Kyzylorda-news.kz Сырдың елі – өнердің киелі ордасына айналған қасиетті өлке саналатыны күллі жұртқа мәлім. Өткен ғасырдан жыр-дастан мен әуелеген әннің алтын ұясы саналатын бұл мекен өнерден кенде болған еместігін жақсы білеміз. Талантымен талайды таңқалдырған мәдениет майталмандары қазақ өнерінің көсегесін көгертуге барын салып келеді. Өз кезегінде жарты ғасырлық тарихы бар «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің аудан өмірінде қалыптасқан ізгілікті жолы бар екеніне әбден көз жеткізгенбіз. Ең алғаш ансамбль құрамында өнер көрсетіп, зор жетістікке жетуіне айрықша ықпал еткен Серік Байдәулетовпен шығармашылық ұжымның жұмысы жөнінде сұхбаттасудың сәті түсті.

 – Серік Ибадуллаұлы, 50 жылдан аса уақыт бойы жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблі ең алғаш қалай құрылды? Құрамында кімдер болды?

– «Ритм» халықтық вокалды-аспапты­ ансамблінде жастайымнан өнер көрсетіп келе жатырмын. Осыдан 52 жыл бұрын ауданымызда жергілікті сазгер Рамазан Тайманов, Оспан Қожақов, Мәлік Серікбаев сынды ағаларымыз Тереңөзек кентіндегі бұрынғы клубта аспаппен өнер көрсетуді бастағаны сол кездегі жұртшылыққа жақсы таныс. Сол уақыттан бастап халықтың жүрегінен орын алған аспаптар ансамблінің негізі қаланған болатын. Кейіннен, Рамазан Тайманов ағамыз Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанған уақытта ансамбль жұмысын жолға қою маған жүктелгендігін абыроймен айта аламын. Облыс аумағында халықтық вокалды-аспапты ансамбльдер құрыла бастаған мезетте біз де өнерімізді көпшілікке таныта бастаған болатынбыз. Әлі есімде 1975 жылы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесінде репертуарымызды толықтырып, тыңдарман қауым алдында өнер көрсетіп, көпшіліктың ыстық-ықыласына бөлендік. Әр жылдары ансамбль құрамында талантты, өнерлі аға буын өкілдері мен жастар өнер көрсетіп отырды. Мәселен, Бекет Алданазаров, Мұхан Қаушов, Кюри Каримов, Марат Олжабаев, Әлтай Әбдіреев, Ғалым Бакиров, Бауыржан Якудаев, Бақыт Абдураймов, Ораз Ерғалиев, Володя Тен, Марат Шамшиев сынды азаматтар аспапта ойнау өнерімен дараланды. Әрқашан қабілеті зор, музыкалық білімі бар азаматтар құрамның жаңарып отыруына қиындық соқтырмаған еді.

– Ансамбль атауының қойылу тарихын бір сәтке еске түсірсек…

– Өз кезегінде халықтық вокалды-аспапты ансамбль мүшелері жанды дауыста ән шырқап, әнсүйер қауымның назарын аударта бастаған тұста өзінің атауын бекіте алдық. Бір күні Әлтай Әбдіреев екеуміз ұзақ ойлана келіп, «Ритм» деген атауға тоқталған болатынбыз. Негізінен, ритм музыканың ырғағы саналады. Шығармаға жан бітіріп, барлық құрылымын сақтап тұратын ритмді ансамбліміздің ресми атауына айналдыра алғанымызға қуаныштымыз.

– Өнер ұжымының репертуары жөнінде кеңінен тарқатып айтып бересіз бе?

– Біздің әндеріміз тыңдарманның жүрегінен жол тауып, өміршеңдігімен ерекшеленіп келе жатқанына ел куә. Жалпы, ескі әндерді жаңғыртып, қазақ сазгерлерінің құнды туындыларын жарыққа шығарумен айналысаыз. 2006 жылы «Естен кетпес сол әндер» тақырыбындағы концерттік бағдарламамызда өткен ғасырдың 70-80 жылдары кеңінен халыққа танылған шығармаларды орындаған едік. Қазіргі уақытта 20-дан аса ән бар қоржанымызда. Оның ішінде, ансамбль мүшелері өзімнің авторлық 6-7 әнімді шырқап жүр. Сонымен қатар шетел әндерін айтамыз. 2009 жылы Ресей елінде өткізілген халықаралық байқауға қатысып, «Гран при» жеңіп алған болатынбыз. 42 ансамбль ішінен үздік шыққан кезімізде «Шыңдалу» атты рок балладасын орындаған едік.

– «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамбліне ұзақ жыл бойы жетекшілік еттіңіз. Ұжымды ұстап тұру қиын болды ма?

– 42 жыл ансамбль жұмысын үйлестіруге табандылық таныта білдім десем, қателеспеймін. Соңғы 6 жылда жас әнші Дастан Палмахов аға буын бастаған жұмысты жалғастырса, қазіргі уақытта жергілікті сазгер Марат Қошықов ансамбльге жетекшілік етіп келеді. Әрине, тоқырау жылдары өнер ұжымын ұстап тұруға едәуір ауыртпалық еткені. Жыл сайын республикалық облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі болуға ұмтылып келеміз. Халықтық атақты осыдан 11 жыл бұрын алған мезетте қуанышымызда шек болмады. Негізінен, ансамбль мүшелерінің сапалы әрі сәтті өнер көрсетуі – аспаптарға байланысты. Аспаптың күйін келтіріп, кәсіби тұрғыдан ойнап шығудың өзіндік қиындығы бар. Қай кезде де, аспаптың дауысына, ойналу ырғағына аса мән береміз. 1985 жылы, яғни, аумалы-төкпелі кезеңде мәдениет саласына басшылық жасаған Алма Бақтиярова апамыз Германия елінен «Вермона» музыкалық аппаратын алдыртып берді. Кейіннен, «Оңаша» ойын-сауық отауымен бірге елді мекендерді аралап, ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандарына концерттік бағдарлама ұсынған едік.

– «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің қазіргі уақытта атқарып жатқан жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Осы күні ансамбль құрамында Махмұд Сақтапов, Жәнібек Әбдіреев, Дархан Разақов сынды азаматтар бар. Жақында аудандық мәдениет үйінде «Сазға толы сырлы әндер» тақырыбында шығармашылық кешімізді өткізген едік. Сонымен қатар өткен жылы «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблінің құрылғанына және шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Сыр әуендері» атты облыстық вокалды аспапты ансамбльдер байқауы ұйымдастырылды. Біз қашанда өнерді жоғары бағалап, шығармашылығымызды дамыта береміз деп сеніммен айта аламын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: