Kyzylorda-news.kz Талсуат ауылдық клубында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» жобасы аясында ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы асыл әжелердің өнегесін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру, сонымен қатар ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғыртып, салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында «Әже - көңілдің ажары, немере - өмірдің базары» атты қалалық байқауы болып өтті. Көрермен жанның жанына жылу ұялатқан ардақты әжелер додасын ауыл әкімі Е.Бейсенбаев ашып, барлық талапкерлерге сәттілік тіледі.
Шара қалалық мәдениет үйінің әншісі Елжан Берстенбаевтың орындауындағы Жанар Болатбекованың «Әжеме сағыныш» әнімен ашылды.
Қалалық байқауға қалаға жақын орналасқан елді мекендерден 7 жұп әже мен немере қатысты. Қатысушылар 3 кезең «Өнер қуып ой түзе», «Ою оя білесіз бе?», «Сыр сандық» бойынша бақ сынасты. Байқауға Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының режиссері К.Жанмұратова, Талсуат ауылдық округі әкімдігінің маманы А. Нұрпейісова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері С.Әділбектер қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімімен І орын Талсуат ауылдық клубынан Үсенбаева Зоя әже, немересі Ерболат Айжан, ІІ орын Қызылжарма ауылдық мәдениет үйінен Рақымжанова Бибіқадиша әже, немересі Рүстембекқызы Әдемі, ІІІ орын Белкөл кент мәдениет үйінен Абдыхалықова Қарлығаш, немересі Асқар Айару, ІІІ орын Тасбөгет кенті, С.Майқанова атындағы мәдениет үйінен Көрпешова Шамшырақ әже, немересі Алмат Бибіфатима марапатталса, «Бесаспап әже, өнерлі немере» номинациясымен Тасбөгет кенті, С. Майқанова атындағы мәдениет үйінен Сералиева Үміткүл әже, немересі Құдайберген Сезім; «Сымбатты әже, көрікті немере» номинациясымен Абай ауылдық мәдениет үйінен Оспанова Марал әже, немересі Серікбай Ғазиза, «Зерделі әже, зерек немере» номинациясымен Қызылөзек ауылдық клубынан Досмырзаева Мираш әже, немересі Бахтияр Мадина алып, сыйлықтармен марапатталды.