Kyzylorda-news.kz.  Арқырап, жарқырап, аудандық мәдениет үйін той-думанға бөлеп, қоңыр үнді табиғи дауысымен үлкенді де, кішіні де тәнті еткен Жұбаныш Разақовтың есімі аудан халқына жақсы таныс екені мәлім. Бұрын бұл кісінің қатысуынсыз ауданда бірде-бір мәдени іс-шара өтпейтін еді. Ата-бабасының атақонысы болған Тереңөзек топырағына 16 жасында келіп, содан 30 жыл аудан мәдениетін төрге де, өрге де сүйреу жолында табанды еңбек еткен азамат қазір зейнет демалысында жүріп, жастарға ақыл-кеңесін айтуда.

Жұбаныш ағамызды іздеп, арнайы сұхбаттаспақ ниетте үйіне барғаны­мызда жұбайы Құндызай апа екеуі ескі альбомды ақтарып, өт­кен-кеткенді ой елегінен өткізіп отырғанын көрдік. Бәрі де күні кешегідей көз алдын­да. Жас еді. Жалынды еді. Той-думан­ның төрінен табылатын. Бәрі ыстық, барлығы көңілде сайрап тұр. Арнайы келгенімізге балаша қуанып, кең құшағын айқара ашқан ардагер аға­мыз аузын ашса, көмейі көрінетін ақжар­қын болмысымен бізді бірден төрге оздырды.

– Төл мерекеңіз қарсаңында сіз туралы мақала жазуға келдік, – деп бастадық әңгімені.

– Айналайын, рақмет! Ризамын, – деген Жұбаныш аға бір қуанып, бір күрсінді. Қуанатыны – еңбегін елейтін, бағалайтын ел-жұрттың бар екеніне шүкір еткені. Ал күрсінетіні – өмір жолына, еңбек жолына көз тас­таса, қаншама қимас жандардың, бірге қызмет еткен достарының бақиға бет түзегені... Содан да болар кейіпкеріміз әңгімені әріден бастады.

– Әкем Манап 1925 жылдың тумасы болса, анамыз Ақбалдақ 1932 жылғы еді. Ата-анадан сегіз ағайындымыз. Қасиетті қарашаңырақта 5 ұл, 3 қыз өсіп-өндік. Отбасының төртінші пер­зентімін. Өзімді туғанымнан мәдениет, өнер саласының төл өкілімін деп есептеймін. Өйткені туған күнім халықаралық театр күнімен тұспа-тұс, наурыздың 27-сінде дүние дидарына келгенмін, – деді Жұбаныш аға.

Биыл 67 жасты толтырған ардагер соңғы жылдары сәл науқастанып қалды демесеңіз, тілі терең ойларға, көңілі көркем әңгімелерге сайрап тұр. Қызылордада кіндік қаны тамған ол сонау 1963 жылы №112 орта мектеп табалдырығын аттапты. Кейін Гагариндегі мектеп-интернатын біті­ріп, қазіргі жаңа базар маңындағы жөндеу-механикалық зауытында жалданып жұмыс істеген. Зауытта жұмыс істеді деген аты ғана. Уақытының көп бөлігін мәдени-көпшілік іс-шараларға арнап, ән айтуға әуес болған. Сондай бір кезекті іс-шараның бірінде Рамазан Таймановпен жолығады. Бұл 1973 жыл еді.

– Әй, бала, есімің кім? Қай жақ­тың тумасысың?, – дейді он тоғыз жастағы студент Рамазан қалалық байқау­ға қатысуға талап қылған жас жеткіншекке.

– Есімім Жұбаныш болады. Негізі Тереңөзектегі «Узтопта» туғанмын.

– Енді мұнда жұмысшы болып не бітіріп жүрсің?

– Ауылда мен сияқты әншіге да­йын тұрған жұмыс жоқ. Ән айтып, азын-аулақ ақша табамын. Соны дос­тарым­мен бірге керек-жарағыма жаратамын…

– Е-е, солай де. Сенің дауысың жақсы екен. Мен Рамазан деген ағаңмын. Саған қалада өмір сүру қиын, одан ауылға қайт, – дейді өзінің үш жас үлкендігін алға тартып, болашақ­та елге танымал сазгер болатынын сезгендей талантты азамат.

Бұл таныстық Жұбаныш Разақов­тың өнердегі жолының бастауы еді. Көп өтпей ол Рамазан ағасының бағыт-бағдарымен, жанашырлық қол­дауы­­мен ауылға қайтады. Бірақ ауылда әншіге дайын тұрған жұмыс жоқ еді. Ол кезде жұмыссыз жүру­ге тағы болмайды. Сөйтіп Еріш Тұрсынбаев басқа­ратын коммуналдық шаруашы­лық мекемесіне жұмысшы болып қабыл­данады. Мұнда да жұмысшы деген аты ғана. Уақытының көп бөлі­гін мәдени-көпшілік іс-шараларға арнай­ды. Жас жігіттің ән айтуға әуестігін аңғарған аудандық мәдениет үйін­дегі­лер оны түрлі концерттерге шақы­­рып, ән айтқызады. Мұндай шақы­­ру құлағына тиген бойда жас Жұбаныш «Қайдасың, дом культура?» деп жүйтки жөнеледі. Сөйтіп жүр­генде бір күні Көбейсін Исаевтың көзіне түседі. Талапты жігіттің талантын жазбай таныған аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы жас әншінің әнін тыңдап, қоңыр сазды дауысына сүйсінеді.

– Бұл кім? – дейді Көбейсін Исаев.

– Ауылдың жас жігіті. Комму­налдық шаруашылық мекемесінде жұмыс­шы, – дейді сол кездегі аудан­дық мәдениет бөлімінің басшысы Сейтмұрат Ембергенов.

– Дереу қызметін ауыстыру керек. Мәдениет саласынан жұмыс берің­дер, – деген аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы жас әнші­нің өнер жолындағы Рамазан Таймановтан кейінгі екінші тынысын ашуына ұйытқы болады.

Бұйырған деген осы. Ертеңіне-ақ Жұбаныш Разақов аудандық мәде­ниет бөліміне қарасты автоклуб мең­геру­шісі болып жаңа қызметке орналасады. Ол кезде әр автоклубқа белгілі бір аумақ бекітіліп, олар халық­қа мәдени қызмет көрсететін. Ж.Разақов жетекшілік еткен автоклуб мүшелері Қараөзек, Қаракөл ауылдарын аралап, малшыларға, егіншілерге концерт қоюды бастап кетеді. Кейін мәдени демалыс кешенінің директоры, аудандық мәдениет үйінің көркем­дік жетекшісі қызметтерін атқарады.

– Әр күніміз ерекше той, ерекше думан еді. Бірақ екі оқиға есімнен кетпейді. Нақты уақытын ұмытып қал­дым. Біріншісі, Дінмұхамед Қонаев­­тың алдында ән айтқан кезім. Сон­да бірінші рет тізем дірілдеген еді. Қанша дегенмен дара тұлға ғой. Әнімді ерек­ше ықыласпен тыңдап отырғаны көз алдымда. Екінші, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Қ.Мұхамеджанов, С.Мәуленовтер ауданға келіп, ақ үй тігіп, құрмет көрсеттік. Сонда талант­ты тұлғалардың туындыларын өздеріне шырқап бердім. Риза болған дара дарын иелері арқамнан қағып, алғыс айтқан еді. Мұндай ғажап естеліктер көп, бірақ ұмытыңқырап та қалдым, – дейді Жұбаныш аға

Ардагер ауданның мәдениет саласын дамытуда зор еңбек сіңірген Қайрақбай Нұрбаев, Алмагүл Бақтиярова, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасовтардың есімін, еңбегін ерекше құрмет тұтады. Бақыт Жүсіпов, Ораз Ерғалиев, Сейтхан Қосылбаев, Жұматай Әбдіраманов, Бекболат Әлмаханов, Әлтай Әбдіреев, Байзақ Дәрменов, Жақсылық Ілиясов секілді азаматтармен бірге қызмет еткен жылдарын сағына еске алады. Әсіресе терең­өзектіктер «Беташар Бақыт» деп атайтын Бақыт Несіпбайұлы Жүсіповпен жақын дос еді. Екеуінің жұбы жазылмайтын. Бақыттың анасы Ажаркүл апа «Жұбаныш та менің балам, туғанымнан кем емес» деп ерекше еміреніп, тебіреніп отыратын. Мұның бәрі бүгін өткен күннің естен кетпес естелігіне айналды…

Мәдениет саласында өзіндік орны бар азамат Жұбаныш Манапұлы жары Құндызай Тұраровамен 1979 жылы шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қыз­ды өсіріп, жеткізді. Қазір немере-шө­бере сүйіп отыр. Үйдің үлкені Ардақ құрылыс саласында еңбек етіп жүрсе, Малика тұрмыста. Ауданда «Сыр­дария» квартетін білмейтін жан жоқ шығар. Квартеттің белді мүшесі Дархан Разақов – Жұбаныш аға мен Құндызай апаның сүткенжесі. Әке жолын қуып, өнер саласын таңдаған аза­­мат талай республикалық, облыс­тық байқаулардың жүлдегері атанды. Қазір Қалжан ахун ауылдық клубы­ның директоры қызметін атқарып келеді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, Жұбаныш ағаның өнер­дегі даңғыл жолын ұрпақтары кеңейтіп, жалғап жатыр. Сондықтан ақжарқын болмысымен дараланып, жалынды жастық шағында арқыра­ған, жарқыраған Жұбаныш ағамызды арда­герлік кезеңге абыроймен жетті деп нық сеніммен айтамыз.

7bed2c4a-f0cb-4f89-b645-f9dd61aa0fc3.jpg

Фото: news.arsu.kz

Тағы да оқыңыз: