ТЕТ-2022: Сыр өңіріндегі алғашқы кітапхана – Kyzylorda News
Басты бет

ТЕТ-2022: Сыр өңіріндегі алғашқы кітапхана

22.06.2022, 17:04

1269 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткелік мектебінің оқушылары үшін «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы Қазалы ауданынан бастау алды.

Экпедицияның алғашқы күні – Қазалы ауданының тарихи-өлкетану музейінен басталды. Оқушылар аудан тарихын бейнелейтін залдарды аралап, көне жәдігерлерді тамашалады.

Қоқандарға қарсы тұрып, ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы болған Жанқожа батырға арналған кесенесіне барып, ата-бабаның рухына құран бағыштады. Қазақ халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаның өмірі туралы құнды деректермен танысып, жасаған ерліктері жайында танымдық-тәрбиелік білім алды.

Содан соң елдік мұрат жолында ерлігімен танылған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне экскурсия жасады. Жарты ғасырға жуық тарихы бар орталықта оқушылар қоғам қайраткерінің балалық шағынан бастап, оның білім алған кезеңдері, қоғамдық істерге атсалысу жолындағы атқарған жұмыстары жайлы экпозициялық залдарда болып, теңдесі жоқ құжаттар, хаттар мен фотосуреттерден зерттеуге қажет тың мәліметтер жинады.

Жас экспедицияшы Орынбай Айхан: «23 жыл ғана өмір сүрген Ғани Мұратбаевтың жастардың болашағы үшін жасаған ерен еңбегіне тәнті болдым. Әсіресе ата-анасыз қалған балалардың білім алуы үшін интернат үйіне жатқызып, қоғамдық істерге араласуына дейін қолдау жасағанынан елдің ерекше құрметке ие болуының себебін түсіндім. Бүкіл қазақ жастарының басын қосып, қоғамдық-саяси істерге араласуына себепкер болған тұлға Ғани ағамыздың Сыр өңірінен шыққаны мақтаныш сезімін оятты», – дейді.

«Рухани жаңғыру» жолымен жас экспедицияшылар кезінде Хиуа мен Қоқан саудагерлері қоныстанған Ғанибайдың керуен сарайында, одан кейін кітапханаға айналған мәдени ескерткіште болып, атақты саяхатшы Семенов-Тян-Шанский сыйға тартқан кітаптарымен танысты. Сыр өңіріндегі мәдени-рухани мұралардың тарихымен танысты.

«Маған ерекше әсер қалдырған ең құнды ақпарат – ол өңіріміздегі ең алғашқы кітапхана. Бұл жерде кітаптардың алтын қоры сақталған. Ең алғашқы кітап 1914 жылы славян тілінде жазылған. Өзге ұлттардың өзі біздің тарихымызды зерттеген, сондықтан біз туған еліміздің тарихын терең білуіміз қажет»,– дейді экспедицияға қатысушы Жауhар Бекберген.