Kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпеннің «Мен сүйсем сүйемін» атты әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесер-таныстырылымы өтті.

Аталған шара Жастар ресурстық орталығының бастамасымен, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев пен кәсіпкер Гүлсара Шәкетованың қолдауымен ұйымдастырылды.

Бейнебаянның тұсаукесеріне дейін баспасөз мәслихаты өткізіліп, оған «Жастар ресурстық орталығының» директоры Азамат Мүкеев, жырау Күнсұлу Түрікпен және кәсіби клипмейкер режиссер Нұрмұхамед Думанғазин қатысты.

«Өнерлі жастардың шығармашылығын қолдауға септігін тигізіп кел жатқан Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық мәлихат депутаты Мағжан Ералиевке өз атымнан айтар алғысым шексіз. Мен бұған дейін де үнемі айтып келемін, менің негізгі бағытым – дәстүрлі ән өнері. Осы бағытты халыққа насихаттап, оны жеткізіп келемін. Шығармашылықтың адамы ретінде жан-жақты болуды қалаймын. Эстрада бұл қосымша алып жүретін өнерім», – деді Күнсұлу Түрікпен.

Тұсаукесер-таныстырылым кезінде тың туындыны Күнсұлу Түрікпен халық алдында жанды дауыста шырқады.

Тағы да оқыңыз: