Kyzylorda-news.kz Қазалы – Сыр ананың сырбаз ақын-күйшісі мен аты мәшһүр музыканттары ұшқыны тиген орын. Олай дейтініміз, бұл қасиетті топыраққа өнерімен төрткүл дүниеге танылған Роза Бағланова, Кеңес Дүйсекеев сынды танымал тұлғалар аунап өскен. Бүгінде Қазалы ауданында музыка майталмандарының ізі өшпей, жолы жалғанып келеді. Сондай өнерпаздар тоғысқан орынның бірі – Нұрлыбек Сүлейменов басшылық ететін Әйтеке би кенттік Мәдениет үйі.
Қазалы ауданының әрбір мерекелік шарасынан ойып тұрып, орын алар ұжымда жиырма сегіз адам жұмыс істейді. Оның әрқайсысы түрлі қызмет атқарғанымен, бәрінің илегені бір терінің пұшпағы – Әйтеке би кентінің абыройын аспандату, жас таланттарды қанаттандыру екені бесенеден белгілі. Бұл істе кенттік мәдениет үйінде біршама ілгерілеу бар. Яғни, мұнда осы бағытта бес үйірме, бір халықтық ұжым жұмыс жасауда.
Атап айтар болсақ, кәсіпорынның музыкалық және ән үйірмесінің жетекшісі – Рақымжан Мақсатбаевтың бір өзінде ән өнерімен шұғылдануға талаптанған он қатысушы бар. Жанат Қазбиева жетекшілік ететін би үйірмесінде одан үш есеге артық отыз бес бала қатысуда. Ал, кәсіпорынның аккомпонияторы Әлібек Айдар жетекшілік ететін драма үйірмесіне он бала қатысады. Мұнан бөлек, "Жас ақындар" үйірмесі, “5 аймақ” вокалды-инструменталды аспаптар ансамблімен қатар “Атамұра” ардагерлер халықтық ансамблі де бар.
Әрбір үйірме аудан асып, облыстық, республикалық сайыстарда бақ сынап, марапат төрінен көрініп келеді. Мәселен, кәсіпорын жанындағы үйірмелердің бірі ән үйірмесі. Үйірме мүшелері түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Дәлірек айтсақ, өткен 2023 жыл көлемінде аудан және облысты санамағанда он үш байқауға қатысып, бір бас жүлде, бірінші орынды 7 рет жеңіп, екінші орыннан екі рет көрінсе, үшінші орынды бір рет иеленген. Бұдан бөлек, күрделі үш сайысқа жолдама алған. Сонымен қатар, Халықаралық дәрежеде бір рет бірінші орынды иеленіп, екі дипломат алған.
Жалпы, үйірме жұмыстарын жандандыру мен өнер ұжымдарын, вокалды аспаптар ансамблі, ұлттық, халықтық, оркестрлер, хор ұжымдарын дайындау және құру бағытында кәсіпорын атқарған жұмыстың жыл бойы жеткен жетістігі көңіл қуантады.
– Жуырда, бұрынғы Роза Бағланова атындағы мәдениет үйіне қоныстандық. Әрине, орын ауысқанымен, мақсат, міндетіміз бір болып қала бермек. Әлде де кенттің мәдениетін, абыройын асқақтатып, "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, жас талапшыл таланттардың өнерін шыңдап, қанаттандыру жұмыстарын күрделендіре түсеміз, – дейді Қазалы аудандық Әйтеке би кенті мәдениет үйінің басшысы.
"Шыққан тауың биік болса, лақтырған тасың алысқа түседі" демекші, әлі талай мінберден көрінуді мақсат тұтқан ұжымның бағындырар белесі көп болмақ.