Kyzylorda-news.kz Қалам мен қағазды серік етіп, журналистік жолда шыңдалған Балтабайдың ақындығы барын көпшілік біледі, жазушылық қыры мен қабілетінен де оқырман хабардар. Көркем әдебиет жанрын жанына серік етіп, өмірде көрген, білген, естіген әңгімесіне қиял қосып қуаттап, сюжетін келтіріп жазу қалам ұстағанның бәрінің қолынан келе бермейді. Әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Аябекұлы өзінің тырнақалды туындысын жарыққа шығарды. «Руханият орталығында» «Әке – қорғаным» атты кітаптың тұсаукесер салтанаты өтті.

Өзі жақсы адамның жанына ізгі жақсы жолдас болмақ. Өзі көпшіл Балтабайдың сыйласатын ортасы да көп екенін кешегі кеш дәлелдеп бергендей. Руханият ордасына айналған орталықтың залына лық толған оқырман жаңа кітапты қолға алып, парақтауға асыққаны аян.

Салтанатты іс-шараға аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, республикалық «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы, аудандық редакция ұжымы мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен әріптесіміздің жақын-жуық, туған-туысы, анасы арнайы қатысты.

5.jpeg

Жаңа кітаптың тұсаукесері әке мен бала арасындағы салмақты, мазмұнды әңгімеге, өсиетке негізделген прологпен бастау алды. Туындының тұсаукесерін Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп отырды.

– Ата-бабаларымыз «Жақсылықты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азая­ды» деп бекер айтпаған. Біз бірліктің ақ туын биік ұстап, ынтымақтың ырысты жолымен қай кезде де жақсылыққа болысып, игі істерге ұмтылған, жұдырықтай жұмылған, ал сынақ келсе бірге еңсеріп, қайғы келсе қатар көтерген текті ұлттың ұрпағымыз. Осы ретте жастайынан жақ­сыларға жанасып, жаратылысынан жанашырлықты жанына серік еткен, әкенің тәлімімен, ананың тәрбиесімен ізгі азамат болып қалыптасып, бүгінде еңбекке араласып, елге жақсы қырынан танылып жүрген қаламдас бауырымыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары, «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері Балтабай ініміздің орны бөлек. Ізетті ініміздің бағындырған әр биігіне қуанамыз, талабы мен талантын ұштап, сәттілік тілейміз. Ал былтыр ардақты әкесі Аябек ағамыз келместің кемесіне мініп кете барғанда қатар тұрып егіліп, бір отбасына ғана емес бүтін бір әулетке, қаумалаған ағайынға ортақ қайғыны жүрекпен қабылдағанбыз. Бәріне уақыт емші екен... Міне, бір жылға жуық уақыт өткенде әке өсиетінен, ана өнегесінен нәр алған бауырымыз «Әке – қорғаным» атты кітабын шығарып, жаңа туынды оқырман қауымға жол тартқалы тұр, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Одан кейін кезек «Әке – қорғаным» атты кітаптың тұсауын кесу, лентасын қию рәсіміне берілді. Ақ ниетті, ақ тілеулес жандар жаңа кітаптың тұсауын кесіп, оқырманның олжасына айна­луын тілек етті. Ақ тілегін арнау үшін сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Алпысбайұлына берілді.

– Бүгін мәні мен мағынасы жарасқан, тағылымы мол іс-шараға куә болып отырмыз. Жаңа өздеріңіз көрініске куә болдыңыздар. Әкеге махаббат деген осындай болса керек. Мен Балтабайдың әкесін, оның ар жағында аталарын, арғы тарихты білемін. Аталары атақты адамдар болған. Сонау заманнан Қазақ көшесінде тұрды. Бүгін сол қарашаңырақтың түтінін Балтабай ұлымыз түтетіп отыр. Әкелері, аталары қандай жақсы адамдар еді! Балтабай да сол ізгілердің тұяғы. Әрдайым жолың ашық болсын. Тағылымды туынды көпшіліктің сүйікті кітабына айналсын. Әсіресе әкеге деген махаббатың, сый-құрметің кейінгі буынға үлгі болмақ. Құтты, оң болсын!, – деді Мұса Келдібаев.

Одан кейін ақ тілектер мен ізгі лебіздерді «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Жайылханұлы, об­лыстық мәслихат депутаты Жұмабек Әшімұлы, мәдениет саласының үздігі Жантемір Айсин, ардагер-журналист Шаһарбек Нұрсейіт, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, Қорқыт ата атындағы университеттің аға оқытушысы Аякөз Әбдіразақова, «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы, меценат Мақсұт Әбдіғаппарұлы, ардагер-ұстаз Ұлмекен Жанәлиева жалғастырды. Одан кейін ағайын-туыстары мен әкесінің көзін көрген жандар тілектер легін жалғады.

Жаңа туынды «Әке – қорғаным» деп аталып, оған әңгімелер, мақа­лалар мен мөлтек сырлар, қысқа әңгімелер енгізілген. Жас қаламгердің тырнақалды әңгімелері көбіне өмірден алынған. Кітап материалдары «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясында теріліп, беттеліп, «ЖК Сыр медиа» бас­па­ханасынан басылып шыққан. Төл туындының алғысөзін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер-журналист Сәуле Ерімбет, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, автордың ұстазы Аягөз Әбдіразақова және Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жазып, жас жазушыға сәт-сапар тілеген. Кітап 5 бөлімнен тұрады. «Дала дүбірі», «Сезім сиқыры», «Перзенттік парыз», «Ең қысқа әңгімелер», «Өмір иірімдері» секілді тың тақырыптарды арқау еткен бөлімдерге автор өмірден алынған әңгімелерін топтастырады. Кітаптың техникалық редакторы – Ердос Сәрсенбекұлы.

                     6.jpeg                     
 

– Кітапқа тақырып таңдарда ұзақ ойландым. Осыған дейінгі уақытта талай ұстаздың алдынан өтсем де, нағыз өмірдегі ұстазым әкем екен. Барлық өмірдің парқын түсіндіріп кеткен әкенің орнын ешкім баса алмасы анық. Кез келген бастамаға қолдау көрсетіп отыратын жанашыр жанның алыстап кете барғаны өкінішті. Бұл – кітап жалпы оқырман үшін арналған. Өмірден теперіш көрген жандардың ғұмыры суреттеледі. Лирикалық әңгімелерді оқып, өзгеше хикаяларға қанығасыз. Сонымен қатар жазық даладағы небір тосын оқиға оқырманға жол тартады. «Ең қысқа әңгіме» бөлімінде айтатын ойымызды қысқа ғана қайырамыз. Ата-ана алдындағы перзенттік парызымызды арнайы бөлім арқылы жеткіземіз. Сонымен қатар «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, кітаптың шығуына демеушілік көрсеткен меценат, белгілі кәсіпкер Әбілдаев Мақсұт Әбдіғаппарұлына шынайы алғысымды білдіремін, – дейді кітап авторы Балтабай Аябекұлы.

Салтанатты іс-шара барысында аудан өнерпаздары әншашуын ұсынды. Жаңа кітапты оқуға асығып келген ойлы оқырманға сиясы кеппеген кітап үлестірілді. Кітаптың шығуына атсалысқан азаматтарға Аябеков­тер әулетінің атынан сый-құрмет көр­сетілді. Бала үшін әкеден асқан ұлы тұлға жоқ. Тұсаукесер рәсімімен бірге Аябек Ордабекұлының рухына Құран бағышталды.


7.jpeg

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Тағы да оқыңыз: