Kyzylorda-news.kz. Қазақ дәстүрлі өнерлерінің ішінде жыраулық өнердің шоқтығы биік. Соның ішінде Сыр елі – жыраудық-термешілік өнерінің мөлдір бұлағы десек болады. Ал өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығын кейінгі ұрпаққа дәріптей отырып, атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өнер арқылы жастарды жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке және имандылыққа баулуға болады.

Осы орайда, қараша айының 23 жұлдызында Жаңақорған аудандық iшкi саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Жастар Одақтары» ҚБ-нің ұйымдастыруымен өңір өнерпаздарының басын қосып, облыстық байқау ұйымдастырылды.

Сайысқа аймақтың 27 жасқа дейінгі 9 өнерпазы қатысты. Үміттерін үкілеп келген жыршы-термешілер II кезең бойынша өнер көрсетті. I кезең Жаңақорған өңipiнен шыққан ақын-жыраулардың шығармаларынан бip терме орындады. Ал II кезең бойынша әр қатысушы өз қалауымен кез-келген термені орындап шықты. Байқауға қатысушылар ішінде тәжірибелі термешілермен қатар ұлттық өнерге алғаш келіп отырғандар да кездеседі.

Майра Сәрсенбаева, Мұхтар Дәрібаев, Алмасбек Молжiгiтов сынды өңірге белгілі азаматтардан құрылған қазылар алқасы термешілерді әншілік шеберлігіне, таңдаған туындысының мазмұндылығына, сахна мәдениетін ұстауына қарап баға берді.

Қортындысында III орынды қармақшылық Өтегенов Руслан мен Қызылорда қаласынан келген Абдумажит Аяулым бөлісті. II орынға Жаңақорған ауданының намысын қорғаған Мәжитқызы Әсем лайық деп танылды. I орын Қызылордалық Әбдікерім Қарақаттың еншісінде. Ал, қатарынан қара үзiп шыққан Арал ауданынан келген Бектасов Абылайхан Бас жүлдені жеңіп алды.
 

1.jpg

Тағы да оқыңыз: