Мұндайда ашу үстінде артық сөз де айтылатыны белгілі. Бұған орталық операторлары асқан сабырлылықпен жауап беріп отырады. Сондай-ақ әр қоңыраудағы диалог телефон жадында сақталып, тіркелген уақыты бойынша қайта тыңдауға да мүмкіндік бар. Бұл тұрғындар тарапынан сенімсіздік болған жағдайда немесе операторлар қоңырау шалған әр адаммен дөрекі сөйлессе, дәлел бола алады.
Сонымен қатар 109 бірыңғай байланыс орталығының функциясы өтінішті кәдімгі телефон арқылы ғана емес, барлық әлеуметтік желілер, яғни қалта телефонымен де қабылдайды. Әрі бұл қоңыраудың барлығы тегін. Сондай-ақ сіз аса қиын жағдайда қалып, ұялы байланыс тым әлсіз не мүлде жоқ жерде 109 нөмірін терсеңіз, сіздің нақты мекен жайыңыз бірден анықталып, соған жақын жердегі құтқарушы құзырлы орынға хабар беріледі. Ғарыштық желінің осы кереметін ұқсата білген орталық адам өміріндегі қауіп-қатерлерге тосқауыл болып отыр.
Орталық мамандарының айтуынша, 109 қызметінде тәулігіне өтініштерді қабылдау мен тіркеудің орташа статистикалық саны – 454 өтінімді құрап отыр. Коммуналдық салаға қатысты апатты жағдайлар орын алғанда 3000-ға дейін өтінім саны артады. 109 бірыңғай байланыс орталығы қызметінің мақсаттарының бірі – тұрғындардың мәселелерін шешуде нақты бағдар беру. Осы күндері орталықтағы атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде.

Тағы да оқыңыз: