Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында мәдениет саласы тың серпінмен дамып келеді. Бұған аудан өнерпаздарының шығармашылығын ұдайы дамытуға басымдық беруі басты себеп болса керек. Аудандағы мәдениет ұйымдары ағымдағы жылдың І жартыжылдығында ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 363 іс-шара, оның ішінде театр қойылымдары, шығармашылық конкурстар, фестивальдер, конференциялар, акцияларды ұйымдастырып, өткізді. Оған 62 401 көрермен тартылған. Оның ішінде 12-сі онлайн режимде өткізіліп, 2 370 қаралым болған. Есепті кезеңде өткізілген іс-шарлардың 2-еуі облыстық шаралар болса, мұнан бөлек ақындар айтысы мен оқырмандар конференциясы да ұйымдастырылған. 

Аудан үшін биылғы жылдың басты ерекшелігі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын 22 қыркүйекте атап өту жоспарлануда. Бұл бағытта «Түркі әлемінің Темірбегі» атты облыстық ақындар айтысы өткізілсе, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасымен бірлесіп, онлайн Zoom платформасы арқылы «Түркі әлемінің тарланы» атты тарихи конференция ұйымдастырылды. Қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның есімін халық жадында сақтап, өнегелі ісін жастарға үлгі ету мақсатында жыл басынан бері 45 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, 1 206 көрермен қамтылған.

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында «Dombyra» ұлттық телеарнасынның тарихи-танымдық мәдени бағдарламасында Жалағаш ауданының тарихы мен мәдениеті туралы екі бөлімнен тұратын арнайы шығарылымы көрермен назарына ұсынылған. Сонымен қатар «Abai TV» мәдени-ағарту телеарнасының ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында  «Тарих. Тағдыр. Тағлым» бағдарламасының арнайы шығарылымына Бұқарбай батыр Естекбайұлының жары Шынар туралы деректі фильм түсірілімі ұйымдастырылған. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жанындағы Халық театры Ерсайын Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясын Нартай Бекежанов атындағы академиялық қазақ музыкалық театрында сахналады.  

Ауданда жас таланттарды табу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық және көркем-эстетикалық білім беруді қолдау бағытында мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында 95 үйірме жұмыс жасауда. Үйірмелерге қатысушылар саны 1073-ке жетіп отыр. Мәдениет үйлері мен клубтарының көркемөнерпаздары 2023  жылдың І жартыжылдығында облыстық байқаудан 34, республикалық байқаудан 9, халықаралық байқаудан 8 жүлделі орындарды иеленді.  Кәсіпорындардың 2023 жылдың І жартыжылдығында ақылы қызмет жоспары 5070 мың теңге, орындалуы 3251,0 мың теңге, яғни 64,1 пайызға орындалған. 
Кітапханалардағы қызмет көрсету жұмыстарының жай-күйі және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу барысы өз дәрежесінде жүргізілуде. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры 373930 дана кітапты құрайды. Жалпы оқырмандар саны 9511-ге жетіп отыр. Аудан кітапханаларында кітап басылымдарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Аудандық кітапхана қорындағы 907 дана жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары мен 2256 дана жергілікті мерзімді басылымның электрондық көшірмелерін санды форматқа көшіріп, бүгінгі күнге дейін 740 оқырманның   пайдалануына мүмкіндік берілген. 

Мәдениет саласы қызметінің негізгі бөлігі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау болып табылады. Ауданда есепке алынған 71 тарих және мәдениет ескерткіштердің 1-еуі республикалық  маңызы  бар, 30-ның жергілікті маңызы бар, 40 алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Аудан бойынша 17 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды. Аудан көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің табиғи ландшафты аймақтарының бұзылуына, заңсыз қазба жұмыстары және өзге де заң бұзушылық әрекеттерге жол бермеу мақсатында бақылау шараларын күшейту, қолданыстағы заң талаптарының өз деңгейінде орындалуы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген ескеркіштерге сараптама жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық экономика және қаржы бөліміне 2 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген.

Кент орталығында орналасқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің бюстін Т.Жүргенов ауылындағы жаңадан ашылатын аллеяға ауыстыруға тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның оң қорытындысы алынды. Ескерткіштерді күтіп-ұстау мақсатында «Ескерткіштер – ел тарихы» акциясы ұйымдастырылған.
Аудандағы мәдениет және спорт бөлімі қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік тіл саясаты. Тілдік ахуалды бейнелейтін басты көрсеткіш – құжат айналымы. Осы ретте мемлекеттік органдардағы тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлеткеттік  тілдегі шығыс құжатының үлесі 100 пайызды құрап отыр. Көрнекі ақпараттың пайдалануын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі басты назарда. Тоқсан сайын мәдениет және спорт бөлімі мен «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының» мемлекеттік тіл мамандарының қатысуымен көрнекі ақпараттарға түсіндірме жұмыстарын  жүргізіп келеді. Жыл басынан 12 кәсіпкерлік субъектілеріне (дүкендер, жарнама агенттігі, мейрамхана, сән салондары, т.б.) Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-баптың талаптары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 4 мейрамхана мен фастфудтардың ас мәзірілеріне аударма үлгілері әзірленіп, қолданысқа берілсе, 1 сауда нүктесі мен 1 кәуапхананың тек қана орыс тілінде ілінген жарнама мәтіндері алынды. 

Аудандағы шағын және орта бизнес өкілдеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау және реттеу мақсатында whatsapp, телеграмм әлеуметтік желілері арқылы әдістемелік көмек  көрсету ұсынылған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу, қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазылуына, қателіктерді алдын алу мақсатында мәдениет және спорт бөлімі мен жарнама агенттіктері арасында бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

2023 жылы ономастика мәселесі бойынша 9 өтініш түскен, оның 4-еуі объектіге атау беру, 1-еуі ауыл атауын кісі есімімен өзгерту, 4-еуі көшеге атау беру туралы өтініштер. Объектіге атау беру туралы 1 өтініш, ауыл атауын өзгерту туралы 1 өтініш, көшеге атау беру туралы 1 өтініш кері қайтарылды. Тарихи тұлғаларға енгізу бағытында облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылған 3 өтініштің 1-еуі қолдау тауып, 2-еуі кері қайтарылды. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған облыстың жол картасына сәйкес, 3 көше қайта аталды (Дружба-Қаракұм, ЛСП-Қараөзек, Карл Маркс – Ә.Қоңыратбаев). Жол картасына сәйкес  идеологиялық тұрғыдан ескірген 1 елді мекен,1 көшені қайта атау бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Биылғы жылы жалпы саланы қаржыландыруға жергілікті бюджеттен – 1 318 780,6 мың теңге қаржы бөлінді. Бөлімге  қарасты мәдениет мекемелеріне  бөлінген қаржы  613 592,0 мың теңгені құрайды, ауылдық мәдениет  мекемелеріне  бөлінген  қаржы 448 621,6 мың  теңге болса, спорт саласына  бөлінген қаржы 256 567,0 мың теңгені құрайды. Оның ішінде мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын  нығайтуға – 24365,5 мың теңге қаржы бөлініп, Жаңаталап, Далдабай, Жаңадария ауылдық клубтарына, Еңбек ауылдық мәдениет үйіне, Руханият орталығына дыбыс күшейіткіш аппаратуралар, ұйымдастыру техникалары алынды. 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы кітапхана ғимаратын табиғи газға ауыстыру жолымен қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары  жүргізілуде. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі ғимаратының сыртқы бетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 2023 жылдың 31 шілдесінде аяқталады деп күтілуде. Таң ауылдық мәдениет үйі ғимаратының сыртына жай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары келісім-шарт бойынша  ағымдағы жылдың  22 тамызында аяқталады.Жалпы, Жалағашта мәдениет саласына қолдау бар, сол қолдауғ сай салада серпін де қалыптасқан.

Тағы да оқыңыз: