Kyzylorda-news.kz. 21 мамыр – еліміздегі мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Елдің рухани дамуы мен кемелденуінде ең маңызды саланың бірі де осы. Ауданның мәдениет саласы қызметкерлері де халыққа үздіксіз мағыналы дүниелерді ұсынып, салаға серпін беруде қажырлы еңбек етіп келеді.

Жалағаш ауданында бүгінде 6 аудандық, 31 ауылдық мәдениет ұйымы бар. Оның ішінде 7 мәдениет үйі, 9  ауылдық клуб,  18 кітапхана,  тарихи-өлкетану музейі, руханият орталығы, Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй кешенінің жұмысы үйлесімді деп айтуға толық негіз бар. Бұдан бөлек 4 халықтық ұжым, яғни  «Алтын-арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамблі, «Халық» театры, «Арай» мәдени үгіт бригадасы аудан тұрғындары үшін жұмыс жасауда. Жалағаш аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қай жағынан алсақ та күн демей, түн демей әркез қызметке дайын екенін бойындағы өнерімен көрсетіп келеді. Жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстардың ең бастыларына тоқталар болсақ, биылғы жылдың басты ерекшелігі – мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын атап өту. Қазақ мәдениетінің, руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның есімін халық жадында сақтап, өнегелі ісін жастарға үлгі ету мақсатында «Түркі әлемінің Темірбегі» атты облыстық ақындар айтысы өткізілді.

Сонымен қатар еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқи¬ғалар мен ұлы тұлғаларды танымал ететін, ел мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ең тиімді тәсілдердің бірі кино саласы екені белгілі. Осы ретте бұрынғы мәдениет және өнерді дамыту орталығы аудан тұрғындарына Ел тәуелсіздігінің тұғырлы көрінісін ұлықтайтын, имандылық, тәрбиелік маңызы бар қазақстандық патриотизмге үндейтін, рухани-мәдени мұраларды насихаттайтын отандық кино туындыларын үлкен экран арқылы көрсетуде кешенді жұмыстар жасады. 

Аудандағы мәдениет үйінің бір міндеті – өнерпаздардың шығармашылығын уақыт талабына сай дамытып, оның мән-мағынасына, ерекшелігіне қарай бағыт-бағдар беру, шығармашылық өнердің рөлін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстарды жүргізу. Жас таланттарды табу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық және көркем-эстетикалық білім беру бағытында Жаңаталап ауылдық клубы жанынан жаңадан 2 үйірме, яғни «Киімдерді үлгілеу, пішу және тігу», заманауи АРТ-индустрия және Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан «Балдәурен» балалар драма үйірмелері ашылып, қазіргі таңда мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында барлығы 95 үйірме жұмыс жасауда. 

Осы ретте ауданда ақындар мектебі қалыптасып келе жатқанын айта кетейік, Руханият орталығы жанынан құрылған «Адырна» жас ақындар үйірмесінің мүшелері ақындар айтысында, жыр-мүшәйраларда  жүлделі орындар иеленуде. Сондай-ақ Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Алтын-Арай», «Тұмар», «Эверест» би топтары мен Ақсу ауылдық клубы жанынан құрылған «Ән» үйірмесінің өнерпаздары әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуде.

Аудандық мәдениет үйі былтыр аудан мәдениетін республикалық мәдени кеңістікке ықпалдастыру, насихаттау мақсатында бірқатар жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, Аққұм ауылдық кітапханасы «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясына ие болса,  Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қызметкері Руслан Бурабай «Үздік аудандық мәдениет үйі қызметкері» номинациясының жеңімпазы атанды.  Қазіргі таңда кітапхана веб-сайтындағы «Өлкетану», «Рухани жаңғыру», «Жаңа түскен кітаптар», «Оқырмандарға қызмет көрсету анықтамалығы» парақшалары да пайдаланушылар игіліне жарап тұр.

Кітапханада құрылған «English club» үйірмесі де қазір үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге ауылдық, аудандық, қалалық, мектептердің және жоғары оқу орын-дары кітапханалары арасында өткізілген «Jana kitaphana – 2022» республикалық онлайн байқауына Мәдениет ауылдық кітапханасы қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы» атағына ие болған. Мәдениет саласының қызметі Мемлекет басшысының Жолдауларына, «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасына негізделген. Осы бағытта іске асырылған «Шежірелі Жалағаш», «Дәстүр мен таным», «Сыр тұнған Жалағаш», кітапханаларда оқу сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқитын өлке», «Өркениетке бастаған туған өлке», «Кітапхана және жастар», «Жүрек жылуы» жобалары бүгінде өз жалғасын табуда. 

Былтыр Балалар жылына орай арнайы бекітілген жоспарға сәйкес ауданда 38 іс-шара өткізілген. Оның ішінде «Сыйластық өлкесі», «Қоянның үйшігі» ертегілері, «Еңбектеу – менің еңбегім» атты бүлдіршіндер арасында байқау, Тілеген Бекарыстановтың «Бала батыр» ертегі-мюзиклі, «Кешкі кітапхана әлемі» атты мәдени акция және басқа да балалардың қызығушылығын арттырған ерекше іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Мәдениет үйлерінің көркемөнерпаздары биылдың өзінде облыстық байқаудан 23, республикалық байқаудан 7, халықаралық байқаудан 7 жүлделі орын иеленген. Осы тұста мәдениет үйі қызметкерлерінің шоқтығы биік десек, артық болмас.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, елімізде жаңа мәдениетті және оның жас, дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты жобалар іске асырылуда. Әрине аудан мәдениеті бұл жобалардан да тыс қалмасы анық. Себебі аудан өнерпаздарының  мәдениет пен өнердің жаңашыл бағыттарында жұмыс жасайтынына сенім мол.  Ғасырға жуық тарихы бар Жалағаш жері – талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Қазірдің өзінде ауқымды істер мен игі баста-малар қолға алынған өңірдің дамуы, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Өнер ұлттың жаны десек, сол өнер тарландары мен майталмандарының басын қосқан мәдениет саласы – руханияттың мәйегі.  Ұлттық  өнердің  дамуына, өсіп келе  жатқан  жасампаз ұрпақтың бойына өнер мен  рухани  күш  беретін бірден-бір киелі шаңырақтың бірі – Жалағаш ауданындағы Руханият орталығы. Қазіргі таңда аталған орталықты Ирина Өмірзаққызы басқарады. Жаңғырған әлемнің жаңарған келбетіне айналған Руханият орталығы 2006 жылдың шілде айынан бастап аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп келеді. Еліміздің жарқын болашағын сомдайтын жалынды жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында, мәдени-көпшілік іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, пікірталастар ұйымдастырып, жұмыс жасап келеді.

Орталықта тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық идеология¬сын, халқымыздың салт-дәстүрін, салауатты өмір салтын насихаттап, жастарымызды отансүйгіштікке, қазақ¬стандық патриотизмге, ана тілімізді, дінімізді құрметтеуге, салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, осы мақсатты іске асыру жолында «Қазақфильм» киностудиясының ең таңдаулы озық үлгідегі көркемфильм туындылары көрсетілімін ұйымдастыру жолға қойылған. Әр күнін ән мен жырға көмкеріп, талай талантты қанаттандырған өнер ұжымында жас өнерпаздардың өнерін шыңдау мақсатында 2015 жылдан бастап балалардың рухани дүниесін байытып, эстетикалық, көркемдік, адамгершілік тәрбие беру мен ауызша сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда шәкірттер тәрби¬леп жүрген кәсіпорынның музыкалық жетекшісі Жайна Дайрабайқызы жетекшілік жасайтын “Ізбасар” көркемсөз үйірмесі, 2019 жылдан бері кәсіпорын мәдени ұйымдастырушысы Расул Байдулла жетекшілік ететін «Жас жұлдыз» эстрадалық ән үйірмесі, хореограф Манзура Алтынбек жетекшілік ететін «Gold Star» би үйірмесі, айтыскер-ақын Мамыр Байдаулетов жетекшілік жасайтын «Адырна» жас ақындар үйірмесі, суретші Оралбек Қанибай жетекшілік жасайтын «Қылқалам» сурет үйірмесі, көркемдік жетекші Гүлшат Сәдуақасова жетекшілік жасайтын «Шебер қолдар» қолөнер үйірмесі, 2021 жылы құрылған әдіскер Шолпан Құрбанова жетекшілік жасайтын «Асыл қазына»  ардагерлер ұжымы, мәдени ұйымдастырушы Айдын Есіркеп жетекшілік жасайтын «Қуыршақ» үйірмелері жұмыс жасауда.  

Бұл үйірмелер өнерді серік еткен әрбір жанның өнерінің шыңдалуына жағдай жасап, өнерді сүйген, өлеңді сүйген аудан тұрғындарының ыстық ұясы іспетті. Осы тұста өнер ошағының көркемөнерпаздары аудандық, облыстық, республикалық байқау-конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтатын болсақ, Жалағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі «Көктем нұры» облыстық мектеп оқушылары арасындағы айтыста «Адырна» жас ақындар үйірмесінің мүшелері Мейіржан Қартбай бас жүлдені, «Ақиқаттың ақыны» атты ақын-жырау Құлан Алдабергенұлының шығармашылығына арналған облыстық жас ақындар айтысында жүлделі бірінші орынды, Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» атты аймақтық ақындар мүшәйрасында жүлделі екінші орынды иеленген. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауында Шадыман Теміршеқызы жүлделі үшінші орынды,  Жаңақорған ауданының 95 жылдығы және Социалистік Еңбек Ері Орынбай Бидашевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен «Еңбегін ел таныған Еңбек ері» атты облыстық жас жазба ақындар мүшәйрасында Дидар Өмірзақ жүлделі бірінші орынды, Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың 70 жасқа толуына арналған «Туған жердің тұғыры биік тұлғасы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында бас жүлдені, қазақ әдебиетінің Сыр өңіріндегі көрнекті өкілі, ақын Жүсіп Қадірбергенұлының 150 жылдығына арналған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі екінші орынды иеленді.

Қызылорда қаласында өткен «Мен де жұлдыз боламын» атты республикалық балалар байқауында “Gold Star” би тобы жүлделі бірінші орынды иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алған. Қазақстан Республикасының біліктілікті арттыру, білім-ғылым және мәдениетті қолдау Ұлттық қорының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Jasstar» бірінші балалар-жасөспірімдер конкурсының облыстық кезеңінде «Ізбасар» көркемсөз үйірмесінің мүшесі Нұрайым Бақтияр бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алса, ақын Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Айналайын» балалар арасындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында Дүйсенғали Жібек жүлделі үшінші орынды иеленді.

Шығармашыл жастар халықаралық сайыстарда да жүлделі орындардан бой көрсетіп келеді. Байдулла Расул Мәскеу қаласында өткен «Радуга искусств» халықаралық өнер конкурсында «Эстрадалық вокал» номинациясымен бірінші дәрежелі лауреат атанған. «Нысанбай жырау бейнесі қылқалам ізімен» атты жастар арасындағы аудандық суретшілер байқауында «Қылқалам» сурет үйірмесінің жетекшісі Қанибай Оралбек бас жүлдені иеленген.

Тағы да оқыңыз: