Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын Қазалы ауданында Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде қобызшы, музыканттар Махамбет және Раманқұл Әуезовтердің атындағы "Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!" атты дәстүрлі республикалық халықтық отбасылық ансамбльдердің байқауы өтеді.
Қызылорда облысы бойынша өнер бауқауына көптеген халықтық атағы бар отбасылық ансамбльдер қатысып, бақ сынайды. Биылғы жылы өткен байқауға Сырдария ауданынан Сәдуақасовтар халықтық отбасылық ансамблі қатысып, үздік өнер көрсетті. Есімі республикаға белгілі Сансызбай Сәдуақасов басқаратын ансамбль өнер додасында бірінші орынды жеңіп алды.
– Жыл сайын отбасымызбен дәстүрлі түрде өтетін байқауға қатысып, өенр көрсетеміз. Бұл бір жағынан шығармашылық ізденіске есеп берудің көрінісі болса, екінші жағынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ән мен күйге ерекше сүйсінетін, бағалайтын тындармандарымызды қуанту. Отбасымызда жұбайымнан бастап, балаларым, немерелерімнің барлығы өнерлі, музыкалық қабілетімен қатар арнайы білімдері де бар музыканттар, түрлі аспаптарда ойнайды. Келіндерім де басқа салада еңбек етсе де, өнерге жақын жандар. Міне, біздің халықтық отбасылық ансамбльдің өнеріне жоғары баға берген Қазалы жұртына айтар алғысымыз мол. Өнер бар жерде адам ешуақытта рухани аласармайды. Алдағы уақытта да осындай байқауларға қатысып, өнерімізді тамашалайтын боласыздар, – дейді халықтық отбасылық ансамбльдің жетекшісі, әрі Сәдуақасовтар отбасының отағасы Сансызбай Сәдуақасов.
Айту керек, өткен жылы да дәстүрлі республикалық халықтық отбасылық ансамбльдер байқауында Сырдариялық Сансызбаевтар отбасылық ансамблі үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын алған болатын.