Kyzylorda-news.kz  Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Жастардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болары анық. Сол себептен қашан да жастарға үлкен сенім артылған. 12 тамыз – жалынды жас буынның халықаралық мерекесі. Мейрам аясында өткізілетін шаралар легін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров баяндап берді.

– Жоспар бойынша Жастар күні 3-12 тамыз аралығында әр күнге тақырыптық атау беріле отырып атап өтілмек. 3 тамыз – «Таза Қазақстан» деп аталады. Бұл күні жастар мен жастар ұйымдарының, волонтерлер мен белсенді экологиялық қозғалыс өкілдерінің қатысуымен тазалық акциялары өткізіледі. 4 тамыз – «Жас келсе, іске!». Қазақстандық ынталандырушы және көркем фильмдерді, оның ішінде жас режиссерлер түсірген фильмдерді көрсету мақсатында «Aspan Cinema» шарасы ұйымдастырылады. Ал, келесі күн жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр.

Атап айтқанда, «Жастар денсаулық орталығының» көшпелі форматтағы ашық есік күні, барлық деңгейдегі емханаларда скринигтер, мамандардың консультациялары, «Донор бол!» ерікті түрде қан тапсыру акциясы ұйымдастырылады. 

– 6 тамызға «Ғылым таппай мақтанба» деген атау қойылды. Өздеріңіз байқағандай, бұл күні білім құндылықтары мен зияткерлік қабілетті дамытуға басымдық беріледі. «Кітап сыйла», «Түнгі кітапхана» акциялары, квиз және интеллектуалды сайыс форматында заманауи ойындар ұйымдастырылады. 7 тамыз – Мейірімділік мекені. Бұл күн қайырымдылық бағытында атап өтілмек. «Игі істер марафоны», «Әлеуметтік дүкен» қызметі ұйымдастырылады. 8 тамызда «Қазақстан жастары» тақырыбында танымал тұлғалардың қатысуымен түрлі салалар бойынша ТЕД-х форматында кездесулер өткізілмек. 9 тамыз – Еңбек бәрін де жеңбек деп аталды. Бұл күні орталықтардың бастамасымен және жастардың сұранысы бойынша қолға алынған «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы облыс бойынша өткізіледі. Ал, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» күнінде Абай атамыздың шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі байқаулар, челленждер, бейне құттықтаулар сериясы ұйымдастырылады. Себебі, өздеріңіз білесіздер, еліміздегі мерекелік күнтізбесіне бұл күн «Абай күні» болып енгізілген. 11 тамызға «ҚОРҒАН24» деген атау қойдық. Бұл күннің ерекшелігі жастар арасында зиянды әрекеттердің алдын алуға бағытталып отыр. Онкүндікті «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ!» атты open air форматындағы кешпен қорытындыламақпыз. Облыс орталығында өтетін шараға жастар арасында танымал эстрада жұлдыздары да қатысады деп жоспарланып отыр,- деді Әліби Төлепбергенұлы.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: