Kyzylorda-news.kz  Кеше Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы аясында «Жас Арал өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» атты фестивалдің қорытынды кеші өтті.
Салтанатты шараны Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп ашып, жастарға деген жыл сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келе жатқан фестивальдің маңызына тоқталды.
   – Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында білім тұрады. Білімділігі мен біліктілігін байқатқан аудан жастары «Жаңа дәуір – Жаңа ғасыр» атты фестивальде өздерін басқа қырынан көрсете білді. Еңселі елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін ескерсек, жердің де, елдің де иесі – жастар. Сондықтан, елдің ертеңі болған аудан жастарының келешегіне сәттілік тілегім келеді, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Мұнан соң, «Ғылыми жоба» бағыты бойынша үздік болған жастарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу грантының сертификатын табыстады. Сондай-ақ, «Интеллектуалдық сайыс» бағыты бойынша жүлделі орын алған жастарға «РЗА-АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, Имандосов Нұрлан Самұратұлының қаржылай сыйлығы табысталды.
Ал, «Жаңа дәуір – Жаңа ғасыр» фестивалінің “Патриоттық әндер” байқауы бойынша жеңіске жеткен жастарды «Ақжол құрылыс Қазалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақжолова Сания Нұржаубайқызы марапаттап, ақшалай жүлдесін тарту етті.
«Бақдәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен өткізілген «Шахмат» бағыты бойынша, «Бақдәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Шәміл Ырысты Бақдәулет Асылханұлы жүлдегер жастарды марапаттап, сыйлықтарын табыстады.
Сонымен қатар, ауданда «Жастар бастамаларымен өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шараларға қолдау көрсетіп жүрген біршама кәсіпкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Қазалы ауданы жастары төрт бағыт бойынша бақ сынайтын фестиваль ауданда дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Тағы да оқыңыз: