Kyzylorda-news.kz.  Сырдария ауданының халқы ер жүрек батыр ұл Талғат Қозыбаевтың есімін еш уақытта ұмытпайды. Қызмет бабында қарақшының қолынан қаза тапқан айбынды полиция қызметкерінің есімін мәңгі қалдыру мақсатында өзі оқыған орта мектепке есімі берілсе, Тереңөзек кенті мен Тартоғай ауылында Талғат Қозыбаевтың атында көше бар.

Жыл сайын сырдариялықтар өзінің батыр ұлын еске алып, мәдени-көпшілік іс-шара өткізеді. Жақында Тереңөзек кенті әкімдігінің және аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен, Тереңөзек кенті клубының ұйымдастыруымен аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты, Талғат Есентайұлы Қозыбаевтың туғанына 45 жыл толуына орай өткен мүшәйра «Антына берік ер Талғат» атты тақырыпқа негізделді.

Мүшәйра өткізудегі мақсатымыз – ел тыныштығын күзетіп қаза болған қаһарман ұл, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Есентайұлының жалынды, намысшыл, ержүрек қасиеттерін ұрпаққа үлгі етіп, жастарды патриоттық сезімге баулу, жазба ақындардың өнерін шыңдау. Биыл Талғат тірі болғанда небәрі 45 жасқа толатын еді. Қыршынынан қиылған жас полицейдің артында ұрпағы қалды. Алмат әкесінің жолын жалғап, қазіргі кезде полиция қызметінде. Өнегелі өмір иесінің атын жас ұрпақ ұмытпауы тиіс, – деді клуб меңгерушісі Рүстем Байділдаев.

Алдымен мүшәйраға қатысуға келген ақындар №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің алдында орналасқан бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.

Ауданның жазба ақындары мүшәйраның шарты бойынша әр елді мекеннен келген 19-35 жас аралығындағы бір-бір талапкер екі өлеңнен оқыды.

Бірінші кезеңде жазба ақындар Талғат Қозыбаевқа арнау арнаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз шығармашылығынан бір өлең оқыды. Ақындарға Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы, Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов, ардагер-журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мейрамбек Шілдебаев, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Сырдария ауандық мәдениет үйінің әдіскері Гауһар Сарсенбаева қазылық етті.

Іс-шарада ер жүрек полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың әкесі Есентай Қозыбаев бейбіт күні қарақшының қолынан қаза тапқан ұлының есімін мәңгі қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өтетінін айтып, алғысын білдірді. Жас ақындарға сәттілік тіледі.

Екі кезеңді қамтыған жазба ақындар мүшәйрасында қазылар алқасының ше¬шімімен тереңөзектік ақын Ақтолқын Абылаева бірінші орын, Шаған ауылынан келген ақын Ақерке Балманова екінші орын, ақжармалық Наурызбек Төребеков пен Қалжан ахунның ақыны Гүлімай Серікбай үшінші орынды өзара бөлісті.

Талапкерлер Алғыс хат, диплом мен бағалы естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, жүлдегерлердің естелік сыйлықтарына «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев демеушілік жасады.

Тағы да оқыңыз: