Kyzylorda-news.kz Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебиеттану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер, филология ғылымдарының докторы, Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері, ұлы ғұлама Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай, Абылайхан атындағы №140 орта мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Ұлы даланың, ұлы есімі» атты портрет кеші өткізілді.

Биыл қазақ археологиясының атасы атанған Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Ол тек ұлттық археология мектебінің негізін қалаумен шектелген жоқ. Сонымен қатар тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, шығыстанушы, өнертанушы болды. Тіпті сәулет өнерін де зерттеді. Ғылымның сан саласын меңгеріп, артына өшпес мұра қалдырды. Ғалым есімі халқының жадында. «Мен өзімді ең әуелі өнертанушы, одан кейін Шоқанды зерттеуші, сосын барып қана әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп санаймын», – деген Әлкей Марғұлан өз естелігінде. Осы өзі атаған салада 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмысы мен 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды. Жолдасбек Құрманқұлов археологтың қол астында жұмыс істеп, шәкірті болған жан. 

Академик қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын, ақындарын толыққанды зерттеді. 1958 жылы оның басшылығымен өзі үлгі тұтқан Шоқан Уәлиханов шығармаларының 5 томдық жинағы жарық көрді. Кейін Әлкей әлемі еңбектері 14 томға топтастырылып, жинақ болып басылып шықты. Айта кетейік, 1991 жылы Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Қазір ондағы мамандар ғалым еңбегін жалғастырып жатыр. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Ал 1989 жылдан «Марғұлан оқулары» ұйымдастырылып келеді. Биыл халықаралық конференция 120 жылдық мерейтойына орай Павлодарда өтеді.

Шараға арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесінде академик Ә.Марғұланның ғылыми және қоғамдық қызметтері туралы, сонымен қатар ғылымның әр саласының ерекшеліктері туралы қазақ басылымдарына, соның ішінде балаларға арналған журналдарға жарияланған мақалалары қойылып таныстырылды. Шара барысында қатысушылар ғалымның өздері оқыған еңбектері туралы айтып, қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалардың жарық көргені туралы мәліметтерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Тарих пәнінің мұғалімі Жаңабергенова Жанар Сейдуалиевна Ә.Марғұланның қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлес туралы және де ұлы дала академигінің ісі мен қызметі жас ұрпаққа әрдайым өнеге болады деп шараны қорытындылады. Шараға барлығы-18 оқырман қатысты.

 

Қорлан САРЫ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: