Kyzylorda-news.kz.  Осы күні егемен еліміздің мәдени-рухани өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген мәдениет және өнер қызметкерлері баршылық. Мәдениет майталмандары өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғырту, елді бірлік пен ынтымаққа шақыру бағытында еңбек етуден еш жалыққан емес. Осыған орай сала қызметкерлерінің төл мерекесінде Сырдария ауданында арнайы салтанатты жиын ұйымдастырылған еді.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Б.Сәрменбаев қатысып, мәдениет және өнер саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Мәдениет пен өнер саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген сала ар­дагерлерін, өнер адамдарын, шығар­машылықпен айналысып жүрген ақын-жазушыларымызды, халқымыздың салт-дәстүрін, өнерін насихаттап жүрген барша аудан тұрғындарын төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күні біз мәдениет және өнер мекемелерінің – музейлер мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, аудандық және ауылдық клубтардың қызметкерлеріне, сон­дай-ақ ақын-жазушыларға, әртістерге және басқа да шығармашылық мамандық өкілдеріне шын көңілден алғыс білдіреміз. Біздің қоғамда руханиятты да­мытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсінікті өрістетуге жол ашатын үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға және молайтуға ерекше мән беріліп келеді. Маңызды саланы дамыту – баршамыздың азаматтық парызымыз және мін­детіміз деп есептеймін. Сала майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Қа­шанда алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін және биік белестерде талмай қызмет ете беріңіздер деп тілеймін, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде ауданның рухани-мәдени дамуына үлесс қосқан сала ардагерлері мен нәтижелі еңбек етіп жүрген мамандар түрлі марапаттарға қол жеткізді. Атап айтқанда, облыс әкімінің Алғыс хатымен «Балауса» халықтық би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Пернебаева, А.Тоқмағамбетов ауылдық клубының директоры Әсел Ибраева, А.Тоқмағамбетов ауылдық кітапханасының кітапхана­шысы Гүлнар Қаржанова марапатталса, Жетікөл ауылдық клубының директоры Алмат Өтеуовке, Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбсадықовқа, аудандық кітапхананың кітапханашысы Гүлмайра Асанға облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар аудан әкімінің Алғыс хатын сала ардагері, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет, Айдарлы ауылдық клубының директоры Анар Қалдыбаева, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев, аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Азиз Садықов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Ғалымжан Таңатаров, халық театрының суретшісі Жәнібек Әбдіреев, мәдени ұйымдастырушы Махмуд Сақтапов, әнші Руслан Садықов, Динара Жәкешова, Ақбота Талғатова, Қалжан ахун ауылдық клубының әдіскері Гүлжанат Сырғабаева, Тереңөзек кент мәдениет үйінің әдіскері Ербол Жасұланұлы иеленді.

Мерекеге орай салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы аудандық мәдениет үйі­нің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева мен Қоғалыкөл ауылдық клубының әдіскері Гүлшара Сарбасоваға берілсе, Алғыс хатын Сырдария аудандық мәдениет үйінің мәдени қызметкері Айләззат Сүлейменова мен Марат Қошық, есепші Лаззат Баймбетова, Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Маржан Дүйсенбаева иеленді.

Осылайша, саланың дамуына үлестерін қосып, еңбегімен көзге түскен азаматтар марапат биігінен көрінді. Бұл күні мереке иелерінің құрметіне ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, би билеп, жиналғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 

Тағы да оқыңыз: