Kyzylorda-news.kz Жаңақорған аудандық Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде 1 сәуір - күлкі күніне орай режиссер Тохтар Әжімұратов дайындаған жазушы, драматург Баққожа Мұқайдың "Сергелдең болған серілер" атты спектакльін (комедия) "Жаңақорған" халық театры сахналады.
1 сәуір – күлкі, әзіл - қалжыңға толы сонымен қоса өзгелерді алдау күні деп есептеледі. Бұл күні алданғаны үшін ешкім қабақ шытпайды. Күлкі адамды емдейді және жағымсыз қасиеттерден тазартады деп түсінген. Бұны «рухани тазару» (катарсис) яғни күлкі арқылы тазару деп атаған. Қысқа әзілдер мен сықақ өлең, өткір тілмен жазылған қысқа сөйлемдер ең алғаш осы кезеңде пайда болған делінеді. Әзіл әңгімелер алғашында қабір тастарында жазылған, сонан соң әдеби шығарма болып енген.
Қазіргі кезде 1 сәуір күні ешкім демалмайды, бір - біріне сыйлық ұсынып, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек ел бір - бірімен қалжыңдасып, көңіл көтереді.
Осы атаулы күні мәдениет майталмандары көпшіліктің көңілін көтеретін ерекше қойылымды сахналады. Ондағы әрбір іс-қимыл, көңіл шаттыңы, сезім дірілі, шаттық-күлкі, қуаныш пен қайғы тікелей көрерменге әсер етіп, түрлі күйге түсіреді. Осыдан көрерменнің өмірге, коғамның тыныс-тіршілігіне деген өзгеше көзқарасы қалыптасады. Осыны сезіну үшін жан дүниемізді күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да арашалап, рухани демалыс сыйлады.
Аудан тұрғындарының танымы мен талғамына сай жұмыс істейтін өнер ұжымының әрбір сахналаған көрінісі ерекшелікке толы. Сомдаған рөлдерінен сол кезеңнің әділетсіздік жаулаған түйткілді мәселелері мен әлеуметтік шындықты көрдік. Оқиғаға арқау болған жан тебірентерлік көріністен қасіретке толы қазақ тарихын көріп, режиссердың зерделеу жұмысына, артистердің ойнау шеберлігіне тәнті болдық. Рухани кешке жи¬налған қауым да кейіпкерлермен бірге мұңайып, қосыла күліп, сахнадағы көріністі жан-жүрегі¬мен жылы қабылдап отырды.
Сахна өнерінің негізгі мақсаты – қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін өз уақытымен үндестіре алу болса керек. Бүгінгі күнмен үңдестік тапқан «Сергелдең болған серілер» осы мақсат үдесінен шықты. Қойылымда режиссердің, сондай-ақ, актерлердің де ой-толғамы, берілген тапсырманы шынайы орындағаны айшықталды. Ханшайым рөлін халықты өзінің өнерімен тәнті еткен актриса Кенже Әкімбаева сомдаса, актерлік құрамда өнер көрсеткен Сайрам Ділманов, Абай Камалов, Балмұхаммед Әбжаппаров, Жасдәурен Сабырхановтар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Осы ретте аудан жұртшылығы өнер ұжы¬мының кезекті қойылымын алдағы уақытта да асыға күтетінін айтқымыз келеді.