Kyzylorda-news.kz. Ауданымызда ұйымдастырылатын кез келген мәдени-көпшілік іс-шараның басы-қасында жүретін, бірақ еңбегі көптің көзіне көрінбейтін жас маман туралы қалам тербейтін боламыз.

     Талғат Құттымұратұлы – Тереңөзек кентінің тумасы. Ол – аудандық  №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің түлектерінің бірі. Оқушы кезінен бастап-ақ белсенді және мәдени-көпшілік іс-шараларға етене жақын болып өскен ол қазіргі кезде аудандық мәдениет үйінде дыбыс операторы ретінде қызметі бойынша жұмыс істеуде. Ізденісті жанына серік еткен жас маман былтыр тәжірибиесін толықтырып, «Қазақконцерт» АҚ барып, Алматыдағы өзі секілді әріптестерімен кездесіп келді. Шығармашылық сапарынан соң аудандағы мәдени іс-шараларда шырқалатын әндердің, әуенді ырғақтардың сапасын одан әрі арттырып, жұмысына жауапкершілікпен қарап келеді.

     – Мәдениет саласында жұмыс істеу әрі қызықты, әрі қиын. Қызықты дейтін себебім апта сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Соның ұйымдастыру жұмыстарына ұжыммен бір кісідей атсалысамыз. Көрермен қауымға ұнап, қол шапалақтаса, еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз. Ал қиын болатын себебі жауапкершілік өте жоғары. Басшымыз Нұрхан Серікұлы бізге әркез бағыт-бағдарын беріп, ақыл-кеңесімен бөлісіп, көрермен алғыс айтатындай іс-шаралар өткізуімізге жол ашып келеді, – дейді дыбыс операторы. 

     Маманның айтуынша, дыбыс операторының бар-жоғын халық онша біле бермейді. Бірақ іс-шара барысында әннің шырқалуында немесе ән ырғақтарының уақытылы қосылуында қандай да бір қателіктер орын алса, бірден дыбысқа жауапты маманның барын сезінеді. Сондай-ақ мұндай кезде әр секундтың қадірі арта түседі. «Халық – әділ сыншы» дейтін болсақ, мұндай жағдайда тез шешім қабылдап, орын алған кем-кетікті жою кәсіби шеберлікті талап етеді. Сол себепті дыбыс операторы барлық жағдайға дайын болуы тиіс. Себебі іс-шаралар барысында «форс-мажор» жағдайлар кез келген уақытта орын алуы әбден мүмкін.

     Қызметі жауапты, алайда еңбегі көзге көріне бермейтін мамандардың түрлі салада көп екені белгілі. Міне, бүгін біз мақалаға арқау еткен дыбыс операторы Талғат Құттымұратұлы – сондай маманның бірі. 

Тағы да оқыңыз: