Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданында ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған “Өшпес тұлға жолымен” атты халық театрларының облыстық байқауы бастау алды.
Аймақта осыдан алпыс жыл бұрын халық театрларының арасында 1962 жылы Қазалы, 1967 жылы Жаңақорған, 1972 жылы Арал, 1973 жылы Қармақшы аудандарының театрлары алғашқылардың бірі болып «Халықтық» атағын қорғаған.
Ал, 2016 жылы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары бойынша 12 халық театры халықтық атағын қайта қорғаса, сол жылы Қазалы қалалық драма үйірмесі мен Ақай ауылдық драма үйірмелері аттестациялық байқауға қатысып «халықтық» атаққа ие болды.
2020 жылы «Театр көктемі» облыстық онлайн байқауында Арал ауданы бойынша Аманөткел, Қызылжар ауылдық және Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық мәдениет үйлері жанындағы халық театрлары отандық драматургтердің шығармаларын жоғарғы деңгейде сахналап, жүлделі орындарға ие болды.
Бүгін Жалағаш аудандық әкімдігінің қолдауымен, режиссер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Тынымбай Сауранбайұлы Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты халық театрларының облыстық байқауы бастау алды.
Байқауға клуб кәсіпорындары мен мәдениет үйлерінен 13 халық театрлары қатысып, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, Иран Ғайып, Тахауи Ахтанов, Шыңғыс Айтматов сынды дрматургтердің шығармаларын сахналап, көрермен назарына ұсынбақ.