Kyzylorda-news.kz Наурызнама онкүндігінің төртінші күні - «Шаңырақ күні» жер-жерде шаттық көңіл-күйде аталып өтілуде. Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Шаңырақ – әрбір жанұяның жылы қонысы ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы. Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салт болған.
Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар. Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айрықша айтпасақ болмас. Осы отаулы мерекеге орай Жаңақорған ауданының кент орталығындағы «Шаңырақ» алаңында мерекелік шара ұйымдастырып, ұлттық құндылықтар жаңғырған күнді ерекше тойлайды.
Отбасылық құндылықтардың негізін қалап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылар бас қосқан шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы сөз алып, жиылған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сіздерді Күн мен Түннің теңелетін, табиғат-ананың оянатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесіне орай, бүгін «Шаңырақ» мерекесі аталып өтіліп жатыр. Ұлыстың ұлы күні тіршілік атауының өзегіне нәр жүгіртіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы Жібек жолы бойында қоныс теуіп, қаншама киелі тұлғаларға мәңгілік мекен болған қасиетті Жаңақорған топырағы тарих парағын тағы бір жаңа жылға жалғады. Әз – Наурызды облыста «Үздік аудан» атанған мерейлі қуанышпен қарсы алған жаңақорғандықтар Жаңа жылға жаңа үміт артып отыр. Кіріп келген Жаңа жылдан күтеріміз көп. Отбасыларыңызға аманшылық, дендеріңізге саулық тілеймін! Ұлыстың ұлы күні жасаған әрбір қадамдарыңызға құт дарып, бастамаларыңызға береке орнасын,– деп ақжарма тілегін жеткізді.
Айтулы шараға кент орталығындағы бірқатар мектеп ұжымдары да атсалысып, шараның шырайын кіргізді. Мерейлі мерекеге келген қонақтарды әуелі ақжаулықты әжелер әдет-ғұрыпқа сай шашу шашып, әуелете ән салып, қонақтарды ерекше көңіл күймен қарсы алды.
Әсіресе, сыйлы қонақтың бірі АҚШ елінің азаматшасы Анна Кубас шараның маңызын ерекше сезініп, қазақ халқына алғысын жеткізді. Өйткені, қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрлерін тамашалап, ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалған әндерге ерекше тамсанды.
Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан дайындалған арнайы дәм мен қолөнер шеберлерінің түрлі бұйымдары ұсынылды.
Шарада ақ жаулықты әжелеріміз диірмен тартып, келі түйіп, ұршық иірсе, бүлдіршіндер ұлттық ойындар ойнап мәре-сәре болды. Жиналған жұртшылық бесікке салу, тұсаукесер рәсіміне куә болды.
Сондай-ақ, кент орталығындағы «Құмсағат» алаңында әсем әндер шырқалып, спорттық ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталды. Ұлттық киім киген жас жұбайлардың некесі қиылып, оларға ақсақал «Наурыз бата» беріп, жас жұбайларға, бақыт пен береке тіледі.
Шаңырақ күні жастар мен жасөспірімдерге тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үлес қосты.