Kyzylorda-news.kz.  Қазақ театрының тарихына бойласақ, өмірін өнермен өрнектеп,   қайталанбас бейнелер қалдырған Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпованың есімдері сақталған. Қазір де сол театр тарландарының ізін жалғастырып,  қазақ сахнасының саңлағына айналған актрисалардың есімдерін аса құрметпен  айтуымызға болады. Олардың қайсысын алсаңыз да, театр тарихынан таусылмас сыр шертеді. Солардың бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова. Бала күнінен сахнаны армандаған өнер иесі бүгінде талантымен төрге озған.

Сұлутөбеде дүниеге келген Залипа Тұрғанбайқызы бойындағы өнерге деген ынтызарлық бала кезден басталғанын айтады.

– 1968 жылы 1-сыныпта оқып жүргенімде ауылымызға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен артистер келді. Баянның тілерсегіне түскен бұрымына, сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қызығып, осындай актриса боламын деген ой қалыптасты. Сол ой арманға, арманым мақсатыма айналды. Осылайша өнер жолына қадам бастым, ̶  дейді.

Алғашқыда өнер жолына келуіне ата-анасы қарсылық білдіргендіктен, медицина училищесіне құжат тапсыруға мәжбүр болған. Кейін Жамбылдағы өнер мектебіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа орналасып, бүгінге дейін осы театрда қызмет етіп келеді.

– Маған әсер еткен, көңілімді оятып, өнер жолына алып келген Ақбаянды 1990 жылы сомдадым. Оған дейін «Еңлік-Кебек» спектаклінде рөл ойнадым. Театрға келген күннен бастап бірыңғай басты рөлдерді сомдап жүрмін. Алғашқыда А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үш қыз» спектаклін қойып жатыр екен. Бас режиссері Хұсейін Әмір-Темір шығармадағы Наташа рөлін маған берді. Мінекей содан бері осы театрдың ыстығы мен суығына төзіп, айлап гастрольге шығып, жұмыс жасап келеміз, ̶  дейді ол.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры сахналаған әрбір қойылымда көрермендер Залипа Төлепованы қол соғып қарсы алады. Жуырда Сыр сахнасында И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектаклі қойылды. Аталған қойылымда сыған қызының рөлін сомдаған кейіпкеріміз көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

– И.Сапарбайдың бұл шығармасы – театр сахнасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Оның өресі кең, құпиясы ашылмаған. Әйгілі Шәмші рухына бағышталған бұл туынды оның тағдырын бейнелейді. Атақты композитордың әндері ешқашан өлмейді. Қайта жыл өткен сайын жаңғырып, айтқан сайын жаңара түседі. Оның әрбір әні тұла бойдың толқынын, сол кездің сағынышын жеткізеді. Оның жарыққа шығарған әрбір туындысы жеке бір тарих десем қателеспеймін, ̶  деп пікір білдірді.

Жалпы, кез келген халықтың театр тарихында сахнаға шығысымен-ақ ешкімге ұқсамайтын даралығымен бірден ерекшеленетіндер өте аз. Ал, Залипа Төлепова – көп қырлы, терең сырлы артист. Ол ізденуден жалықпай, өнерін ұштап, шеберлігін шыңдауды әдетке айналдырған. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, сахнадан алуан қырлы адамдардың толыққанды  бейнесін жасаудың хас шебері. Оның өнеріндегі басты ерекшелік – кейіпкердің психологиялық тебіреністегі жан-күйін айнытпай бере білетінінде. Актриса өзінің қиял көкжиегінің тереңдігімен драмалық, комедиялық, трагедиялық кейіпкерлердің кескін-келбетін бір-біріне ұқсастырмай даралай ойнайды. Олардың әрқайсысының ішкі сезім дүниесіне сыртқы әрекетті орайымен жымдастырып, сөздің ырғағы мен екпінін құбылта өзгертуі – актриса шеберлігінің айғағы. Артист үнінің тазалығы, дикциясының анықтығы, әр сөздің астарына мұқият үңіліп мағынасын тура жеткізе білетін шеберлігі – бөлек әңгімеге арқау болатындай дүние.

Сахна мәдениетіне жетік, зерделі актриса бір спектакльде бірнеше жылдар бойы үздіксіз ойнаса да, жаңа бір серпін мен тың бояулар тауып, уақыттың талабына сай жаңғыртып көрермендердің эстетикалық талап-тілегіне лайық үн қата біледі. Қырық жылдан астам уақыттың ішінде көптеген үлкенді-кішілі рөлдерде ойнап, театр өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Сахна төрінде жасындай жарқыраған өнер иесінің табиғи талантының ұшталып,  қайталанбас бейнелер жасауына театр режиссерларының ықпалы зор. Олардың барлығы да актриса мүмкіндігін дұрыс танып, талантының халыққа жетуіне себепкер болды. Өнердегі ұлағатты өмірімен халқының қошеметіне бөленген Залипа Тұрғанбайқызы өзінің сүйікті театрының жаңа белестерден көрінуіне  әлі күнге дейін аянбай еңбек етіп келеді. Сахнада сергек қимылдап, тез ойланатын өрелі өнерпазға әріптестері үлкен ризашылық білдіреді.

– Залипа – мамандығын дұрыс тапқан жан. Көркіне ақылы сай, өз ісінің шебері әрі өте білікті ұстаз. Оның шәкірттері – үлкен сахнаға жол тапқан талантты жандар. Залипа кез келген сәтте басқаларға қол ұшын созуға дайын тұрады. Театрға деген ықыласы ерекше. Әрбір қойылымға жауапкершілікпен қарайды. Ал мұның барлығы үлкен тәжірибені талап етеді. Өмірдегі орны тіптен бөлек. Оның тәрбиесін алған жандар өмірден өз орындарын табатынына кәміл сенемін, ̶  дейді театр артисі Ұғым Баймаханов.

Артистің сахнада бейнелеген сан алуан кейіпкерлерінің барлығы дерлік театр шығармашылығының белді-белді асуларының белгісіндей көзге түседі. Аққұба жүзді, сұңғақ бойлы актриса ақылына көркі сай нәзікжандылардың рөлін керемет сомдайды. Содан болар З.Төлепованың кейіпкерлері көрермендерді алға жетелеп, олардың кеудесінде оптимистік оттың шоғын маздатып жібереді.
Залипа Тұрғанбайқызы – талантты артист ғана емес, аяулы жар, ардақты ана. Бүгінде жолдасымен бірге төрт ұл-қыз тәрбиелеп, жеті немере сүйіп отыр. Өнердегі өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі.

 

Тағы да оқыңыз: