Kyzylorda-news.kz Әйтеке би кентінде тұратын Әлімжан Қияс аймақтық «Тұран Қазалы», аудандық «Қазалы» газетінде тілші боп істеген. Әлі де қолынан қаламын тастамай, көңілін мазалаған түрлі ой-толғанысын қағаз бетіне түсіруден жалыққан емес. Жақында оның аудандық, облыстық басылымдарда жарияланған жазбалары Қызылорда қаласындағы «Арал‒пресс» баспасынан «Жақсы сөз» деген атпен кітап болып жарыққа шықты. Жинақтың құрастырушы-редакторы «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы, танымал журналист Дәуіржан Елубаев.

Онда қайнаған өмірдің көлеңкелі, күнгей тұстары ой сүзгісінен өткізіліп, таразыланып, терең мағыналы толғамдар көптің назарына ұсынылған. Сырлы сөзбен көмкерілген әрбірі оқырманын бейжай қалдырмайды. Мәселен, «Арманы асқақ Айнұр», «Талаптының балғасы тасқа шеге қағады», «Жан жарасы»  атты туындыларын оқырман көңілін толқытарлық дүние десек, жарасады. Кейіпкерлері тағдыр теперішіне мойынсынбай, дана Абайша айтсақ, адал еңбекпен мал іздеген, арды ойлап, қоғам мен отбасына пайда келтіріп жүрген қарапайым жандар. Ал, «Сана серпілісі» атты ойтүрткісінде қоғамдық сананы өзгертуге байланысты тұжырымдарын ғылыми және діни пәлсапа арқылы жеткізуге ұмтылады. Қорытындысында уақытша кідіріске ұшырап тұрған бұл дағдарыстың болашақта соны серпін аларына салмақты сенім артады.

«Тәңірім тоқшылықпен сынамасын» деген әңгімесі ашаршылық нәубетінде аштан өлейін деп жатқан ақсақалдың: «біздің мұндай жағдайда жан беріп жатқанымызға Аллаға шүкір, кейінгі ұрпағымызды тоқшылықпен сынамаса екен» дегенде, қасында дәл сондай күйге түскен екінші кісі: «не айтып жатырсыз, аштан өлгеннің несі жақсы?» депті. Сонда ақсақал: «Алла бізді аштықпен сынап жатыр, мен кейінгі ұрпағымыз тоқшылықпен сыналып, Құдайын ұмытып кете ме деп қорқамын» деген екен деп түйінделеді. «Қазақты қайыстырған қасірет» атты жазбасы да, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың ащы шындығын ашады.

Әлімжанның мұнан кейінгі «Қазынаны қастер тұтайық», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Тәрбие тетігі талбесіктен», «Ниет түзулігі» секілді мөлтек әңгімелері ұтымды сюжеттерімен баурап, кім-кімнің де, сезім иірімдерін селт еткізеді. Күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарды көз алдыңа әкеліп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге шақырады.

Жанына қаламды серік қылып, ерінбей еңбек етіп жүрген қаламгерге қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға шынайы пейілмен алғаусыз алғыс білдіріледі. Қанат – ұшса қатаяды, оқырмандар олжасына айналған тұңғыш кітабы құтты болсын. Шығармалары сұраныста болып, көптің көзайымына айналатын туынды қатары артуына септігі мол.

Тағы да оқыңыз: