Kyzylorda-news.kz. Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 27 наурыз - Халықаралық театр күніне орай Жастар театрының сахналауындағы «Олимптің күйреуі» мифологиялық драмасы халық назарына ұсынылды.

Спектакльге арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қойылымнан соң сөз алып, атаулы мерекенің мәні мен маңызы, Жастар театрының бүгінгі беталысы жөнінде тілге тиек етті.

«Жалпы, өнер атаулының ішіндегі шоқтығы биігі – театр өнері. Театр адам баласының жан дүниесін байытып, ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен қиянат сынды қасиеттердің ара жігін ажырата білуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойындағы мәдениетті дамытуда театрдың рөлі айрықша. Осы мақсаттың үдесінен шығу жолында жанкешті еңбек атқарып келе жатқан Жастар театры ұжымын алғаш үйірме ретінде ашылған сәтінен жақсы білемін. Театр мәселесінің ең жанды жері – репертуар болса, өнер ұжымы бұл күнде түрлі жанрмен жарақтанып, шырқау шыңдарға беттеп барады десем қателеспеймін», – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов. 

Сондай-ақ театр труппасын кәсіби мерекесімен құттықтап, театр жанашырлары мен жас әртістерге облыс, қала басшылығының арнайы алғыс хаттарын табыс етті.

Сонымен қатар, рухани кештің құрметті қонақтарының бірі, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов белгілі өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов бастаған Жастар театры ұжымына шығармашылық өрістеу тіледі.

Тағы да оқыңыз: