Kyzylorda-news.kz Көп балалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп, дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десек артық болмас.
Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл Қазалы ауданының орталығынан жетпіс бес шақырым қашықтықта орналасқан. Алға ауылдық округіне қарасты елді мекеннің аты республика көлеміне таныс. Қалай дейсіз ғой?! Батыр атымен аталуы өз алдына бөлек әңгіме. Басқа ауылдардан бөлектігі, бұнда алтын құрсақты аналар қатарының көптігінде. Көз тимесін Түктібаев ауылында 24 егіз тұрады. Осыдан төрт жыл бұрын дүние дидарын ашқан үшемдер – Айғаным, Айғант, Асылым есімді балдырғандар да ата-анасының көз қуанышы болып өсіп келеді.
Ауылда екі мыңға жуық адам тұрады, үш жүзден астам отбасы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Түктібаевтардың басым көпшілігі ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, бау-бақша егіп, ырзық-несібесін Жер Анадан теріп жүргендер жетерлік. Әсіресе, жергілікті қауынның дәмі таңдайдан кетпейді.
Үрмәш Түктібаев 2000 жылдардан бері қарай «Егіздер ауылы» аталып кеткен. Мұнда жылына бірнеше егіз туылады. Қазір алақандай ауылда 24 егіз жұп тұрады. Ең үлкені 40-тан асса, ең кенжесінің жасы бесте.
Шапағат және Толғанай Аманжоловалар әпкелі-сіңілі жақын туыстар санатында. Дүние есігін ашқаннан бері жұптары жазылған емес. Егіздердің сырт-келбеті бір-біріне қатты ұқсамағанымен, мінездері аумайды. Екеуі де бауырмал, жақындарына қамқорлық танытып тұрады. Анасы Перизаттың айтуынша, Толғанай гуманитарлық бағыттағы пәндерді ұнатады екен. Ал, Шапағат жаратылыстану пәндерін сүйіп оқиды. Екеуі де анасына үй шаруасына қолғабыс жасап, берілген тапсырманы тиянақты орындайды.
"Мен бес баланың анасымын. Егіздерім – ортаншы балаларым. Негізінен сыңарлар менің әулетімде болған. Толғанай мен Шапағат бір-біріне өте жақын қарым-қатынаста. Біреуі ауырса, екіншісінің де денсаулығы сыр береді. Бір-бірінен ұзақ уақыт жырақта жүре алмайды. Сағынысып, бір-бірін іздеп тұрады", – дейді анасы Перизат Дауылбаева.
Ендігі кейіпкеріміз – Ақжан және Маржан Жақсыкелді. Бұл екеуі де оқуда зерек, әрі озаттар қатарынан көрінеді. Сыныпта бір партада отырады, үй тапсырмасын да бірге орындайды. Қайда жүрсе де, бір-бірінен алыстамайды. Қыздардың түрлері де ұқсайды, қызығушылықтары да бірдей. Егіздер ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Ақжан мен Маржанның ата-анасы балаларының болашағына үлкен сеніммен қарайды.
Балаларын – байлыққа балаған бұл отбасымызда сегіз бала өсіп келеді. «Үшемдердің мінезі үш түрлі, еркеліктері басым. Біреуіне қабақ шытсаң, қалғандары да ренжіп қалады. Бір-бірімен ойнайды, ұзақ уақытқа бір-бірінен ажыратуға болмайды. Жүректері нәзік, өте бауырмал», – дейді көп балалы ана Айгерім Маханбетжанова.
Екі мәрте егіз тапқан Алмагүл апаның Нұрқанаты мен Ерқанаты 1997 жылы дүниеге келді. Араға тоғыз жыл салып, Бекзат пен Саят Шаттықовтар отбасы қатарын толықтырды. Қазір Нұрқанат, Ерқанат және Бекзат Астана қаласында тұрады. Ерқанат отбасын құрған. Шаңырағының құрамы көбейіп, бір баланың әкесі атанып үлгерді. Бүгінде Бекзат мамандық меңгеріп, оқу оқуда. Сыңары Саят Түктібаев ауылында ата-анасының жанында қолғабыс етуде. 
Биыл мектепті тәмамдайды. Алтын құрсақты Алмагүл анаға телефон шалып, балаларының ұқсастығы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұраған едік. Бір қызығы алғашқы егіздерін дүниеге әкелгенде ешкім сенбепті.
– Жүкті кезімде бірнеше мәрте ультра дыбыстық тексеруден өтсем де ешқайсысы егіз бала дүниеге келеді деп айтпады. 1997 жылдың 1 сәуірінде Нұрқанатым мен Ерқанатымды босандым. Жақын-жуыққа егізді болдым десем, ешкім сенбейді. 1 сәуір – күлкі күніне бізді алдап отырсың деп бәрі қалжың ретінде қабылдағаны бар, – дейді Алмагүл Алданбергенова. 
Бұл отбасының тұңғышы Ләззат. Ол тұрмыста. Бес баланы өмірге әкеліп, тәлімді тәрбие беріп отырған Киікбай Нағызалиев пен Алмагүл Алданбергенова немерелердің сүйікті ата-әжесі.
Бір ғана ауылды емес, бүкіл қауымды шаттыққа бөлеген жаңалық – 2019 жылы Ү.Түктібаев ауылында болған еді. «Өмірге үшем келді» деген қуанышты хабар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лезде республикаға тарады.
Осыдан төрт жыл бұрын қуанышты жағдай ауыл тұрғындары – Қуаныш Алтынбаев пен Айгерім Маханбетжанованың отбасында орын алды. Жарық дүниеге Айғант, Айғаным және Асылым есімді үшем келді. 
Бүгінде қыздар тәтті қылықтарымен жақындарын қуантудан жалыққан емес. Үш қыздың сырт келбеті бір-біріне қатты ұқсамайды. Ата-анасының айтуынша, үшемдердің мінезі де әртүрлі.
– Ортаншы қызым – Айғаным пысық, үлкенім – Айғант аңқаулығы бар. Ал, кіші қызым – Асылым әлі мінез шығара қоймады. Үшеуі бір-біріне өте жақын. Өсе келе бірге ойнауды үйренді. Бірі ауырса, екеуінің де мазасы қашады. Қазір аналары үйде балалардың тәрбиесімен айналысып отыр. Балалардың ержетіп, есейіп кетуі оңай шаруа емес. Үшемдер болса, тіптен бөлек әңгіме. Бұл бізге Құдайдың берген үлкен сыйы. Барымыз да, бақытымыз да балаларымыз, – дейді үшемдердің әкесі Қуаныш Алтынбаев.
Қазіргі қоғамның рухани жаңғыру сатысында отбасы құндылықтарын сақтау маңызды. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Азаматты тәрбиелеп шығаратын ең үлкен мектеп те – осы. Сондықтан, қоғам жаңғыруы мәселесінде осыған үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Отбасылық саясатты қалыптастыруда атқарылатын шаралар әлі де көп. Соның ішінде, отбасылық құндылықтарды насихаттау және көпбалалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру – бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр.
 

Тағы да оқыңыз: