Kyzylorda-news.kz Наурыз – бекем бірлік пен көркем тірліктің, жақсылыққа ұмтылу мен игілікті істерге топтасудың ұйытқысына айналған қасиетті ай. Наурыз айымен басталатын биылғы көктем мезгілі қастерлі Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан Сырдария ауданының жұртшылығы жылдағы дәстүрмен ерен еңбектің, мызғымас бірліктің туын биікке көтеруде. Қазір бірқатар шаруашылық ақ егіс жұмыстарына кірісіп, ел қамбасын алтын дәнге толтыруға ниет етіп жатса, ауылдағы ағайын түркі халықтарына ортақ әз Наурыз мейрамын Амал мерекесін тойлаудан, бір-бірінің үйіне қатынап, қауқылдасудан бастап кетті.
Осы ретте шуақты мереке қарсаңында аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар мен Ақтөре Ибрагимұлы Шіркейлі ауылында болып жергілікті қоғамдастық мүшелерімен, ауыл ардагерлерімен емен-жарқын кездесу өткізді. Кездесу еркін форматта ұйымдастырылды.
Алғашқы сөз кезегін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастап, ардагерлердің қоғамдағы рөлі, ел бірлігі, адал еңбектің құндылығы туралы сүбелі ойларын ортаға салды. Мұнан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, қасиетті айда ауыз бекіткен ағайынның дұға-тілегінің қабыл болуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бағындырған белестері туралы кеңінен айтып, аудандық мәслихат депутаттарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде ақпараттармен бөлісті. Қоғамның дамуына әр азамат өз үлесін қосуы қажет екенін баса айтқан Ержан Ертарғынұлы кезінде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған, жақсы көрсеткіштермен озаттар көшін бастаған Шіркейлі ауылы халқының еңбексүйгіштігін, тектілігін жоғары бағалады. Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов пен аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар Наурыз мейрамының түпкі мәні мен отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, ұстаздардың қоғамдағы рөлі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзылықты болдырмау мен алдын алу төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды.
Еркін форматта ұйымдастырылған жиында жергілікті қоғамдастық мүшелері мен ауыл ардагерлері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тұрғындар ауылды газдандыру мәселесі ертерек шешілсе, мал жайылымдық жердің көлемі артса және каналдарды тазарту мүмкіндігі қарастырылса деген ұсыныстарын айтты. Мұнан бөлек заң үстемдігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмаған жастардың тәрбие мәселесі өзекті екенін атап өтті.
Мереке қарсаңында ұйымдастырылған жиын соңы қазақ халқының игі дәстүрі негізінде ауыл ақсақалдары ақ батасымен қорытындыланды. Ауыл ардагерлері ортақ мәселелер төңірегінде ой бөліскен азаматтардың жұмысына сәттілік пен абырой тіледі. Сондай-ақ бір-бірін сәні мен салтанаты жарасқан Наурыз мейрамымен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күйде тарасты.