Kyzylorda-news.kz.  Қазақ әдебиетінің Сыр өңіріндегі көрнекті өкілі, ақын Қаңлы Жүсіптің 150 жылдығына орай облыстық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. А.Тоқмағамбетов ауылында ұйымдастырылған мүшәйраны аудандық мәдениет және спорт бөлімінің, ауыл әкімдігінің қолдауымен ауылдық мәдениет үйі өткізген еді.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 11 ақын қатысып, бақ сынады. Ереже шартына сәйкес талапкерлер бірінші кезеңде Қаңлы Жүсіпке арнау өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жырға шөліркеген жұртшылыққа өлеңнен шашу шаша білді.
Мүшәйраның ұйымдастырылу барысында ауыл әкімі Ғ.Алданазаров ақындарға ауылдың тарихын және ауылдан шыққан тарихи тұлғаларды таныстырған болатын.

Ауылымыздың тарихы тереңде. Біздің ауылда атақты тұлғалар көп шыққаны белгілі. Солардың бірі де бірегейі Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы сонау 1873 жылы Майлықұм табанында дүниеге келген. Ол жәй ақын ғана емес, Сыр бойындағы шайырлық мектептің көрнекті өкілдерінің бірі бола білген. Ел арасында «Қаңлы Жүсіп», «Молла Жүсіп» деген есімдері қатар айтылған. Алғашқыда ауыл молдасы Темір қожа деген кісіден хат танып, әрі қарай өз бетінше мұсылманша және орысша сауатын жетілдірген. 14-15 жасқа қараған шағында ақындығымен халыққа таныла бастаған. Біраз уақыт биге атқосшы, болысқа тілмаш болып еңбек еткен. Кеңес өкіметі тұсында Тереңөзек қыстағының сотында хатшылық қызмет атқарған деген де дерек бар. Биыл ақынның 150 жылдығына орай облыстық деңгейде мүшәйра өткізуді жоспарладық. Ауылымызға келген ақындарға айтар алғысымыз шексіз. Баршаңызға шығармашылық сәттілік тілеймін, – деді ауыл әкімі Ғабдолла Рүстембекұлы.

Мұнан соң 11 ақын сахна төріне көтеріліп, кезек-кезегімен өлең оқыды. Бірі Қаңлы Жүсіптің ақындығын, екіншісі сөзшеңдігін жырға арқау етсе, енді бірі жазған-қисса дастарын, мысалдарын өлең тілінде өрнектеді. Талапкерлердің өнерін, өлеңін ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов бастаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы мен №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Гүлнар Тәжімұратова бағалады. Нәтижесінде бес ақынға, атап айтқанда Гүлзада Есмаханова, Жасұлан Серік, Бекжан Нұрман, Бексұлтан Санақұл, Ермахан Нұртуғанға ынталандыру сыйлығы берілді. Ал жүлделі үшінші орынды Бекжан Ержігіт пен Ұлықбек Бектай иеленді. Қазылар алқасының ұйғарымымен екінші орын екеу болып, Ақерке Балманова мен Дидар Өмірзаққа берілді. Бірінші орынды А.Тоқмағамбетов ауылының атынан қатысқан Гүлзат Қалыбек еншілесе, бас жүлдемен Бақтөре Айтбаев марапатталғандығын айта кетейін.

Жыр бәйгесінің қорытындысында ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы сөз сөйлеп, қазылар алқасының қарауына ұсынылған өлеңдерді талдап, ақыл-кеңестерін айта білді. Сонымен қатар Қаңлы Жүсіп поэзиясындағы әлеуметтік сарын жөнінде пікір білдіріп, мүшәйраны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Мұнаң соң ауылға арнайы келген ақындар А.Тоқмағамбетовтің музейімен танысты. Ауылдық мәдениет үйінің директоры Ә.Ибраева ауыл халқына көрсетіліп жатқан мәдени қызметтер жөнінде ақпарат беріп, жетістіктерімен бөлісті, сондай-ақ алдағы уақытта да жыр мүшәйралары өткізілетінін айтып берді.

Айта кету керек, Қ.Жүсіптің «Замана түріне», «1916 жыл» атты толғауларында орыс отаршылдығын әшкерелеу мен ұлт бірлігін насихаттау көрініс тапса, «Әлди-ай» әуенімен айтылатын «Оспанбайдың қызы едім, мен Зылиха» өлеңінде және «Жүкті қыз», «Ана мен бала» хикаяттарында әйел теңдігі мәселесі көтерілген. Ақынның «Мағрупа қыз», «Мәрді Салық», «Ағайынды үш жігіт», «Әбірһаттың бастан кешкендері», «Түлкі, қасқыр һәм қой» атты қисса, дастан, мысалдары шығыстық үлгіде жазылған. Жұмбақ айтыстың шебері болған Қаңлы Жүсіп өз заманында Қарасақал Ерімбетпен, керейт Даңмұрынмен, Нақып қожамен, Шәкей салмен, Бермағанбетпен айтысқан, ол айтыстардың жазбаша нұсқалары сақталған. Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар Е.Ысмайылов, М.Байділдаевтың еңбектерінде оның Кете Жүсіппен жазба айтысы 8 жылға созылған деген де дерек бар екенін еске салайық.
 

Тағы да оқыңыз: