Kyzylorda-news.kz Жас ұрпақтың бойында ұлттық сананы қалыптастырып, тарих тармағын танытып, ата-баба мұрасынан сыр шерту жолында музейдің орны бөлек. Өткенге құрметпен қарап, бүгінімізді қадірлесек қана болашақ жарқын болмақ.  Қазіргі кезде музейлердің алдында ескі мәдени мұраны сақтау және мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпы адамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету де басты мақсаты. Бүгінгі кейіпкеріміздің үйі де ХХ ғасырдан бастап тұтас дәуірді көз алдыңа әкелетін музейге айналған. 

Нұржан Іздібаев 1992 жылы Тоқабай елді мекенінде туып-өскен. Жастайынан ата-әжесінің тәрбиесінде болған ол өзінің бұл қызығушылығы туралы кеңінен сыр шертіп:

– Өзім кішкентай кезімнен ата-әжемнің ескі заттарына қызығатынмын. Көненің адамдары қолданған бұйымдарына өте ұқыпты болады ғой. Мен де сол кісілерден көріп ойыншықтарымды, кітаптарды, естелік сыйлықтарды сақтап жүретінмін. Кейін келе заттар көбейді. Оларды лақтыруға қимадым. Осылайша ескі үйдің бір бөлмесіне жинап бастадым, – дейді. 

Қазір қаладағы мұражай-үйде 800-ге жуық өткен дәуірдің естелігі бар. Олардың басым көпшілігі өткен жылдың сәуір айынан бастап жинақталған.

–  Негізі үйімнің бөлмесі мұражайға айналады деп ойламаған едім. Дегенмен жақындарым бұл қызығушылығымды білетін. Көбіне үйге келген қонақтар, жолдастарым оларды көріп, жастық шағына саяхат жасап, «ностальгия» алатын. Сөйтіп уақыт өте келе құнды, бағалы деген дүниені сыйлық ретінде ала бастадым. Әлеуметтік желіден көріп, арнайылап өзінің қолданған бұйымын салып жіберуші жандар да табылды. Кейбір көңілім кете қалаған дүниені сатып аламын. Осылайша бір жарым жылдың көлемінде бір бөлме толарлықтай зат жиналды. Олардың ішінде ескі рубльдер, қағаз ақшалардан бастап телефон-теледидарлар, кітап-журналдар, магнитофондар мен кассеталар, ойын түрлері және тіпті ата-әжем қолданған кебеже-сандығы, иінағаш, шапан мен бөрік сақталып тұр. Жалпы бөлмедегі заттарды арнайылап санатқа бөлмей, өзіме ыстық көрінгенін жинақтаймын, – дейді Нұржан Іздібаев.

Ескінің көзіне лық толы бөлмеге кіргенде, расымен де, өзге әлемге түсіп кеткендей боласың. Мұнда сонау 1915 жылы шыққан рубльден бастап, осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамда кеңінен пайдаланылған техникалар бар. Рубльді көзбен көріп, қолға ұстағанда фильмдегідей ескі көпестің сауда жасағаны еске түскені рас. Коллекционердің айтуынша, мен олай елестеткен алғашқы жан емес екенмін. Ал Нұржан мырзаның өзіне ең құнды дүние атасы тіккен қараша үйдің уығы мен әжесінің кебежесі болса, материалдық тұрғыда ең қымбат зат 1950 жылы пайдаланылған шахта телефоны екен.

–  Қазір бір-бірінен естіп, арнайылап келуші қонақтар саны артып келеді. Әлеуметтік желі арқылы да қызығушылық танытатын жандар жетерлік. Алдағы уақытта арнайы мекемелерден рұқсат алып, кеңейту жұмыстарын қолға алғым келеді. Оны әзірге уақыт еншісіне қойып отырмын, – деді ол сөз соңында.

Нұржан Іздібаевтың рухани азық орнына айналған үйі – көпшіліктің көз қуанышы. Балалық балғын шағына саяхаттағысы келген немесе ата, аға буын өкілдерінің тұтынған заттарына қызыға қарайтын жандарға мол мүмкіндік сыйлап жүрген жер болашақта үлкен музейге айналатыны сөзсіз.


Гүлмарал САҚТАПОВА

Тағы да оқыңыз: