Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласындағы «ORDA» жоғары колледжі және Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Танымы мен тағылымы түйіскен Абай әлемі» атты республикалық байқау өтті. 

Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. 

Абайдың ақындық болмысы және қара сөздеріндегі адам қасиеттеріне қатысты тілдік бірліктерді зерттеу арқылы ғылыми білімді насихаттауды мақсат еткен байқауға 9-сынып оқушылары қатысты. 

Қатысушылардың жұмысына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Мәделханұлы Абасилов; Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бахтиярова Сара; Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, педагог-зерттеуші Даулыбаева Қалдаш Пірімбайқызы төрелік жасап, әділ бағаларын берді.

Екі кезең бойынша сынға түскен оқушылар арасынан суырылып, жүзден жүйрік шыққан А.Хангелдин атындағы №179 орта мектеп оқушысы Айзере Хәкім І орын иеленді. ІІ орынмен Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектеп оқушысы Қуанышбек Жібек марапатталды. Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектеп оқушысы Талғат Диляра мен Б.Шалғынбаев атындағы №217 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Мәдібек Нұрсезімге ІІІ орын дипломы табыс етілді.

Байқаудың қалған қатысушылары алғысхаттармен марапатталды.

Абай – халықты білімге, ғылымға, еңбекке көп үндеген ақын. Ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді. Ғылымның әлеуметтік орнын адамдардың жақсы қасиеттерімен байланыстыра қарады.  Ол қазақ әдебиеті тарихында қазақ жазба әдебиетінің негізін салумен бірге, сыншыл реализмнің де негізін қалаған кемеңгер ақын. Оның ұлы ақын, тамаша философ, кемел аудармашы, композитор, ірі қоғам қайраткер. Ғылымға әуес, әдебиетке жаны құмар жас ұрпаққа білім мен бағыт беруде өткізілген шараның маңызы зор.

Айта кету керек, шараның ұйымдастырушылары – А.Сейтжанов, Т.Орынбасарқызы.

 

Қорлан САРЫ
Фото:qazaq1913.com

Тағы да оқыңыз: