Kyzylorda-news.kz. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен Ташкентте Түркі әлемі кинематографистер қауымдастығы құрылды. Құрылтай жиналысына түркітілдес елдердің кино саласының жетекшілері қатысты.

ТҮРКСОЙ-дың хабарлауынша, шараға Әзірбайжан кино агенттігінің басшысы Орхан Фикретоглы, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды, Өзбекстан кинематография агенттігінің басшысы Фирдос Абдухаликов, Түркия кинематография департаментінің бас директоры Эркин Йылмазот, Қырғызстан кинематография департаментінің директоры Ақжол Бекболотов, сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының кинематография жөніндегі өкілі Салим Эзер қатысты.

Бірлестік түркі әлемінің кинематография өнерін жаңғырту, бірлескен киножобалар жасау, жаңа фильмдерді бірлесіп шығару, сондай-ақ үздік фильмдерді халықаралық аренаға шығару, түркі елдерінің кинопрокаттарының бірыңғай жүйесін құру мақсатында құрылған. 

«Ташкент» халықаралық кинофестивалі мен «Қорқыт-Ата» халықаралық кинофестивалінің деңгейін әлемдік деңгейге көтеру – басым бағыттардың бірі.

Болашақта түркі халықтарының бірлескен киножобаларының алаңына айналатын Түркі әлемі киноакадемиясын құру жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: