Kyzylorda-news.kz Наурыз мейрамы – Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түннің теңесіп, тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ. Міне, жыл басы, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз да келіп жетті. Бұл күнді күллі қазақ жұрты үлкен тойға ұластырып, дүбірлетіп, алты алаштың басын біріктіріп, ұлттық нақышта атап өтті. Жаңақорған төрінде де бұл мейрам көпке қуаныш сыйлады. Биыл кент орталығындағы “PRIME PARK” саябағына жиналған жаңақорғандықтар мерекелік кештің, қазақы салт-дәстүрдің куәсі болып, ұлттық тағамнан дәм татып, шат-шадыман көңіл-күймен атап өтті.

Биылғы Наурыз мейрамында саябаққа жиналған халықтың қарасы көп болды. Ағыл-тегіл келіп жатқан көпшіліктің жүздерінен мерекелік көңіл-күй сезіліп, таңнан саябақ төрінде болды. Әуелі ақ кимешек киген әжелер алаңда мерекенің сәнін кіргізіп, әуелете ән шырқан, жүріп өтті. Бірнеше киіз үй, алты шатыр тігіліп, мерекені тамашалауға келген халық наурыз көже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. 
Мерекеге келген жұртшылықты аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Құрметті жерлестер, қадірлі қауым!  Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні тіршілік оянып, күн мен түн теңеліп, табиғат-ана жасарып, жаңарып, ерен еңбектің думаны басталады. Адамзат баласы сағынышпен қауышып, өкпе-реніштерді ұмытып, бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өсіп-өнуін тілейді. Игі дәстүр бойынша біз де жаңа жылдан жақсылықтар мен жаңа жетістіктер күтеміз. Ұлыстың ұлы күні біз үшін қашан да ата-бабаларымыздың ұлағаты мен даңқын дәріптеген дәстүр ретінде қымбат. Жер бетінің қайта түлеп, табиғаттың арайлы шуағын шаша келетін шағы – адам баласына ерекше серпіліс беріп, рухани тазаруына ықпал етеді.
Ұлыстың ұлы күні – тәуелсіз қазақ елі үшін де жаңа жылдың символы, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Биыл мемлекетіміз үшін айрықша кезең – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл – біз үшін асқан мерейлі, ұлық мереке. Адамгершілік пен татулықты паш ететін Әз-Наурыздың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі орасан зор. Еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз мейрамы қай кезде де, қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келген. Бүкіл Шығыс халқына, барша түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамы – жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мереке. Ұлыстың ұлы күні – қай кезеңде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып, ұлттық дәстүрлеріміз бен әдетғұрыптарымыз жаңғыртылып, жалпы адамзаттық құндылықтар дәріптелген. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құтбереке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын! – деп ізгі тілегін білдірді.

Одан әрі Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған мерекелік кешке ұласып, көпшілік қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.  Ұлттық спорт ұлықталып, балғын білектілер бақ сынады. Қазақша күреспен қатар қол күрес, гір тасын көтеруден де жігіттер жалындады.
Жадыраңқы мейірімін төккен күн шуағына жонын төсеген киелі мекен бұрынғысынан да жанданып, жадырап, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Күн мен түн теңеліп, дастарханы аққа толатын мейрамды аудан халқы сән-салтанатпен тойлады.

Салтанатты шараның беташары аудандық мәдениет бөлімі қызмет¬керлері ұйымдастырған «Мәңгілік елді мәртебелеп, нұрландырған Әз-Наурыз» атты театрландырылған көрсетіліммен бастау алды. Наурыз тойдың көркін мың бұралған бишілер кіргізді. Ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен көрісіп, амандасып, ата ғұрпымыз осы күні тағы да бір айшықтала түсті. Мерекелік алаңда алты қанат ақ боз үйлер бой көтеріп, оның ішінде аудандағы барлық мекеме-ұжымдар ұлттық тағамдардан дас¬тархан жайып, қонақтар дәмнен ауыз тиді. Айта кететіні, аудан мешіттері тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына арнайы дастархан жайып, аудан тұрғындарына наурыз көже үлестірілді.

Сахнада салт-дәстүрді паш ететін тәрбиелік мәні бар көріністер қойылды. Ақ киізге оралған бес қарудың үстімен жүріп өткен нәрестенің тұсауын аудан әкімінің өзі кесіп, одан әрі халықты Наурыз мерекесімен құттықтады: Сіздерді Күн мен Түннің теңелетін, табиғат-ананың оянатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыстың ұлы күні тіршілік атауының өзегіне нәр жүгіртіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы Жібек жолы бойында қоныс теуіп, қаншама киелі тұлғаларға мәңгілік мекен болған қасиетті Жаңақорған топырағы тарих парағын тағы бір жаңа жылға жалғады. Әз – Наурызды облыста «Үздік аудан» атанған мерейлі қуанышпен қарсы алған жаңақорғандықтар Жаңа жылға жаңа үміт артып отыр. Кіріп келген Жаңа жылдан күтеріміз көп. Отбасыларыңызға аманшылық, дендеріңізге саулық тілеймін! Ұлыстың ұлы күні жасаған әрбір қадамдарыңызға құт дарып, бастамаларыңызға береке орнасын, – деп ақ тілегін жаудырды аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков.

  Сонымен қатар аудан әкімі елдің ықыласын иеленген бірнеше азамат¬тарды «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атағымен ма¬ра¬паттады. Олар: Жақсыбек Егізбаев, Тәжен Ержанов, Тұтқабай Сабырханов, Мадияр Ахметов, Алмас Бекжігітов, Бахыт Нұртазаев, Мұсабай Серік, Сауранбек Елеуов, Абдусаттар Мырзабаевтар. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Әмір Серікұлы, Ғабиден Кенжебекұлы, Гүлмира Серікқызы марапатталса, заң саласы ардагері Әлібек Сүгірбаевқа «Көліктегі ішкі істер органдарына 100 жыл толуына» орай мерекелік медалі табыс етілді. Тағы да бірнеше азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. «Үздік аула», «Таза көше», «Үздік кәсіпорын» номинациясы иегерлеріне де осы күні қошемет көрсетілді.
Одан әрі табиғат жаңаруының нышаны саналатын салтанатты мереке жалғасын тауып, салт-дәстүрді жаңғыртқан мерекеде ән-жырдан шашу шашылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Балуандар белдесіп, көпшілікке наурыз көже тартылды. Әр мекеменің тіккен қазақ үйінде ақ дастархан жайылып, жұртқа дәм-тұз тарту етілді. Аудандық мешіттердің атынан жайылған дастарханда көп балалы отбасылар мен тұрғындарға ас берілді.
Айта кететіні, Наурыз – күллі қазақ халқын біріктіретін, ұлысты ұйыстыратын ұлы мереке. Бұл – ұлттық мәдениетіміз бен ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы. Өйткені, қазақ халқының ұлттық құндылықтары, рухани мұралары әз-Наурызбен біте қайнасқаны анық. Ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай ізгі дәстүрлердің мазмұнын одан әрі байыта түсу маңызді іс.

Сонымен қатар, Жаңақорған аудандық архиві, аудандық жылжымайтын мүлік, жер кадастор мекемесі және спорт клубы, азаматтарға арналған үкімет мекемесі ұжымы ұйымшылдықпен атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ұлыстың ұлы күнінің ұлылығын насихаттап, көпке өнеге көрсетіп, елге тамаша тарту жасап жүрген Жаңақорған аудандық архивінің директоры Зағипа Абжелелова ұжымдық наурыз мерекесін атап өтудегі басты мақсатын былай түсіндірді. – Кешегі Кеңестік кезеңде Наурыз мерекесін тойлауға түрлі себептермен тыйым салынғанын да жақсы білеміз. 2010 жылы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Әлем мәдениеті» бағдарламасына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды.

Міне бүгінгі күні – Наурыз – ақ жүректен жаңару және ұлттық дәстүрімізді насихаттап толыққанды салтанатпен атап өтілетін мерекеге айналды. Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің, ауызбіршілік пен ынтымақтың белгісі, ырысы төгілмес тірліктің бастауы! – дейді ол. Ақ дастархан жайылған аулаға көрік беріп, қазақтың ұлттық киімін киген тұрғындар мен ұйым өкілдері жайғасты. Көптен бері көрмей жүрген жандар төс қағыса амандасып, саулық сұрасып жатты. Қазан толы наурыз көжені қайнатқан қыз-келіншектер бар ықыласымен қонаққа дәм ұсынды. Ән мен күйден жыр шашылып, ақ тілектер төгілді. Көпшілік шарада аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, ауданның құрметті азаматтары Серхожа Ыдырысов, «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов және еңбек ардагері Айша Наубаева жылы лебіздерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. «Әл-мүмин» мешітінің бас имамы М.Баймұратов құран бағыштап, ақ батасын берді. 

Наурыз мерекесі – рухани жаңғыру мерекесі ғана емес кіл мықтылардан кім мықтыны анықтайтын сайыстың да алаңы. Осы күні аудан спортшылары орталық алаңда «Ұлттық спорт-ұлт салауаты» атты ұлттық ойындар ұйымдастырып, жас ұрпаққа ұлыс күнінің маңыздылығын насихаттады. Жасөспірімдер арасында қазақша күрес, асық ату және тағы басқа да ұлттық ойын түрлері ойнатылды. Жастар арасында қазақ күресі, еркін күрес, асық ату, ләңгі тебу түрлерінен аудандық спорттық жарыстар өткізілді. – Ләңгі тебу ойыны ерекше ептілікті талап етеді. Мұны меңгерген талапкерлер аз. Себебі, интернет ойыны озған заманда аяқ-қол қимылынақұлшыныс аз. Сондықтан осындай бұхаралық ойындар жиі өтсе, дәстүрлі ойындарымызға ынта артады, – дейді ләңгі ойынының жеңімпазы Нұрлыбек Жарас. Жеңімпаз жүлдегерлер аудандық мәдениет және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталды.

Жастар – ел тірегі. Ұлық мерекенің мәйегін айшықтап, жастық жігерлері мен жалын бітірген жастар ресурстық орталығының ұжымы аудандық ардагерлер үйімен бірлесіп, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі» атты көпшілік шараны өз аулаларында атап өтті. Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ауданның құрметті азаматы Музарап Махмудов, «AMANAT» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитовтер сөз алып, ел бірлігін нығайтатын бұхаралық мерекенінің маңыздылығын айтты. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл шараның ерекшелігі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне негізделген спорттық сайыстарды ұйымдастыруында. Ұлдар арасында бұқа тартыс, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі ойыны ойнатылды. Қол күресіне білек сыбана шыққан қыз-келіншектер де ұлттық мерекенің сәнін кіргізді. Біз осы мерекенің қадірменді қонағы Рахима Әбсаттарованы әңгімеге тартқан едік. – «Көппен көрген ұлы той» деп текке айтылмаса керек. Ел болып қалуымыз үшін көнемізді жаңғыртып, рухымызды оятып, құндылықтарымыздың қадірін арттырып, келешек ұрпаққа аманаттай білсек болғаны. Осынау ұлы күнде жақсы жандармен қауышып, жанымыз жадырап, рухани күш алдық. Бірлігіміз бен берекеміз ортаймай, ел игілігіне еңбек етейік! – дейді ол. Ажары артқан аққұмда Ауданымыздағы шағын ғана түтіннен тұратын Аққұм ауылында биыл бірінші рет ауыл тұрғындарының наурызы мектеп ауласында ұйымдастырылды. Жалпы аққұмдықтар үшін соңғы бесжылдық толайым жақсылық пен жаңалыққа толы болды. Ең бірінші қуаныш – ауылда типтік жобада жаңа мектеп бой көтерді. Ауыл балары кең де жарық, жылуы жақсы, интернетпен қамтылған заманауи мектепте білім алуда. Екіншіден, бұл ауылда жылдар бойы жол мәселесі өте қиын болып келген болатын. Трассадан ауылға бұрылатын көліктер жаңбырда балшыққа батып, барар жеріне жету мұң болған күндер талайдың жүйкесін жұқатты. Сол жолдарға тас төселіп, ретке келтірілсе өткен жылы асфальтталып, тақтайдай жолмен әп-сәтте жетіп баратын болдық. Міне, осындай жетістіктерге қол жеткен ауылда Наурыз тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көзбен көріп оралдық.

Мектеп басшылығына жаңадан барған жас Нариман Жакудаев ауылдағы алтын ұяда жақсы дәстүр қалыптастырмаққа ауыл үлкендерінің басын қосып, батасын алуға ниеттеніпті. Алдын-ала құрылған ақ отаудың айналасын ұлттық нақышта безендіріп, мектеп ауласына кең жайылған дастархан көпшіліктің дайындағы ас мәзірімен берекесі артып, ауыл тұрғындары мерекеде бір кісідей бас қосты. Ел ағасы Тілеухан Мүсілімов құттықтау сөзін айтып, ақ батасын берсе, ауыл имамы Кәдірбек Әуелбеков құран бағыштады. Келесі кезекте мектептің өнерпаз оқушылары «Шаттық» биімен ортаны толтырды. Одан әрі Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасыр қонаққа келіп, ұлттық мерекенің мазмұнын арттырды. Ал бастауыш сынып бүлдіршіндері «Наурызкөк» құсы жайлы көріністі тартымды бейнелеп берді. «Қымызмұрындық» дәстүрі мектептің қызметкерлері мен жоғары сынып оқушылары сахналауында жарасымды көрініс тапса, ардагер ұстаз Нәзікай Шораеваның қолынан шәкірттері шашуға ие болды. Бір қуаныштысы, осы жылдан бастап ауылдағы №221 негізгі мектебі он жылдыққа айналды, келер жылы он бірінші сыныпта оқытып, бірінші сыныпта құшағына қабылдаған төл шәкірттерін өзі қанаттандырып шығарып салуға мүмкіндік туып отыр. Міне, соның нәтижесінде бүгінгі наурыз мерекесінде кеудесі көк тіреген бозбала мен бойжеткеннің салтанатты тұрқы туған жер тұрғындарын қойып, сырттан барған біздің де көңілімізді елжіретті. Барлығымыз болып мектеп оқушылары орындауындағы «Наурыз-көктем», «Қазағымның дәстүрлері-ай» әніне қошеметпен қол соқтық. «Берекелі дастархан», «Қара жорға» биі композициялық құрылымының әсемдігімен көрермендерге эстетикалық шабыт сыйлады. Бір дастархан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған ауылдағылар жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татып, арқа-жарқа көңіл-күйлдерін жасырмады.

 «Қыранның өрендері өнерге құштар Кент орталығындағы талапкерлерге биылғы жылы есігін ашқан «Қыран» мектебінде қазіргі күні 170 бала жетінші сыныпқа дейін білім алуда. Наурыз мерекесіне бұл білім ошағы да үлкен дайындықпен келіпті. Ұстаздардың негізгі құрамы жоғары санатты бұл ұжымда танымал спортшы, әлемдік деңгейде жүлдегер атанып жүрген Жомарт Мамбетов пен Исламбек Нағызхановтың шәкірттері қазақша күрестен Астанада өткен сайыста жүлделі орын алып келгенін естіген едік. Бүгінгі мерекеде сол бағландар ұлттық спорт түрлерінен алаңда өз өнерлерін көрсетті. Мұнан басқа жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны жүргізген мектеп хореографы Әлеудин Толғанайдың мол ізденісті жұмыс жасағаны көрінді. Бірінен соң бірі қызықты өрілген қойылымдар мен спорттық ойындар жас бала түгілі үлкендердің өзін таң-тамаша қалдырып, көктемнің әдемі күнінде керемет көңілкүй сыйлады. Ата-әже рөлінде Асылбек Сайпиров, Фарида Маханова ойнаса, бағдарламаны қазақ тілі мұғалімі Береке Әбшенова жүргізді. Шарада сөз алған мектеп құрылтайшылары Әмір Азнабаев, мектеп директоры Шолпан Мажитова тәрбие атаулының төресі – өнердің орны туралы тоқталып, жас ұландарды ұлттық рухта тәрбиелеудегі Наурыз мерекесінің қадірқасиетіне тереңірек тоқталды. 

Ұлт достығын ұлықтаған Дана халқымыз жыл басы санаған наурыз айында ел-жұрт жадырап, ағаш егіліп, тұрғындар бір-бірімен көрісіп, мәз болысып жатады. Көптің басын қосатын осынау ұлық мерекенің жыл сайын әрін кіргізіп, құндылығын арттырып келеміз. Соның бірі – шет елдіктерді тамсандырған Қорғантоғай халқының наурыз тойы. Ертеректен Сырдария өзеніне жақын қоныс теуіп, төрт-түлікті түлетіп отырған қорғантоғайлық ағайын ауызбіршілігінің бекемдігімен ерекшеленеді. Татулықты ту еткен тұрғындар биылғы мерекені де айрықша атап өтті. Көшенің бойындағы жасыл желекке ошақ құрып, қазан асып, ұлттық нақышта киінген ер азаматтар мен қыз-келіншектердің сыртқы келбеті қазақ елінің барлық болмыс-бітімін айқындап тұрғандай көрінді. Әдемі кеште қариялар бата беріп, үлкендер ақылдарын айтса, інілер ізеттілігін көрсетіп келген қонақтардан сыйқұрметін аямады. -Күн мен Түннің теңеліп, Жер анамызға жайқалған көктеммен бірге келетін ұлттық мерекеміз баршамызға құтты болсын. Биылғы жыл еліміз үшін ырыс-несібеге толы, жағымды жаңалықтары көп берекелі болғай, – деді кент тұрғыны Құлахмет Әлменов. 

Одан әрі арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу, қол күрес, қазақша күрес сынды ұлттық ойындар ойнатылып, мерекенің ажары кіре түсті. Айта кететіні, елде өтіп жатқан саяси науқанға арнайы бақылаушы болып келген даниялық азамат Эрик ТауКнудсен мен ресейлік Иван Филатов қазақ дастарханынан ас ішіп, елдің қонақжай пейіліне тәнті болғанын жасырмады. Мұндай мерекені бұрын-соңды көрмеппін. Бұл не деген керемет мейрам. Қыздардың көйлектері де өте көркем екен. Наурыз көженің дәмі ерекше. Өз еліме барғанда қазақ халқының осындай ұлттық мерекесі барын айтып жүретін болдым. Ертеңгі саяси додада сіздердей пейілі дархан халыққа мықты депутаттар сайланады деп сенемін. 

Жылдан-жылға бай мазмұнға ие болып, мерейі мен мәртебесі арта түскен айтулы мерекенің ақ тілекпен бас қосқан барша ағайынды ортақ мұратқа топтастыра түскеніне толықтай көңіліміз орнығып, шырайлы шарадан мерейіміз тасып қайттық.

Наурыз – достық пен еркіндіктің мерекесі. Олай болса, Наурыз құтты болсын! Төрт түлік сүтті болсын. Асқа толсын қазаның, кең пейілді қазағым! Еңбегің жемісті болсын, жан-дүниең жаңарсын, көңілің сүттей ағарсын! Жаңа жыл ұлысты болсын. Еліміз ырысты болсын! Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Бір сөзбен түйіндесек, Наурыз-рухани жаңғыру айы. Рухани бай, өркениетті елге айналайық!

Тағы да оқыңыз: