Kyzylorda-news.kz. Шын мәнінде, өнердің құдіреті ерекше. Ән өнері, күй өнері, би өнері, сөз өнері... Қазақта өнердің түрі көп екені мәлім. Ал қылқаламмен ақ қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей әсем бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Суретші Зәуре Құдайбергеқызы қылқаламмен көркем ой жеткізетін, аса шеберлік пен талантты қажет ететін сурет өнеріне тосыннан келмеген екен. Өзінің сүйікті мамандығына айналған салаға деген қызығушылығы мектеп кезінде атанған. Сол кісіден тараған қасиет Зәуре мен оның апасы Қарлығаш Білісбаеваға дарып, ағайынды қыздар бүгінде осы сала төңірегінде қызмет етіп жүр екен.
– Негізінде, бала күнімнен әнші болуды армандаға едім. Тіпті, «Бозторғай», «Әнші балапан» сияқты республикалық байқауларға қатысып, лауреат атанған жайым бар. Италияға жолдама ұтып алған кезіміз де болған. Қан жібермеді ме, жоғары сыныптарға келгенде бағытым өзгерді. Сурет салуға деген қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп, жоғарғы оқу орнында суретші мамандығын оқып шықтым. Ән айтуды бір жола тыйып тастамадым, әрине. Әлі күнге ән айтамын, бірақ тек жақындарым үшін, – дейді бізбен әңгімесінде Зәуре Білісбаева.
Білікті маманмен жүргізген жарты сағаттық сұхбатымызда оның жүзінен жылылық, жүрегінен мейірім лебін анық сезіне білдік.
Өткен жылдары жүз жылдық мерейтойын ауданбойыеша атап өткен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді 2005 жылы тәмамдаған кейіпкеріміз кейін өзі түлеп ұшқан білім ордасында жұмыс жасаған. Мектеп бітірген кейін Тараз қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институттың шығармашылық факультетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша оқуға түскен ол аталған оқу орнын үздік тәмамдаған еді.
Кейін Елбасының сарабдал саясаты – «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданға қарасты Қалжан ахун ауылдық №126 қазақ орта мектебінде мұғалімдік жолын бастап, жауапкершілігі жоғары саладағы жұмысына кіріскен. 2010 жылдан бастап өзі білім алған №35 мектеп-лицейіне жұмысқа орналасса, екі жылдан кейін қызмет бабымен №36 мектеп-лицейіне ауысқан. Ол 2016 жылы аудандық білім бөліміне әдіскер болып қызметке орналасып, қазір оқушылармен ғана емес, жас педагогтермен белсенді жұмыс істеуде. Зәуре Құдайбергенқызы осы уақыт аралығында сурет салу ісінен қол үзген емес. Жас мамандарға бағыт-бағдар бере отырып, өзінің де тәжірибесін арттырып келеді. Өз білгеніңді өзгеге үйретпесең, ол нағыз пайдасыз ілім болмақ. Осы ойды өмірлік ұстанымы еткен суретші балаларға білгенін үйретіп, сурет өнеріне баулу өзінің жан рақаты үшін екенін айтады.
Қылқалам шебері осы күнге дейін көптеген картина салған екен. Алғашқыда әпкесі екеуі салған суреттерін сатып кәсіп көзіне де айналдыра біліпті. Мұндай қолдан жасалған бұйым немесе арнайы салдырған картиналар өте қымбатқа бағаланатыны мәлім. Себебі, ол көп уақыт пен тың идеяны, ықтияттылық пен шеберлікті талап ететін жұмыс. Тіпті, шет елдерде арнайы салынған картиналар бірнеше жүздеген, мыңдаған долларға дейін бағаланады. Бірақ, кейіпкеріміз өз өнерін аса бағалап, ұнатқан кісінің қалтасына салмақ салмауды да ойлап, суреттерін қолжетімді бағада сатқан. Туындыларын қолқа салып, сұраған кісіге сыйға да берген. Бұл – нағыз өнерді бағалай білетін адамның ісі.
Сұхбат барысында «Өзіңіз үшін ең құнды туындыңыз қайссы?» деп сұрадық:
– «Сырдария» деп аталатын картина еді. Сырдың суы, Сырдың сұлу бейнесі шығармашылық адамына шабыт сыйламай қоймайды. «Сырдария» картинкасын жасау үшін бір айдай уақыт жұмсадым. Содан бір күні үйге Марат аға Омаров келді. Ол кісі сол кезде «Nur Otan» партиясының аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болатын. Марат аға – өнерді, сұлулықты жанымен түсінетін кісі. Әлгі Сырдария өзені мен айналасындағы қамыстарды айнытпай көз алдыңа келтіретін картинаға қолқа салды. Сөйтіп, суреттің артқы бетіне естелік ретінде қолтаңба қойғызып алды. Мен де өнерді бағалай білетін Марат ағаға туындымды ризашылықпен тарту еттім. Осы күнге дейін қаншама картина салдым. Солардың ішінде «Сырдария» деп аталған сол туынды өз көңілімнен де шыққан әрі ең көлемді еңбек болды, – деп жауап берді.
Өнер адамы – мейірімді ана да, одан шыққан туынды – мәпелеген сәбиі секілді. Ақынның өлеңі мен композитордың әні, тігіншінің тіккен киімі мен суретшінің салған суреті тура осылай. Кейіпкеріміздің сөз еткен «Сырдария» деп атаған туындысына деген ерекше ықыласы мен кіршіксіз көңілінен осыны аңғара білдік.
– Суретті ойдан салмаймын. Көру арқылы, көз алдымда тұрған заттың бейнесін саламын. Әсіресе, сұлу табиғат ерекше шабыттандырады. Өзге қалаларға қыдырып барғанда да, сұлулықты көріп шыдап тұру мүмкін болмайды. Қағазым мен қаламым ұдайы қасымда жүреді. Әдемі табиғатты көргенде қағазымды алып, сурет сала бастаймын. Қарап отырсам, көбіне, пейзаж, яғни табиғат суретін, сондай-ақ портрет салады екенмін. Адамның көзі өмірде қандай нәзік болса, суретте де үлкен маңызға ие. Көз бен қастың формасын сезіммен анық бере алмасаң, бүкіл портрет дұрыс шықпайды, – дейді қылқалам шебері.
Жаны таза адам табиғаттан болсын, адамнан болсын ерекшелікті бірден аңғарады.
Зәуре Білісбаеваның өміріндегі үлкен тарихи сәт – 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі. Сол жылы Қызылорда облысына іссапармен келген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нағи Ілиясов ауылына ат басын бұрып, жастармен, жас мамандармен кездескен.Сол кездесуде Елбасымен бетпе-бет жүздесіп, суретке түскен жас маманға бұл сәт естен кетпес әсер сыйлаған. Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға артқан сенімін өз аузынан естіген Зәуре Құдайбергенқызы жас маман ретінде өзіне артылар жүктің жеңіл еместігін сезініп, бойында болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолында тың серпін қалыптасқан.
Білім беру саласында 12 жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан Зәуре апай шәкірт тәрбиелеп, оқушылар арасында көрме, сурет байқауларын жиі ұйымдастырады. Ондағы мақсат – жастардың шығармашылығын шыңдау, оларды талаптандырып, ынталандыру болып табылады.
– Сурет салуға қызығатын оқушылар көп. Шығармашылыққа жаны жақын шәкірттерім жетерлік. Осы саланы таңдап, бүгінде мамандығының мерейін көріп отырғандар да бар. Солардың бірі – Айша Ералықызы. Талантты, дарынды, өз ісінің маманы. Осы салаға бейімдеп, шығармашылығын шыңдап, дайындаған оқушым. Ол да жоғарғы оқу орнын үздікке тәмамдап, қазір Қалжан ахун ауылдық мектебінде өз қызметіне кірісті, – деп Зәуре Білісбаева шәкірттері туралы да сөз қозғады.
Өнер мен өмірді, шығармашылық пен қызметті қатар алып жүрген Зәуре Білісбаева бүгінде бір әулеттің ұйытқысы, аяулы жар, асыл ана. Анасы, жолдасы мен ұлы – төртеуі бір шаңырақ астында жанұяның шырайын кіргізіп, шаңырақтың шаттығын еселеп отыр. Ұлы – Әлішер Асанхан 8-сыныпқа көшкен. Анасынан қасиет дарыған Әлішердің де сурет салуға деген құлшынысы ерекше. Мектеп қабырғасында жүріп, қоғам өміріне белсенді қатысатын Әлішер Ерболатұлы 2019 жылы сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың арнайы «Алғыс хатымен» марапатталған.
Суретшілер көркем бояумен көрікті ой айтуды Адам ата, Хауа анадан бері жалғастырып, әсемдікті хақ нұрымен сәулелендіріп келеді. Халқымыздың сурет өнерінің өткен ғасырдағы, жаңа дәуірдегі көшбастары Әбілхан Қастеев өзінен бұрын да бұл саланың алтын арқауы болғанын, ол жалғасын тауып келе жатқанын тілге тиек етіп, «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, көлдің құрағынан, анамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім» деуінің астарында ұлт алдындағы кішілік пен кісілік жатқаны анық. Құдай берген талантты дамытып, сол жолға ұзақ жылдарын арнап, шығармашылықты шыңдап, өнердің киесін ұғар тұлғалар, жастар барда қазақтың киелі өнері ұмтылмақ емес.
Сурет өнерін келешек ұрпаққа жалғастыру жолында еңбек етіп келе жатқан Зәуре Білісбаеваның қылқаламынан қаншама дүниелер туған, көкейінде жүрген дүниелер де аз емес. Шәкірттері де үлкен жетістіктерге жетіп жүрген ұстаздың ұмтылысы да, талпынысы да – дәстүрді жалғап, ұлт руханиятына үлес қосу.