Kyzylorda-news.kz  Көктемнің шұғылалы жайма шуақ уақытында "Көрісу" мерекесі іргемізден енді. Көрісу күніне орай Жаңақорған аудандық партия филиалының төрағасы Арман Мажитов айналамыздағы ағайын-туыс, дос-жаран мен қаумалаған қауымға сәлем беріп, атаулы мерекемен шын жүректен құттықтады! Өйткені, бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам. Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді.

– Халқымызда Наурыз мерекесі ежелден бері атап өтіледі. Бірақ Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасы айшылық алыс жол болса да, Наурызды атап өту ерекшелігінде көп өзгешелік жоқ. Бәрі де – алты ай қыстан аман шыққан елдің арқа-жарқа жай-күйін дәріптеуі, көкке мойын созып, аққа аузы тиген жанның бірлігі мен тірлігіне шүкірлік етуі, көбесі сөгілген қар ерігеннен кейін ат-түйеге тақым артып, ауыл-ауылдағы ағайын-туысқа сәлем беруі, соғым соңын қазанға сап, наурызкөжеден ауыз тиюі. Дегенмен, ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені Көрісудің мәнін аша түсетіндей. Бұл – қазақ халқының татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше дәстүрінің бірі. Тамырын тереңнен тартқан халықтың осындай құндылықтардың арқасында қазір Қазақ елі әлемдік аренада айшықты орнын алды. Бұған басты негіз – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, халықаралық және ұлтаралық татуластық болып табылады. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері қашан да қазақ халқына бас ие отырып, оның салт-дәстүрін де ерекше бағалайды. Соның ішінде Көрісу күнін біз асыға күтеміз. Бұл күні үй ішінде жыл сайын ерекше мереке бастау алады. Осындай игі дәстүрдің мәні мен маңызын кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыру бізге парыз. Батыс аймағында кеңінен қолданыстағы осы дәстүр алдағы уақытта барша Қазақ даласына, оны мекендеген әрбір ұлт өкілінің бойына дарыса, қандай ғанибет, – деп ақжарма тілегін білдірді.

Көрісу. Бұл мейрам бір замандары – күллі қазаққа ортақ мереке болған. Олай болса, неге қазір барша жұрт тойламайды? Неге тек Батыс өңірде ғана сақталған?

Этнограф, тарихшы Жамбыл Артықбаев былай дейді:

– Негізінен батыс өлкеде сақта¬латыны, батыста қазақтың үлесі көбірек болды. Кеңес заманында да, патшалық дәуірлерде де, Маңғыстаудың шөлейт жерлеріне орыс отарлаушылары бара қойған жоқ. Ал Орталық, Шығысымыз бен Оңтүстікте орыспен қан-жынымыз араласты. Араласпағанның өзінде, көп қазіргі ауылдар өздерінің тарихи-табиғи орнында отырған жоқ. Коллективизация кезінде қолдан жасалған ауылдар, бұлардың көбісі. Малыңды ортаға сап, өзіңді күштеп коммунист еткенде, қай дәстүрің есте қалады? Ал Маңғыстауда Адайдың шалдары 40-шы жылдарға дейін Советті мойындамай, құм арасында жүрді емес пе?

Сондықтан батыс өлкеде, қазақ¬тың байырғы дәстүрлерінің бірсыпырасы сақталған.

Көрісу – исі қазаққа ортақ мейрам екеніне тағы бір дәлел. Әдебиетті ашыңыз. Ол айтпаған сөз, ол қозғамаған тақырып жоқ – дейтұғын Абайымыз, көрісу туралы бүй дейді:

– Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, 
  Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
  Шаруа қуған жастардың мойны босап,
  Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. Мұны жазып отырған, шығыста туған, Семейдің Абайы. «Көрісіп, құшақтасып» – деп, қазіргі көрісуді айтып отыр.

Жә, Абайдан сәл әрірек заманда, қазақ арасына ағылшын суретшісі Джон Кэстль келіп, осы көрісу рәсімін қағазға түсіріпті. Қолдарын жайып, құшақтарын ашып, көрісіп жатқан сәтті көресіз, әлгінің картинасынан.

Көрісу мейрамының тарихын іздесек, бұл мерекені адам баласы – Ұлы Дала төскейіне тұрақтай бастаған сәттен-ақ тойлаған секілді. Өйткені, бетіне 5 мың жыл бұрын шимай түскен петроглифтік тастарда осы мерекенің символдары көп кезігеді. Екі адам бір-бірімен қауышып, көріскелі жатқан сұлбалар көп, әлгі тастарда.

Енды сұрақ. Сонда, көрісуді бір тойлап, 22-ші Наурызды тағы тойлаймыз ба? Жоқ, мерекені 14-нен бастап кетеміз. Осы нағыз қазақы тойлауға жатады. Бір қызықты айтайық. Қазақ еш уақытта – Ұлыстың ұлы күнін дәл бүгінгідей Наурыздың 22-де, бір-ақ күнде апыр-топыр тойламаған. Иә-иә, орыстың жаңа жылы құсатып, бір күнде өткеріп тастап, ертеңіне мейрам аңсап жүрмеген. Наурыз мейрамын 14-ші Наурыздан бастап, 22-не дейін, 9 күн тойлаған. Неге десеңіз, жер шалғай. Үздік-создық келіп жатады, келгендерді күтіп жатады. Солардың барлығы да көрісіп жатады. Қуаныштарын бөлісіп жатады. Сөйтіп Наурызды ақырындап тойлайды. Яғни 14-нен бастап, біз Наурыз мейрамын ресми мерекелеуге болады. Бірақ, 9 күн бойы демалыс жариялап керегі жоқ, оған. Мереке деген демалыс емес.

Иә, АМАЛ – ДЕМАЛ деген сөз емес. Ол еуропа жұрты, мейрамды қаңғыру, ішіп-жеу деп білетін. Ал Қазақ үшін, мейрам – мейірім, татуласуға тырысатын күн. Біздегі барлық мейрам – осы мақсатта өткізіледі. Сонымен, 9 күн тойды қалай өткермек керек? Бірінші күнді көрісуге арнап, ертеңіне көшет отырғызып, ең соңғы күн яғни 22-ші Наурызды астанамызда ғажап жиын өткерсек.

Қысқасы, Наурыз мейрамының беташары – көрісуді жатсынуға болмайды. Кірме кейбір "мейрамды" құшақ жая қарсы алып, көрісуді жатсынғаның не еткенің?! Ұлт боламыз десек, ұлттығымызды дәріптейтін, қазақ үшін ең керекті осы мейрамның кең етек жаюына атсалысайық. Көрісу күні, амал мерекесі құтты болсын.

 

Тағы да оқыңыз: