Kyzylorda-news.kz.  Білім мен мәдениетті ұштастыру арқылы өнерлі, дарынды, талантты жастарды тәрбиелеу – басты міндет саналады. Халықтың мәдениетін қалыптастыру – сахнадағы әрбір өнерпаздың шеберлігіне тікелей байланысты болмақ. Қай кезде де, мәдениеттің мәртебесін биіктетін кәсіби мамандар дайындаудың маңызы зор. Бұл ретте,  өнерлі өрендерді барынша шыңдауда үйірме қызметіне иек артылатыны белгілі. Сондықтан үйірменің қызметін жандандырып, заманауи бағытта жұмысын үйлестіре білу керектігін айқын сезіне білдік. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен елімізде «Art sport» бағдарламасы қолданысқа енгізілген еді. Жаңа жобаның игілігін көру мақсатында көптеген мәдениет ошақтары жанынан шығармашылық, өнер, спорт орталықтары жұмысын бастады. Осыдан 1 жылдан аса уақыт бұрын аталған бағдарлама шеңберінде Сырдария ауданының 8 ауылын, атап айтқанда Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария, Ақжарма, Асқар Тоқмағамбетов елді мекендерін қамтитын «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде, шығармашылыққа бейім балалармен жұмыс жасау, олардың қабілетін шыңдау, өнерге, білімге баулу жолға қойылды. Қазіргі уақытта, 28 үйірмеде 425 бала тұрақты түрде дәріс алуда. Мәселен, Айдарлы ауылында «Эстрадалық вокал», «Шешендік өнер», «Прима» үйірмесі, «Бисермен өру», «Домбырамен ән салу», «Көркем оқу» «Ұлттық би», «Кескіндеме сурет салу» үйірмесі ашылған. Ал, Жетікөл ауылында «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесі, Бесарық ауылында «Ұлттық би», «Көркем оқу» үйірмесі, Шіркейлі ауылында «Домбырамен ән салу» үйірмесі, Ақжарма ауылынан «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесінің жұмысы жолға қойылған. Сонымен бірге Нағи Ілиясов ауылынан «Домбыра», «Ұлттық би», «Хормен ән салу», «Эстрадалық вокал» үйірмесі, Іңкәрдария ауылынан «Домбыра», «Көркем оқу», «Пернелі аспаптар», «Оркестр, ансамбль», «Ұлттық би» үйірмесі, Асқар Тоқмағамбетов ауылынан «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал»,  «Домбыра», «Кескіндеме және сурет салу» үйірмесі жұмыс істеуде.  

– Негізінен, «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» екендігін жақсы білеміз. Жоғарыда тізбектелген үйірмелерді жүргізу үшін кәсіби мамандарды тарту – басты мақсатымыз болды. Білікті ұстаздармен жан-жақты байланыс орнату арқылы «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының ұжымын қалыптастыра білдік. Білімнің, мәдениеттің негізгі қайнар көзін меңгерген ұстаздар қатарында Зағира Ахметова, Рахия Әбдікәрімова, Ләззат Бекарыстанова, Палкүміс Бахадүрова,  Роза Дүрманова, Әсел Ибраева, Мақсұт Әбсадықов, Алмат Өтеуов, Әділбек Әзімжан, Әбдіқадыр Сарыбаев, Гүлназ Сералиева, Нұрсұлу Ажарова, Әнел Сансызбаева, Кәмшат Қошақова, Айым Арғынбекқызы, Ботакөз Қалиасқарова, Гүлмайра Босатханова, Айкерім Жұмабекова, Қымбат Мырзабпарова, Маржан Әшірапбаева,  Ақтолқын Накипова, Әділхан Қуаңбаев, Аружан Әлішерова, Нұрила Кенесары бар. Шын мәнінде, жұмыс бар жерде нәтиже болу керектегі – заңдылық. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында шәкіртеріміз аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі байқаулардан жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көрінді.  «Балалар жылы» аясында өткізілген аудандық іс-шараларда өнерпаздарымыз белсене өнер көрсетті, – дейді «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева. 

Сырдария ауданына қарасты мәдениет ошақтарында үйірме жұмысы жан-жақты жүргізілген жағдайда балалар өнерге қызыға бастайды. «Art sport» бағдарламасын мақсатты түрде пайдалану арқылы алдағы уақытта бірнеше үйірме ашылғандығын барлық ата-ана қолдайды. Әрбір ауылдың, Тереңөзек кентінің негізгі жұмыс істеу бағытына қарай керекті үйірмелерді ашу – маңызды рөл ойнайды. Мысалы, Іңкәрдария ауылында соңғы жылдары би үйірмесі мүлдем болмаған. Негізінен, барлық мәдениет және клуб үйлерінің жанынан ашылған үйірмелер ауыл балаларының өнерге құштар болуына барлық жағдай жасауда. Мәселен, Жетікөл және Бесарық ауылында «Ұлттық би» үйірмесі жақсы жолға қойылды. Арнайы маманды жұмысқа тарту арқылы керекті үйірмені ашуға мүмкіндік алдық. Әрбір іс-шарада хор айтылса әрине артықтық етпейді. Барлығын ескере келіп, «Хор» үйірмесін ашуға бекіндік. Дәстүрлі музыка ұлтымыздың құндылықтарының бірі саналады. Қазіргі уақытта дәстүрлі ән айтуға машықтанған жастарымыз жеткілікті.

«Art sport» бағдарламасы шеңберінде спорт үйірмелерін ашуды қолға алған болатын. Қазіргі таңда Нағи Ілиясов ауылының жастары тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо, қазақ күресі, таеквондо үйірмесінде жаттығады. Кәсіби мамандар жетістікке жету жолында аянбай еңбек етуде. Байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінуде. 

– Әрине, үйірме жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүру үшін арнайы бөлмелерді материалдық базамен жасақтау күн тәртібінен түспейді. Ең алғаш жекелеген қиындықтарға қарамастан оқушыларға жайлы орта қалыптастыруға тырыстық. Осылайша, 8 ауылдағы үйірмелердің бөлмелерін заманауи талапқа сай жасақтауға жұмыс жасаудамыз. Өткен жылы Айдарлы ауылына 10 дана домбыра, Шіркейлі ауылына 5 дана домбыра, Іңкәрдария ауылына 10 дана домбыра және 1 дана баянға тапсырыс беріліп, алынды. Сонымен қатар жыл көлемінде барлық үйірмеге қажетті құрал-жабдықтар реттілігімен қамтамасыз етілді. Әрбір үйірменің мазмұндылығына сай, көрнекілік құралдар алынды. Арнайы парта, стол, би үйірмесіне лайықтандырылған бағандар, айналар, тақталар алынып, тиісті ауылдарға жеткізілді. Ең бастысы, би үйірмесінің оқушыларына сан түрлі  сахналық киімдер тіктірілді. Атап айтқанда, Айдарлы ауылына 12 дана қазақ ұлтының киімі, 12 дана испан ұлтының киімі, Жетікөл ауылына 6 дана заманауи үлгідегі киім, Нағи ауылындағы домбырашыларымызға 10 ұлттық киімдер, хор айтушыларға арнайы формаға лайықтандырылған 12 киім тіктірілген болатын. Ата-аналармен бірлесіп отырып, Ақжарма ауылының бишілеріне 12 дана қазақ ұлтының киімі, 12 дана орыс ұлтының киімі тіктіріліп берілді. Айта кетейік, Жетікөл ауылының бишілеріне 12 дана қазақ ұлтының киімін тіктіруге тапсырыс беріліп, толықтай алынды. «Шахмат» үйірмесінің арнайы кабинеті ашылды. Сурет үйірмесіне керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта қаржылық мүмкіндіктерге байланысты барлық ауылда үйірмелер материалдық базамен қамтамасыз етіледі. Жыл көлемінде балалардың жоғары деңгейдегі байқауларда бақ сынауы үшін біздің орталықтың тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп отырады. Өз кезегінде барлық ауыл әкімдеріне, жекелеген шаруашылық төрағаларына, мәдениет және клуб үйлерінің директорларына балаларға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз, – дейді Анар Қалдыбаева.  

«Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы 2022 жылды табысты қорытындылады деп сеніммен айта аламыз. 2023 жылы ата-аналармен берік байланыс орнатып, жұмысты жандандыра бермек. Салиқалы, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянып қалмасы анық. Сапалы жұмыс жүргізу мақсатында қолға алынған жоспарлары сәтінен ұйымдастырылса деген тілек бар. 
 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: