Kyzylorda-news.kz. Қай кезде де Сыр өңірі дәстүрлі жыр жауһарларының алтын көмбесі саналады. Өйткені дария бойын жағалай қоныстанған киелі мекенде ежелден жыраулық, шайырлық өнер кең қанат жайған.Тарих парақтарына үңіл­сек, Сырдың жыраулық өне­рі сонау Қорқыт бабамыздан бас­тау алып, кешегі Нысанбай, Бал­қы базар, Ешнияз, Тұрма­ған­бет Ізтілеуовтердің жырларымен жал­ғасын тапқан. Бертін келе, Нұр­туған, Жиенбай, Нартай, Сәр­­сенбайдың жыраулар мектебі қа­лыптасты.

  2006 жылдан бері ауданымызда Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі жұмыс істесе, оның жанынан ашылған ор­талықта 9 үйірме дәстүрлі өнер­­­­ді жаңғыртуға күш салып жүр. Жуырда  ауданға қарасты тағы бір клуб үйінде «жыр-терме» үйірмесі ашылды.

  Нақтылай кетсек, Төретам кенттік кенттік клуб үйіне жаңа штат беріліп, жыр-термені нақышына келтіре орындаймын дегендерге үлкен қуаныш сыйлады. Әсіресе, балаларының құлағына ұлттық құндылықты құйғысы келетін, перзенттерінің бойына ұлттық өнерді дарытқысы келетін ата-аналар дән риза.

– Былтыр жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімінің есебінде Төретам кентінің ақсақалдарынан «жыр-терме үйірмесін» ашу туралы ұсыныс түскен болатын. Олар кентегі клуб үйінде көптеген үйірменің бар екенін, бірақ немерелерінің жыр өнерімен де сусындап өскенін қалайтынын айтқан еді. Аудан әкімінің қолдауымен «жыр-термеші», «домбырашы» деген штат ашылды. Оған халықаралық, респуболикалық байқаулардың жүлдегері, жыршы Тоғжан Бақытованы жетекші етіп алдық. Үйірменің ашылғанына көп уақыт болмаса да 10-аса оқушы жиналып, сабақ басталып кетті. Оқушылардың ынтасы зор, қызығушылығы жоғары. Күнделікті бір-екі оқушыдан қосылып, жыр үйренемін деушілердің қатары артуда. Осы орайда руханиятымызды, мәдениетімізді қолдаған аудан әкіміне шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді Төретам кенттік клуб үйінің меңгерушісі Ақмарал Кішкентаева.

  Аталар жолын жалғап, қанға сіңген жыраулық дәстүрді ұстанып жүрген жас жыршымыздың бірі Тоғжан Бақытовамен аудан халқы жақсы таныс. Ол 2016-2020 жылдары Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде білім алса, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3 курсын тәмамдады.

  Жас болса да дауысымен көпті өзіне қаратып жүрген жерлесіміздің бағындырған белесі мол. Бидас Рүстембеков, Ұрхия Жұмабекова, Ұлжан Байбосынова, Аққалқа Арыстанқызы секілді ұстаздардан тәлім алған шәкірттің топ жармауы да мүмкін емес еді. Таудай талап пен ынта-жігердің арқасында 10 жылдан астам уақытын жырмен байланыстырып келе жатқан Тоғжан аймақтық, облыстық, республикалық сахналардан бөлек, халықаралық фестивальдерде топ жарған. 12 жасында Әзербайжан Республикасы, Баку қаласында өткен халықаралық «Mugam» конкурсында ІІ орынды жеңіп алса, «Айгөлек» телевизиялық балалар шығармашылық байқауында І орын, 2014 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Алтын Құлын» конкурсында «Қыз Жібек» жырын жырлап, І орын иегері атанды. 2015 жылы «Дарын» халықаралық байқауында бас жүлде иеленіп, осы жылы «Үйреніп, өсіп келемін, Сырдың сұлу мақамын» атты жеке шығармашылық концертін өткізген.  Бізге берген бір сұхбатында «Басты мақсатым – елім маған не берді емес, мен еліме не бердім деген ұстаныммен өмір сүру» деген еді өнерлі бойжеткен. Енді шәкірттерге берері мол ұстаз боларына сенім мол.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: