Kyzylorda-news.kz  Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филилогия факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы, тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және ғылыми-конференция қонақтарының қатысуымен Арал Аудандық мәдениет үйінде Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толу мерейтойына арналған «Ел қорғаны Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың жүргізуімен өткен конференцияда облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы бастаса, 60 жас мерейтой иелері Берекет Бақытжанұлына «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» тақырыбында баяндама жасап:

– Адамзат баласы табиғаттағы басқа да тіршілік иелері секілді белгілі бір қауымдастықтарға біріге отыра, дамып, өсіп, гүлденіп отырады. Ал кейде өкінішке орай, белгілі бір ішкі немесе сыртқы факторларға байланысты жойылып кетіп жатады немесе өзінен күшті, өзінен мықты басқа бір этностың ықпалына түсіп, оның этникалық шеңбері кеңістігінде қалып, өзінің даму бағытын жоғалтып, өзгенің даму бағытына түсіп жатады. Халықтың немесе этностың өмір сүруі үшін, дамуы үшін қолайлы шарттар мен алғышарттар және қозғаушы күштер қандай маңызды болса,дамуды анықтайтын негізгі белгілер де дәл сондай маңыз атқарады.

Сондай этностың дамуын көрсететін маңызды белгілеріне оның өзін – өзі басқара білуі, өзін өзі қорғай алуы, өзінің ішкі қатынастарын өзі реттей алуы секілді қасиеттері жатса керек.

Халықтың өзін – өзі басқара білу қабілеті – халықтың өзі қалыптастырған және бірнеше мыңдаған жылдар бойы халықпен қатар дамып отырған оның мемлекеттілігін, өзіне ғана тән әкімшілік-басқару жүйесін туғызады.

Халық бар жерде қоғам да болады, ал дамуы үшін көп қатпарлы, сан салалы қатынастарды туғызады.

Осы күрделі қоғамдық қатынастарды реттеп отыру үшін, оны уақыт пен замана талаптарына сай жетілдіріп отыру үшін билер институтын өмірге әкеледі. 

Дәл осылай секілді халықтың өзін-өзі қорғай алу қабілеті – халық тарихымен етене тығыз байланысты болып, мыңдаған жылдар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан оныңбатырлар институтын дүниеге келтіреді.

Қарап отырсақ, батырлар институты – билер институты секілді, мемлекеттілік институттары секілдіэтностың өмір сүруі үшін аса қажетті, маңызды шарттар қатарына жатып, этнос тарихымен, халық тарихымен тығыз байланыста, онымен етене дамиды. Оларды бір-бірінен бөліп қарау мүлде мүмкін емес, – дей келе, соның ішінде үш көтеріліске қатысып, батырлықтық өшпес үлгісін көрсеткен Жанқожа батырдың ерлігін ерекшелей айтып өтті.

Одан кейін Серікбай Қылышбайұлы «Жанқожа батыр» жырының нұсқалары туралы» баяндама жасап:

– Жанқожа батыр жайында 10-нан аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді.

Қалай болғанда да Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар мен аңыз әңгімелер Сыр бойы халқының жүрегінен өшпес орын алғаны анық. Енді осы кітапқа енген батыр жайындағы жыр нұсқаларының ғылыми сипаттамасына тоқталайық, – деп, Мұсабай жырау, Ж.Тілеповтың еңбегіндегі және Лұқпан Кенжеұлының нұсқалары мен Төремұрат жыраудың өлеңдеріндегі батырдың бейнесі жайлы ашып айтты.

Сонымен қатар Нұрлан Көбегенұлы «Жанқожа батыр туралы тарихи өлең жырлардың жаңғырығы және өміршеңдігі» жөнінде сөз қозғап, Болат Қуатов Жанқожа батыр тұсындағы майдандасы, айнымас серігі Бекмырза хан жайындағы «Бекмырза – Жанқожа батыр серігі» тақырыбында баяндама жасады.

Тарихқа көз жүгіртсек, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруында қаншама серіктес, үзеңгілес батырлар мен билердің тұлғасы танылады.

Солардың бірі әрі бірегейі – Бекмырза хан. Қазақ халқы Хиуа хандығы мен Қоқан хандығының қысымына, сондай-ақ патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күрескен кезеңде батыр жасағының басында замандасы Бекмырза хан батырды қолдап, оның жанында жүргендігі айтылды.

Фото: Арал ауданы

О.ЖОЛДАСОВ

Тағы да оқыңыз: