Kyzylorda-news.kz. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмахановпен сұхбаттасқан едік.
– Жағыпар Айтбайұлы, Сыр бойы – төл өнердің туын тіккен қасиетті өңір. Өзіңіз бас шаһардың мәдениет бөлімінің тізгінін ұстағаныңызға да бір жыл болып қалды. Осы орайда қаланың мәдени өміріндегі жаңалықтарды айта кетсеңіз?
– Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі қала әкімінің 2022 жылғы 26 жел-тоқсандағы №1509 қаулысы негізінде «Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қосып, жолымен Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімі» болып қайта құрылуы.
Сонымен қатар Қызылорда қаласына қарасты Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында типтік жобадағы 150 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысы жүргізілді.
– Біздің өңір ана тілін ардақтайтын, салт-дәстүрін салмақтайтын мекен деп жиі айтылады. Осы бағыттағы сіздің пікіріңіз қандай?
– Бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда.
Қызылорда қаласында мемлекеттік тілдің мәртебесі жыл өткен сайын артып, мекемелерде іс-қағаз мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Бөлім тарапынан қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын тұрақты түрде зерделеу жүргізіледі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша және 2023 жылдың І тоқсанында жүргізілген зерделеу барысында құжат айналымының мемлекеттік тілде қолданылуы толығымен 100 пайызға жеткен.
2022 жылы бөлім мамандарының қатысуымен қала көшелеріндегі сыртқы көрнекі ақпараттың орналасу заңдылығына мән беріліп, сауда орталығы мен дүкендердегі, дәмхана мен сұлулық салонындағы атаулардың, олардың кіреберісінде ілінген жарнаманың заң талабына сай орындалуын қадағалау мақсатында мониторинг жүргізілді. Зерделеу барысында нысандар мен дәмханаларға, мекемелер мен кәсіп иелеріне маңдайша жазуларының, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі таратылып, 278 нысанға түсіндірме жұмысы жүргізілді. 92 нысанның жарнамасы қайта өзгертіліп, кемшілік жойылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы мен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолданудағы өзара іс-қимыл мен әріптестік жайлы үш жылдық меморандумға қол қойылды. Онда қалаішілік қоғамдық көлік қызметкерлерінің аялдаманы қазақ тілінде атауға, тәрбиелік мәні бар нақыл сөздің ілінуіне, қоғамдық көлікте ұлттық нақыштағы ән мен күй және «Қазақ радиосы» арнасынан берілетін хабар қойылып, ана тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы шара бекітілді. Бүгінде меморандумның орындалуын қадағалау мақсатында рейд жүргізілуде.
– Мәдениет пен өркениет егіз болғанымен, бірге өмір сүре алмайды деген пікір бар. Адамзат өркениетке қадам басқан сайын мәдениет жұтылады дейді. Шығармашылық адамы, мәдениет саласының маманы ретінде бұған не айтасыз? Жаһандану дәуіріне ұлттық құндылығымызбен бірге енудің жолы қандай?
– Өркениетке қадам басқан сайын мәдениет жұтылады деген пікірмен келіспеймін. Жаһандану мәселесі көтерілген сайын ұлттық құндылықтарға, өнерге, мәдениетке, тілге аса ден қойылып келеді. Әлбетте, жыл өткен сайын мәдениеттің тамырын ұлттық құндылықпен байланыстырып, олардың шығу тегін зерттеуге деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағытта, ұлттық бірегейлікті сақтап қалудың ең ұтымды жолы – жас ұрпақтың бойында ұлттық руханилықты дамыта отырып, мәдени-эстетикалық тәрбие беру мақсатында жұмыс жүргізілуде.
Ол үшін ұлттық мақтаныштың кешегі тарихи тұғырларымен бірге бүгінгі тіректері де болуы шарт. Санамызды, мәдени келбетімізді қалыптастыруға тікелей әсер ететін көшеден, теледидардан күнделікті сан мың рет көретін өзге тілдердегі шетелдік жарнама, телехабар, фильм, жаңалық әуелгі ұлттық келбетімізді өзгертуде. Десек те кейінгі жас буын, яғни, жаһандану дәуірі өкілдерінің адамзат мүддесін көздейтін мәде-ниетті қабылдамауы мүмкін емес. Біз осындай сындарлы көзқарас ұстану арқылы мәдениеттің дұрыс бағытта дамуына ықпал ете аламыз. Өйткені өткен ғасырдың тыныс-тіршілігінен де, оның озық мәдениетінен де оқшауланбай, мұның бәрі заңды құбылыс екенін түйсіне отырып, креативтік көзқараспен қоғам мүддесіне сай тұсын қабылдап, заманауи тұрғыда ұсынып келеміз.
– Ана тілімізді насихаттауда қандай жұмыстар қолға алынуда?
«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер, тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазіргі уақытта республика көлемінде 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасы дайындалуда. Осы себепті латын әліпбиімен жұмыс жасау тоқтатылып, тіл саясаты жөнінде бекітілген тұжырымдама нұсқасы күтілуде. Жыл көлемінде мемлекеттік тілге байланысты мәдени шараларды жүргізуге 2 млн 458 мың теңге қаржы бөлінген.
Айта кету қажет, биылғы жылдан бастап облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы «Körneki» жобасы іске асырылуда. Анығын айтқанда, қала аумағында орналасқан орта және шағын кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттарының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестігі зерделеніп, кемшілік анықталған нысан иелеріне түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында «Korneki» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы шеңберінде жыл соңына дейін 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысанға мониторинг жұмысын жүргізу жоспарланған.
«Көрнекі» жобасының аясында құрылған мониторинг тобының құрамында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің мамандары және арнайы дайындықтан өткен «Таза тіл» еріктілер тобы бар. Рейд барысында көше бойындағы халыққа қызмет көрсету орындары, сауда орталығы мен басқа да жеке кәсіп нысанындағы жарнама мен көрнекі ақпараттағы тіл нормасының сақталуы, мемлекеттік тілдің қолданылуы зерделенеді.
Сәуір айының қорытындысына сәйкес 5 көше, 216 көрнекі ақпарат пен жарнама зерделеніп, 51 кемшілік анықталды. Анықталған кемшілік бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілді.
– «Сыр елі – жыр елі» екені белгілі. Талантты балаларға қандай қолдау көрсетілуде?
– Талантты, дарынды балалардың шығармашылығын дамыту үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбектеріне байланысты. Бұл ретте біздегі үйірме жетекшілерінің басым көпшілігі жастар және барлығы дерлік талантты өнерпаз, іскер ұйымдастырушы.
Жалпы, мәдениетке шын берілген адамдар ғана келеді. Шара кезінде сахнада жарқырап тұрғанымен, сахна сыртындағы мылтықсыз майданды көп адам біле бермейді. Білмеген соң сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Жұмысқа келген жас маманның қала мәдениетіндегі орны ерекше. Саланың ыстық-суығына, қызығы мен шыжығына төзіп, аз айлықпен ұлтқа қызмет етіп жүрген қыз-жігіттердің ұжыммен, үйірме мүшелерімен жұмыс жасауына көңілім толады. Бүгінгі жас буынды қала мәдениетінің болашағы деп сеніммен айта аламын.
– Мәдениет саласының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы қалай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін 100 пайызға жететіндігін айтқан еді.
Президент тапсырмасына сәйкес биыл мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көбейіп, міндетті әлеуметтік жеңілдіктер берілетін болды. Әрине, бұл мәдениет саласына үлкен серпін болды, қызметкерлердің де көңіл-күйі көтеріліп, жұмысқа деген құлшынысы артқаны байқалды.
Сонымен қатар мәдениет саласының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында «Қалалық мәдениет үйлер, клубтар және халықтық ұжымдар» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорынның 3 жас қызметкері бүгінде тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
– Мәдени ошақтар мен кітапхана, музей жұмысы туралы айта кетсеңіз?
– Қала бойынша 2 қалалық, 1 кенттік мәдениет үйлері және 1 қалалық, 1 кенттік клуб болса ауылдық округтерге қарасты 3 ауылдық мәдениет үйі мен 4 ауылдық клуб халыққа қызмет көрсетуде.
2023 жылдың 4 айында 204 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 42597 көрермен тартылған. Оның ішінде онлайн форматта өткізілген мәдени іс-шара екеуді құраса, қаралым саны– 103. Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 21 кітапхана бар. Оның ішінде 11-і қалалық, 2-і балалар кітапханасы, 8 – ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жыл басынан бастап 185 мәдени шара атқарылды. Оған 5547 адам қатысты. Сонымен қатар Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қызылорда қаласының тарихи музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 2020 жылдың 22 маусымында Қызылорда қаласының әкімдігінің қаулысымен, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қызылорда қаласының тарихы музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
Қазіргі таңда музей қорында 1000-ға жуық экспонат бар. Экспозицияда орналасқан – 796. Оның 287-і негізгі қор, 509 көмекші қор.
– Мерейлі мерекеге тілегіңіз?
– Барша мәдениет саласында жүрген әріптестерім мен ардагерлерді 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын!
Өнер мен мәдениет – егіз ұғым, бұл бағыттағы әр қадам игілікті. Осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген сала қызметкерлеріне алғысым шексіз.
– Сұхбатыңызға рахмет!