Kyzylorda-news.kz.  Бұл  жолғы  Қоғалыкөл ауылына арналған сапарымыз ерекше болды. Негізінен, дара тұлғаларды тудырған киелі мекеннің жанынан орта ғасырлық Қышқаланың орны табылғандығын естігенімізбен, көзімізбен көрмеген едік. Осы жолы сәті түсіп, Мадияр Елеуов жетекшілік ететін экспедиция жұмысымен танысқан болатынбыз. 

«2023 орта ғасырлық Қышқала (Баршынкент) жаңа зерттеулер жүргізілген қазба жұмыстары» тақырыбындағы дала семинарына облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеме басшысы Ерғазы Алданазаров, аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Жеңісбек Төрәлиев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова, жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. 

Қоғалыкөл ауылындағы ортағасырлық қаланы зерттеу жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталған. Аталған елді мекеннен 2 шақырым қашықтықта орналасқан Баршынкент қаласының орны бар екен. Өз кезегінде  дала семинарының жұмысына қаныққан облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова өз пікірін білдірді еді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология» деген болатын. Біздің мәдениет саласының негізгі бөлшегі, расымен, археология саласы болып табылады. Айрықша ұқыптылық пен зердені қажет ететін бағыт бойынша аймағымызда серпілісті жұмыстар атқарылуда. Оған дәлел –  Қоғалыкөл ауылы маңындағы ортағасырлық Қышқала қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары. Онда ХІІІ-ХV ғасырлармен мерзімделетін ортағасырлық Қышқала қалашығына республикалық бюджет есебінен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы бойынша «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент): Алтын орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контексінде» атты жобасы аясында жүргізілуде. Қазба жұмыстарын елімізге белгілі археолог, профессор Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атқаруда. Биыл аталған археологиялық жұмыстардың нақты бір нәтижесі ретінде, археолог ғалымдардың ғылыми негіздемелеріне сәйкес, аймақ басшысының қолдауымен, облыстық бюджет қаржысы есебінен «Шірік Рабат алтын адамы» және «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы жасалады. Бұл Сыр өңіріндегі тарихи қорымдарды зерделеудің нәтижесінде Сыр қойнауының Алтын Адамы көрме төріне көтеріледі деген сөз. Бұл –биылдың ең ауқымды жаңалығы болмақ. Тарихымыз бен мәдени мұраларымыздың қорықшыларына айналған археологтарға сәттілік тілейміз, – деді басқарма басшысы. 

Расында, археолог мамандарының жұмысы өлшеусіз. Тынымсыз еңбектің арқасында көптеген ортағасырлық тарихы бар құнды жәдігерлерді табу үстінде. Тарихшылар ою-өрнегі бар ерекше шыны бұйымдарын көрсетті. Аталған бұйымның қалдықтары киіз үйге ұқсас келеді. Оның негізгі түбірі Франция елінен табылған. Бүгінде «Рух» деп аталатын бұйым АҚШ-тағы  музейде сақталған. Осы кезеңге келетін шынылар, монеталар  қышқаладан көптеп табылуда. 

– Біз маусым айының басында келдік. Бір айға жуық уақыт қазба жұмыстарын жүргіземіз. Экспедиция құрамында  Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Д.Тәлеев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің докторанттары А.Молдахмет, И.Құрманиязов, ҚР Ұлттық музейінің қызметкері М.Жүсіпназар, студент Ш.Қалыбай, Евразия ұлттық университетінің докторанты С.Есен секілді кәсіби мамандар бар. Экспедиция барысында сала мамандары жүйелі түрде жұмыс жасауда. Біз бұл жерді Баршынкент атауымыздың себебі жоқ емес. Осы жерден табылған шыны ыдыстардан қала атауы көптеп жазылғандығы кездесуде. Сіздер танысып отырған орын алтыншы қазба болып табылады. 2019 жылдан бері зерттеу жүргізіліп келе жатқан қазба орны алғашқыда 10х10 өлшемде қазылса, биыл құрылыстың қандай мақсатта салынғанын анықтау мақсатында 20х20 көлемде қазу жұмысы жүргізілуде. Аталған орынның қонақ үй немесе тұрғын үй кешеніне ұқсастығы жорамалдануда. Жалпы, қышқалада 11 қазба жұмысы жүргізілген. Барлық қазба орны өз міндеттерін орындаған болып табылады. Осы уақытқа дейін 3 кесене, 1 жерлеу орны, 1 сегіз қырлы құрылыс, 2 тұрғын үй кешені, 1 старификалық тесік табылды, – дейді тарихшы М.Елеуов. 

Біз дала семинарында бірнеше құдық табылғандығын байқаған едік. Сонымен бірге үнемі ескерусіз қалатын оқиғаға тап болдық. Анығын айтқанда, қара археологиямен айналысатын қос азамат құрықталды. Сала мамандары мұндай жағдай жиі кездесетіндігін алға тартады.   
Өз кезегінде  аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Жеңісбек Төрәлиев қышқала жөнінде өз ойларын ортаға салды. 

– Біздің Сыр өңірі қасиетті мекен ретінде саналады. Қышқаланың орны 5 жылдан бері зерттеліп келе жатқанына бек қуаныштымыз. Жыл сайын дала семинарына қатысып, мәдени, рухани, тарихи жәдігерлерге қанығамыз. Сан сағырлық тарихы бар құнды дүниелер – халықтың қазынасы. Біз құндылығы жойылмайтын жәдігерлердің көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Дала семинары барысында Мәдияр Елеуов бастаған экспедиция мүшелерінің табанды еңбегін көрдік. Ерте ғасырлық көне ешкерткіштердің тарихын зерттеп, кейбірін әлем елдерінде кездесетіндігін  анықтаған. Негізінен, «2023 орта ғасырлық Қышқала (Баршынкент) жаңа зерттеулер жүргізілген қазба жұмыстары» тақырыбындағы дала семинарының келер ұрпаққа берері мол. Біз аудан мәдениеті мен тарихынан ерекше орын алатын қышқаланың орны толықтай зерттелуін қалаймыз, – деді аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Жеңісбек Төрәлиев.   

Бұл ретте,  аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова да, қышқалада 5 жы бойы атқарылып келе жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Сыр өңіріндегі Қышқала қалашығы – ерекше сәулет ескерткіштерінің бірі саналады. Негізінен, XIII-ХV ғғ. өмір сүрген қала орны 1243 жылдан бері Қышқала аталып келеді. Қышқала аталуының себебі – қала құрылысы күйдірілген қыштан құрылған. Ол – Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылының маңында 3 шақырымға жуықтайтын жерде орналасқан. Жалпы аумағы 40-50 шақырымды құрайды. 2018 жылдан бастап тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтың жетекшілігімен «Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қызметі» тақырыбы бойынша археологиялық зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Экспедицияға археологтар, жас ғалымдар және жергілікті ауыл тұрғындары тартылған. Сонымен қатар аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қазба барысымен танысып, қатысуда. Экспедиция барысында қабырғасы ою-өрнекпен көмкерілген, бедерленген қыш кесектер, глазурленген күмбездің сынықтары түрлі-түсті мозайкалар, керамикалық қыш ыдыстардың сынықтары және зергерлік бұйымдар табылды. Жыл сайын Қышқала қалашығынан табылған жәдігерлер музей қорына қабылданып, аудан халқына таныстырылып келеді.

 

Тағы да оқыңыз: