Kyzylorda-news.kz.  Би өнері адамның жан-дүниесімен астасып, көңілдермен түсіністік табатын қиын әрі қызық жанр екені мәлім. Өйткені, онда тіл жоқ, сөз жоқ, тек қимыл бар. Бір қызығы, көрермен сахнада қойылған биден сыр ұғып, өзінше топшы жасайды, жан дүниесі тыныш тауып яки делебесі қызып, ерекше күйге бөленетіні рас.

Қазақ ұлтының алғашқы кәсіби бишісі Шара Жиенқұловадан бастау алған өнер түрі бірнеше ұрпақтың рухани байлығына айналып, бүгінгі таңда қазақ бишілері әлемдік деңгейде топ жарып жүрген жайы бар. Мұндай ұлттық өнерді ұлықтап, руханиятымызды жандандырып жүрген «Балауса» халықтық би ансамблі аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған. Сан алуан деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, аудан абыройын асқақтатып жүрген топтың негізі 2002 жылы қаланған. Ансамбль құрамында барлығы 39 өнерпаз бар. Олардың ішінде 8 өнерпаз үлкен топ бишілері болса, 31 биші – орта және кіші топ өнерпаздары. «Балауса» халықтық би ансамблінің шығармашылық қоржынында бүгінде елу шақты би қойылымы бар. Әр жаңа туындыға түрлі сахналық костюм тіккізіп, үлкен дайындықпен кірісетін би ұжымы еңбектің нәтижесін көріп, биік белес¬терді бағындырып жүр.

Би өнері – өнер атаулының күрделі жанрларының бірі. Бірақ, осы салаға қызығушылық танытатындар қатары көп. Олардың ішінде қыздармен қатар ұл балалар да бар. Себебі би бір жағынан өнер болса, екінші жағынан спорт. Өздеріңіз байқайтын боларсыздар, биге қатысқан адамның жүріс-тұрысы икемді, бойын тік ұстайтын болып келеді. Бұның бәрі – үлкен еңбек, көп дайындықтың жемісі. Біздің «Балауса» би ұжымының құрылғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта би тобы бірнеше түлек түлетті. Олардың кейбірі қазіргі таңда осы саланы одан әрі қарай жандандыруға еңбек етіп келеді, – дейді халықтық би ансамблінің балет-мейстрі Ақмарал Пернебаева.

Би ұжымының қай тобы да қатысқан сайыстарынан жоғары деңгейде өнер көрсетіп, биік белестерді бағындырып келеді. Солардың бірі – жақында өткен «Таңшолпан» эстрадалық телебайқауы. «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық «Қызылорда» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен жасөспірімдер байқауында біздің бишілер бас жүлдені қанжығаға байлады. Би ұжымы бір ай бойы 3 кезеңнен тұратын іріктеудің жартылай финалынан жоғары көрсеткіш көрсетіп, ақтық сайысқа өткен. Дүбірлі додаға облыс аудандарынан 11 би ұжымы қатысқан. Өз ісінің нағыз мамандары бақ сынаған сайыста «Балауса» «Жан дүние» модерн биін сәтті орындап, шеберліктерін тағы бір дәлелдеді. «Жан дүние» қойылымы жан дүниесіне жеткен халық ерекше риза болса, қазылар алқасы биді жоғары бағалаған. Сонымен қатыр би ұжымы жақында өткен республикалық «Dance Battle» бишілер байқауына қазақ биі «Жайлауда» биімен қатысып, жүлделі І орынды иеленген.

Айта кетейік, 29 сәуір – халықаралық би күні мерекесі аталып өтілді. Биылғы атаулы күннің қарсаңында ұйымдастырылған байқауларда «Балаусаның» бағы тағы жанып, биіктен көріне білді.

 Жалпы, би үйірмесі Сырдария ауданында жақсы жолға қойылған. Қазіргі уақытта әрбір ауылда би үйірмесі жұмыс жасайды. Біздің өнерпаздарымыз жоғарғы деңгейдегі байқауларда бақ сынап жүр. Алдағы уақытта «Балауса» халықтық би ансамблінің ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Өнерпаздарымыздың алар асулары көп болсын, – деді  аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жігер  Айекешов 

Зерттеуші ғалымдар «орыс биін аяқпен, өзбек, ұйғыр билері қол-мойын әрекетімен, моңғол биі жауырынмен, ал қазақ биі – адамның тұтас буындар жүйесімен орындалады» деп тұжырым жасайды. Жоғарыда атап өткеніміз түрлі ұлттың биін де нақышына келтіре билеп, би арқылы көрермен көзайымына айналып, талай додада аудан намысын асқақтатқан «Балауса» жетістігінің бірсыпырасы ғана. Ерекше өнерді дәріптеп, көпшіліктің қолдауына ие болған өнерпаздарға шығармашылық табыс тілей отырып, биік белестерден көріне берулеріне біз де тілектестік білдіреміз.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: